«0-0-24»: ҰТЫМДЫ ШЕШІМ БЕ, ӘЛДЕ ҚАРЫЗДЫҢ ҚАМЫ МА?

Бүгінгі таңда көбі тауарды бірден қолмақол ақшаға ала алмайды. Себебі жалақылары қажеттіліктеріне жетпей жатады. Азық-түлік пен киім-кешекті несие арқылы бірнеше айға бөліп төлейтіндер көбейген. Оқу жылы жақындағанда, ата-аналар балаларын мектепке дайындау үшін осы қызметті жиі пайдаланады. «Kaspi жұма» науқаны жыл бойы тағатсыздана күтетін жағдайға айналып, тұрмыстық техника, жиһаз, құрылыс материалдары, автокөлікке арналған тауарлар мен әшекей бұйымдарды артық шығынсыз сатып алуға таптырмас мүмкіндік болған. Ерекшелігі сол, бастапқы жарнасыз, пайызсыз екі жылға бөліп төлеу мүмкіндігі бар. Сондықтан қараша халыққа бұл үш күндік науқан, көкейде жүрген тауарды алу үшін үлкен мүмкіндік. – «0-0-24» науқаны шынымен қолайлы. Мысалы, үйіміздің іргесін жаңадан қалаған соң, ішіндегі жиһаздар да соңғы үлгіге сай болсын дедік. Сөйтіп, үйге керек-жарақтыны осы науқанмен алдық. Несиеге алғанда, банктің пайыздық мөлшерлемесі қосылып, ай сайынғы төлем екі есе жоғары болар еді. Мұндай науқандарды басқа банктер де ұйымдастырса артық болмас. Себебі жалақысына қымбат тауар ала алмайтын тұтынушылар үшін бұл өте ыңғайлы. Тауарды қазір алып, бағасын кейін төлейсің. Бөліп төлеу үшін банкке барып, құжаттар көрсетудің де қажеті жоқ, – дейді көпбалалы ана Айгерім Аяп. Кейбір тұрғындар жарнамасы кеңінен таралған науқандардың кейбір тауарлардың нарықтағы бағасына теріс әсер ететінін айтуда. – Көлігіме қозғалтқыш алмақшы болдым, бірақ «0-0-24» науқанының әсерінен оның бағасы қымбаттап кеткенін байқадым. Бұрын дүкенде 550 мың теңге болса, қазір 600 мыңнан асып кетіпті. Қолма-қол ақша болмаса, оны екі жылға бөліп төлеу тиімді шығар. Бірақ жұрттың сатып алу мүмкіндігі жоғары екен деп, тауар бағасын негізсіз өсіру дұрыс емес, – дейді кент тұрғыны Азамат Дәулетұлы. Кейбір олқылықтары орын алса да, үш күндік науқан барысында 2 миллионнан астам тауар сатылады екен. Бұл сатып алушылар үшін тиімді сауда жасау кезеңі, ал шағын және орта бизнес үшін сатылымның күрт өсу уақыты. Тіпті сауда орындарындағы тұтынушылар санының артуы мен банктің постаматтарындағы орын тапшылығы осы науқанға деген жоғары сұранысты білдірсе керек. Көпшілік «0-0-24» науқанының тауар сомасын 24 айға артық үстеме ақысыз бөліп төлеуін тиімді деп есептейді. Шынында, бұл тауарлық несиеге қарағанда арзан. Мысалы, Айфон 14 қазір 516 420 теңге тұрады. Тауарлық несие арқылы екі жылға алсаңыз, әр ай сайын 32 673 теңге төлеу керек, яғни үстінен 267 732 теңге қосымша төлем жасайсыз. Ал «0-0-24» науқанында бөліп төлеу кезінде ай сайынғы төлем 21 518 теңге болады. Бұл жағдайда айына 11 мың теңгеден астам үнемдейсіз. Алайда банктердің өз қулығы да бар. Пайызсыз бөліп төлеу кезінде де нақты пайыздық мөлшерлеме есептеліп тұрады. Бірақ ол тұтынушыға ашық көрсетілмейді. Мысалы, Айфон 14 «Kaspi Жұма» науқанында 20-25 мың теңге көлемінде пайыз қосылып есептеледі, бірақ оны тек соңғы бағадан көруге болады. Несиені мерзімінен бұрын өтегіңіз келсе, бастапқы бағаға қосылған пайыз есепке алынбайды. Ал тауарлық несие рәсімдеген жағдайда мерзімінен бұрын төлесеңіз, банк пайызды қайта есептейді. Сонымен «0-0-24» науқанында қарызды қай уақытта қайтарсаңыз да, қаржылық тұрғыдан ұтпайсыз. Тек қарызды бір жыл ішінде өтеп, мерзімін қысқартсаңыз ғана ұтуыңыз мүмкін. ¬– Бөліп төлеу науқандарының жарнамасы кеңінен тарағанымен, оның тиімді тұстары да бар. Мұндай маркетингтік қадам тұтынушыларда сауда жасау оңай әрі ыңғайлы деген пікір қалыптастырады. Алайда, тауарды оп-оңай алғанмен, оның қаржылық жүктемесі бар екенін ескеру керек. Тегін нәрсе жоқ: екі жылдық төлем мерзімі, коммуналдық шығындар, ипотека және басқа да несиелерді қосқанда, бұл салмақты қаржылық жүк болуы мүмкін. Жарнаманың жетегіне еріп, кейін қарызын өтей алмай, несие тарихын нашарлатқан адамдар көп. Сондықтан, әр сауданы салмақтап, шешім қабылдаған жөн, – дейді экономист Назар Мұқан. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі де Ұлттық банкпен бірлесіп, Kaspi Bank-тің бөліп төлеу жарнамасындағы «0-0-24» тұжырымын зерделеп жатыр. Ведомство мұндай тұжырым кезінде тұрғындарға оның шарттары жайлы толыққанды ақпарат берілуі тиіс деп санайды. – Жарнама — сауданың қозғаушы күші. Ал сауда — экономиканың үлкен бөлігі. Жалпы, ішкі өнімнің 17 пайызы — сауда. Сондықтан жарнаманы мүлдем шектеу ақылға қонымсыз болар еді. Дегенмен, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің «0-0-24» стандартты цифры халық үшін толық жазылуына қатысты жоспары бар. Өйткені, кей адамдар 3 цифрды көрген кезде науқанның тереңіне үңіле бермейді. Қаржылық сауаттылығы жоғары деңгейде болмаса, оның мән-жайын жіті түсінбеуі де мүмкін. Әрине, содан кейін шама-шарқы келе қоймайтын шешім қабылдауы ықтимал. Осы орайда біз шешім қабылдауға көмектесеміз. Ол үшін науқанның шарттарын жан-жақты түсіндіруіміз керек. Адамдар не істеп жатқанын, бөліп төлеудің қандай шарттары барын, оны кейін қалай қайтарып, төлейтінін түсінуі үшін банк тарапынан ашықтық керек, – дейді Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов. Әрине, тұтынушылардың қаржы жағдайын ескере отырып, қандай да бір тауарды алу немесе бөліп төлеу мүмкіндігін шектеу мүмкін емес – бұл әр адамның жеке таңдауы. Дегенмен, «тегін» деп саналатын тауарды алған кезде, екі жыл бойы оның қаржысын ай сайын қайтару қажеттігін естен шығармау маңызды.
Сұлушаш БАХТИЯРҚЫЗЫ