ЖАЙЛЫ НЫСАН – ЖАҚСЫ НЫШАН

Алғашқы кезекте олар «Болашақ» дәрігерлік амбулаториясының жағдайын қарап шықты. Бұл ғимараттың көп уақыттан бері қызмет көрсетіп келе жатқандығы белгілі. Бірақ қазіргі таңда ғимараттың жағдайы ескіріп, толық күрделі жөндеуді қажет еткен. Амбулаторияның жөндеу жұмыстарына бөлінген қаражат көлемі 258 млн теңгені құрайды. Аудандық көпбейінді орталық ауруханасының бас дәрігері Алмас Әбілпаттың айтуынша, жөндеу жұмыстары шілде айына дейін аяқталып, амбулатория қайтадан халыққа қызмет көрсетуге дайын болады. Бұл жоба аудан тұрғындарының денсаулығын жақсарту мен әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам болып табылады.
Келесі кезекте апта басында жаңа ғимаратта жұмысын бастаған Шиелі аудандық халыққа қызмет көрсету орталығы. Бұл жаңалық көпшіліктің назарын аударды. Себебі ғимараттың көшуі айтарлықтай маңызды болды. Байырғы ғимараттың тарлығынан және орталықтың қызметіне деген сұраныстың артуынан жаңа орын таңдалды. Жаңа ғимарат кең әрі заманауи инфрақұрылыммен жабдықталған, барлық қажетті құралжабдықпен қамтамасыз етілген. Мұның нәтижесінде қызмет көрсету сапасы артып, кезек күту уақыты қысқарады. Бұл жаңалықтың тағы бір артықшылығы – халыққа қызмет көрсету орталығы мен басқа да маңызды мемлекеттік қызметтер бір ғимаратта шоғырланған. Бұрын азаматтар әртүрлі мекемеге барып, уақыт жоғалтып жүрсе, енді барлығы бір жерде, қолжетімді. Жаңа ғимаратта бес негізгі сала біріктірілген: халыққа қызмет көрсету орталығы, әлеуметтік қамсыздандыру бөлімі, жер кадастрі, мемлекеттік тіркеу және жылжымайтын мүлікті техникалық тексеру қызметтері. Бұл тұрғындар үшін үлкен жеңілдік. Аудандық халыққа қызмет көрсету о р т а л ы ғ ы н ы ң ж а ң а к е ң с е с і о б л ы с орталығындағы «Азаматтарға арналған үкімет» филиалының шағын көшірмесі іспетті. Ғимарат екі қабаттан тұрады. Айналасын кеңейтіп, абаттандыру жоспарда бар. Сондайақ Тәуелсіздік көшесі бойының сол жақ бетімен «Шұғыла» балабақша бағытына қарай үлкен алаң ашылып, автотұрақ орны жасалмақ. Тап сол сәтте бұл мекемеге келушілердің жайлылығын арттырады. Осы тұста міндетті түрде ескере кететін жайт, кент халқының тең жартысы теріскей бетте тұрады. Шанхай, Көкшоқы, Алғабас, Бестам, Телікөл сияқты елді мекендер солтүстікбатыс жақтағы қақпадан кіргені тиімді. Ендеше көпшіліктің шетке кетіп қалды деп шулауына еш себеп жоқ. Бұл орталықтың стратегиялық тұрғыдан дұрыс таңдалғанын көрсетеді. Келешекте бұл маңда оқушылар үйі ғимараты, газ мекемесі, аудандық полиция бөлімінің орын тебуі – бұл халыққа қызмет көрсету орталығының тиімділігін одан әрі арттырады. Бұған қоса, орталық айналасында жүргізіліп жатқан абаттандыру жұмыстары, көлік тұрағы мен алаңның кеңеюі – келушілерге қосымша ыңғайлы жағдай жасайды. Қорытындылай келе, Шиелі аудандық ХҚКО-ның жаңа ғимаратына көшуі – уақытылы және дұрыс қабылданған шешім. Бұл өзгеріс болашақта көптеген оң нәтиже береді.
Сұлушаш МАДИЯРОВА