Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » БОЙДАҚТАР САЛЫҒЫ ДЕМОГРАФИЯЛЫҚ АХУАЛҒА ӘСЕР ЕТЕ МЕ?

БОЙДАҚТАР САЛЫҒЫ ДЕМОГРАФИЯЛЫҚ АХУАЛҒА ӘСЕР ЕТЕ МЕ?

Жылан жылы басталғалы «бойдақтар мен баласыз отбасыларға салық салу» идеясы жиі талқыланып жүр. Бұл пікірді алғаш рет елімізге танымал демограф Мақаш Тәтімов көп қозғайтын-ды. Оның айтуынша, демографиялық ахуалдың жақсаруына бағытталған бірнеше шара болуы керек. Солардың бірі – салық салу мәселесі.
Бұл пікірдің Парламент мінберінде айтылғаны туралы да ақпараттар пайда болды. Пікірталас тудырған бұл мәселе қоғамда әртүрлі көзқарасты туғызуда. Мамандардың айтуынша, қазіргі таңда отыздан асқан адамдардың көпшілігі отау құруға асықпайды. Сонымен қатар шаңырақ көтергендер арасында балалы болудан бас тартатын ерлізайыптылардың саны да артып келеді. Бұл жайтты кейбіреулер еркіндік деп түсінсе, енді біреулері оны еріккендік ретінде бағалайды. Егер бұл шешім денсаулыққа байланысты болса, оны түсіну қиын емес. Алайда мансап қуып, материалдық жағдайды жақсартуға ұмтылған адамдардың балалы болудан бас тартуы да кездеседі. Бұл жағдайда салық енгізу қандай нәтиже беретінін болжау қиын. Демографиялық ахуалды түзету үшін нақты бір шараның әсерін анықтау күрделі мәселе. Салт бастылар мен баласыз отбасыларға салық салу идеясы қоғамдағы белгілі бір әлеуметтік топтарды ынталандыруға бағытталуы мүмкін. Бірақ мансап қуып, жеке өміріне басымдық беретін адамдарға бұл шараның қаншалықты тиімді болатыны белгісіз. Сондықтан мұндай салықтың демографиялық ахуалға қандай әсері болатыны туралы әлі де көп талқылау мен зерттеу қажет.
Кеңестік кезеңде, әсіресе Ұлы Отан соғысынан кейінгі уақытта, өзімшілдер мен қоғамға немқұрайлы қараушыларға қарсы түрлі шара қолданылды. Сол кезеңде Сталин «бойдақтық салығын» енгізді. Бұл шараның басты мақсаты соғыста көп боздақтың майданнан оралмауы салдарынан жесір қалған әйелдердің жағдайын жақсарту және демографиялық ахуалды реттеу болды. Соғыстан кейінгі ауыр кезеңде елімізде көптеген ер азамат қаза тауып, нәтижесінде көптеген әйел жесір қалды. Осылайша, қоғамдағы демографиялық теңгерім бұзылып, еркектердің саны айтарлықтай азайды. Сталиннің бойдақтық салығын енгізуі осы мәселені шешу мақсатында қолға алынған саясат еді. Бұл салықтың мәні – өзі үшін өмір сүретін, қоғам алдындағы міндетін елемейтін адамдарға қаржылық салмақ түсіру арқылы оларды жауапкершілікке тарту болды. Көзкөргендер бұл саясаттың өз жемісін бергенін айтады. Әрине, сол кездегі жағдайды қазіргі көзқараспен бағалау қиын. Бірақ сол кезде қабылданған шаралар қоғамдағы демографиялық дағдарысты біршама тоқтатуға көмектескен деп саналады. Қазіргі таңда еліміздегі бала туу деңгейі алаңдатарлық жағдайда. Сарапшылардың болжамынша, бала туу көрсеткіші 2027 жылға дейін төмендеп, демографиялық дағдарысқа ұшырамақ. Бұл мәселеге қатысты ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айдос Сарым өз пікірін