Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ШИЕЛІНІ ЖАСЫЛ ЖЕЛЕККЕ БӨЛЕУ ӨЗ ҚОЛЫМЫЗДА

ШИЕЛІНІ ЖАСЫЛ ЖЕЛЕККЕ БӨЛЕУ ӨЗ ҚОЛЫМЫЗДА

Биыл жылан жылының қысы жылылық танытты. Табиғаттың жайлы күндерін бастан кештік. Адамзаттан жанжануар, өсімдіктерге дейін тіршілік сезімін сездіретін көктем айының шығуына да бірнеше күн қалыпты. Оны сезініп те отырмыз. Көптен күткен көктем бізге несімен қымбат? Көктемде төрт түлік төлдейді, құстар елге оралады, ағаштар көктеп, өсімдіктер қылтияды, шаруа қожалықтары егіс даласына шығып, жер жыртып, алғашқы дәндерін себеді. Аудан, кент және ауыл тұрғындары аулаларын тазалап, есіктерінің алдын көгалдандырумен айналысады. Саялы және жеміс ағаштарының көшеттерін отырғызып, гүлзарларға айналдырады. Бұл – біздің аудан тұрғындарының жылдағы әдеті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен басталған «Таза Қазақстан» бүкілхалықтық акциясы жалғаса беретіні аян. Әр азамат ауласын, көшесін күл-қоқыстан тазартып жатса, қандай жарасымды. Кентіміз, ауылдарымыз көкке оранып жайқалып тұрмай ма? Сондықтан да көктем – нағыз қайнаған еңбек мезгілі. Оны ұтымды пайдалану – баршамыздың міндетіміз. Аудан ардагерлері де, жастары да бұл істен бойларын аулақ салған емес. Қолдан келгенше өзгелерге үлгі болуға тырысуда. Аудан әкімі Айтбай Насриддинұлының жағымды да орынды жасап жатқан тірліктеріне қолдау білдіре отырып оған атсалысу – азаматтық борышымыз. Шиелі көріктеніп көркейсе, жасыл өлкеге айналса, мәдениеті мен экономикасы дамыса, одан артық бізге нендей қуаныш керек? Бұл аудандық ардагерлер кеңесінің тұжырымдамасы. Деніміз сау болса, елге қызмет ете беруге әрқашан даярмыз. Алаштың айбары Әлихан Бөкейхан кезінде «Тірі болсам қазаққа қызмет етпей қоймаймын» деген екен, сондай-ақ бұндай жалынды сөз әрбір шиеліліктің жүрек төрінен орын алғанын қалар едік. Туған жеріне жаны ашитын азаматтар жетерлік. Соның бірі – кенттегі С.Сейфуллин көшесі бойындағы тіс емханасының меңгерушісі – Бағдат бауырымыз. Ол өткен жылы көше бойындағы дүкеннің алдындағы асфальтты ойып, тұт ағашының көшеттерін отырғызған еді, сонымен қатар емхана жағына да қатарымен осылай етті. Нәтижесінде көшеті көктеп, көше сәнін келтіріп-ақ тұр. Оған алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Кентке кіре беріс үлкен де ұзын көше – қазақ тілінің атасы, әліппенің әкесі – Ахмет Байтұрсыновтың атында. Осы көше қарасаңыздар, атына заты сай болмай тұр. Неге? Өйткені, жалаңаш. Тұла бойы ағаш көрмейсіз. Көше бойына басынан аяғына дейін екі жағына кәсіпкерлердің мекемелері орналасқан. Айналасын асфальттап тастаған. Соны сылтау еткен олар көше жаққа көшет отырғызуға құлықсыз. Адамның қолынан барлық нәрсе келеді.
Тек ниет білдірсе болғаны. Сондықтан ертеңгі көктемді пайдаланып, аудан және кент әкімдігі Бағдаттың әдісін қолданып, мекемелерге, кәсіпкерлерге ағаш егуді міндеттеу керек сияқты. Әйтпесе, көлеңкесіз көше ауданға келген қонақтардан да, тегі А.Байтұрсыновтан да ұятты болып тұрғандай. Сонымен қатар Әл-Фараби көшесінің екінші бетіне де арық тартылып ағаш егілсе, қатып кетер еді деп қиялдап қоямыз. Қиял арманға ұласып, арман орындалып жатса, тұрғындар да өздерін бақытты санайтыны анық. Осы жерде қызылордалық Кеңесбек деген курстасымның Ташкентте тұратын Сансызбай атты досын іздеп барып, қалай тапқаны жайында айтқан әңгімесі есіме түсе кетті. «Өзбекстанның астанасы Ташкент үлкейіп кеткен. Мекенжайы бойынша көп іздеп жүріп алдым. Чапаната көшесін тауып, кездесе кеткен бір өзбектен «осы көшеде Сансызбай дейтін қазақ тұра ма? деп сұрап едім. Иә, білемін, осы жолмен жүре берің, жүре берің... Оң жақта есігінің алдында бірде-бір дағы (ағашы) жоқ үй кездеседі, Сансызбай аканың үйі демесі бар ма? Досыммен құшақтасып амандасып, ой, Алла-ай, деп жатырмын. Өзбегім дәл айтыпты. Үй алдында қақиған сарайы мен көлігі тұратын гаражы ғана көзіме түсті. Күліп жібердім. Сансызбай «неге күлдің?» деп қояды. «Қуаныштан» дедім, не дейін? Ауласына ағаш екпей өзбекке күлкі болған осындай Сансызбайлардан Құдай сақтасын» деп, Кеңесбектің айтқанына мен де мырс еткен болатынмын. Құрметті де қадірлі аудан, кент, ауыл тұрғындары! Көңілді көктем келіп қалды. Қамсыз отырмаңыздар, күректеріңіз ұштаулы, кетпендеріңіз қайраулы, сыпырғыларыңыз қарулы болсын. Себебі сіздерді, біздерді алда үлкен еңбек майданы – елді мекендерді көгалдандыру, көркейту, тазалық сақтау жұмыстары күтіп тұр. Көктем мезгілі тұра бермейді. Оны тиімді пайдалану үшін шат қимыл, іскерлік танытуымыз керек. Аудан ардагерлерінің тілегі де, өтініші де, қоғамдық сұранысы да – ортақ мәселе. Біз сіздерді бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруға, бірлік пен ынтымақта болуға шақырамыз. Еңбекке деген шабыттарыңыз шалқи берсін деймін!

Өркен ИСМАИЛ,
аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы,
Шиелі ауданының құрметті азаматы
25 ақпан 2025 ж. 57 0