білдіріп, бала туу деңгейін салық салу арқылы шешу мүмкіндігі екіталай екенін атап өтті. Оның айтуынша, демографиялық ахуалды тек экономикалық немесе қаржылық шаралармен өзгерту қиын. Өйткені бұл мәселе терең әлеуметтік, мәдени және психологиялық факторларға байланысты. Сондықтан салық салу арқылы бұл проблеманы шешу орнына, қоғамның әртүрлі тобын жан-жақты қолдайтын кешенді шаралар қажет. – Біздің міндет – адамды үйленуге, тұрмыс құруға, бала сүюге мәжбүрлеу немесе зорлау емес. Қазір халқымыздың денсаулық жағдайына көбірек мән беру қажет. Бүгінде жап-жас қызжігіттердің де денсаулығы сыр беріп жатыр. Жастар арасында бедеулік жиі кездеседі. Сондықтан демографиялық ахуал мәселесінде салықтан келіп-кетер пайда бола қоймас, – дейді мәжілісмен. Бойдақтық салығы мәселесін жыл басында тағы бір Мәжіліс депутаты Болат Керімбек қайта көтеріп, қоғамда белең алған кеш үйлену үрдісіне алаңдаушылық білдірді. Оның пікірінше, соңғы жылдары жастардың үйлену жасы әжептәуір кешігіп, бұл демографиялық ахуалға теріс әсер етіп жатыр. Осы мәселеге қатысты депутат бойдақтық салығын салуға қарсы емес. Өйткені оның ойынша, мұндай шара салт бастыларды үйленуге ынталандырып, жағдайды түзетуге септігін тигізуі мүмкін. Осы тұста пікір екіге жарылады. Мәселен, демограф Әзімбай Ғали бойдақтарға салық салудың тиімділігіне күмән келтіреді. Оның айтуынша, отбасылы болғысы келетін адамдар салыққа қарамайды. Себебі олар жанұя құруға басқа себептермен шешім қабылдайды. Ол салық арқылы мемлекет қазынасын толтыру идеясының орынсыз екенін және салт бастыларға салық салу олардың отбасылы болуына әсер етпейтінін айтады. Сонымен қатар демограф қазіргі уақытта некелердің көбейіп жатқанын атап өтіп, бұл үрдістің демографиялық дүмпудің екінші толқынының әсерінен орын алып жатқанын жеткізді. Оның пікірінше, қазіргі кезде бойдақтарға салық салудың қажеттілігі жоқ, ал болашақта жағдай қалай өзгеретіні әлі белгісіз. Бойдақтар бұл бастаманы қолдамайтынын ашық айтады. 38 жастағы Ахмедияр Аяпов, жауапты қызмет атқарса да, әлі көңіл қалауындағы қызды кездестіре алмай үйленбей жүргенін жеткізді. Оның пікірінше, үйленбеудің себебі әркімде әртүрлі. Сондықтан салық салу бұл мәселені шешпейді. Ахмедияр салық төлеу арқылы үйленуді міндеттейтін бастаманы «табылған ақыл» деп атауға болмайды дейді. Оның көзқарасы бойынша, ол тек өзінің қалауына қарай, өз жүрегіне ұнаған қызды кездестіргенде ғана үйленуге шешім қабылдайды. Сондықтан бойдақ екенмін деп салық төлемек емес. Қазіргі қоғамда сүрбойдақтар мен кәрі қыздардың санының артуы біршама алаңдаушылық тудырып отыр. Көптеген жан үйленуді емес, тек материалдық байлыққа қол жеткізуді мақсат етіп, сол үшін бейнет көруге дайын. Тап осы тұста шариғат заңдары мен рухани тәрбие, қазақы салт-дәстүр материалдық жағдайдың табанында жаншылып жатқанына қарның ашады. Түзетуіміз тиіс мәселе де осы болса керек-ті.
Сұлушаш МАДИЯРОВА

23 ақпан 2025 ж. 47 0