Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ТӘРБИЕ ӘЛСІРЕП, ҚЫЛМЫС КӨБЕЙДІ

ТӘРБИЕ ӘЛСІРЕП, ҚЫЛМЫС КӨБЕЙДІ

Жасөспірімдердің қылмысқа бой ұруы – қоғам үшін ауыр сын. Бұл – қай кезде де өткір әрі өзекті мәселе. Жас өскіндердің теріс жолға түсуіне қандай факторлар әсер етуде? Осы маңызды сұраққа жауап іздеп, өткен жұма күні аудандық прокуратура, полиция бөлімі мен аудан әкімінің орынбасары Алмат Алдабергеновтің төрағалық етуімен кәмелетке толмағандар және оларға қарсы жасалатын қылмыстардың алдын алу бағытында кеңейтілген жиын өтті.  Мақсат – жасөспірімдер арасындағы қылмысқа жол бермеу, оларды теріс әрекеттерден сақтау және қоғамдағы құқықбұзушылықтарды төмендету. Онда арнайы мамандар мен жауапты тұлғалар жасөспірімдерге қатысты қылмыстардың алдын алу бойынша шараларды талқылап, жүзеге асыру жолдарын белгіледі. Жиынға аудан прокуроры Қ.Мүтәліпұлы, аудандық полиция бөлімінің бастығы Б.Мұханов, «Сенімен Болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігі Қызылорда облыстық филиалының басшысы Ш.Қаратайұлы, аудандық білім бөлімінің басшысы Д.Насибеков, аудандық көпбейінді орталық ауруханасының ана мен бала денсаулығын қорғау жөніндегі орынбасарының міндетін атқарушы Б.Әбдрахманқызы, аудандағы барлық орта мектептің директоры мен олардың тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасарлары, жоғары сыныптардың атааналар комитеттерінің төрағалары мен БАҚ өкілдері қатысты.
ҚЫЛМЫС ҚАЙДАН ШЫҒАДЫ?
Әр күн сайын «өлтіріп кетті», «зорлап кетті» деген ақпарат ағынының ауқымынан көз сүрінеді. Өкінішке қарай, бұл қылмыстарға қазір жасөспірімдер де қосылып, бесіктен белі шықпаған балалар «білек сыбана» қатысуда. Сорақысы сол, мектеп оқушыларының бір-біріне қару жұмсауы – күнделікті көрініске айналып барады. Бұл – тек заңның емес, моральдық құндылықтардың да жұтаңданғанының айқын белгісі. Жасыратын несі бар, өткен жылы Сырдария ауданының Амангелді ауылындағы, Қызылорда қаласының Белкөл кентіндегі, Шиелі ауданының Қодаманов ауылындағы бала өлімі – ешкімді бей-жай қалдырмағаны ақиқат. Осы оқиғалар жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың қаншалықты қауіпті екенін көрсетеді. Мұндай қадам – қаймағы бұзылмаған, қалың қазақ ұйысқан Сыр жұртшылығы үшін үлкен сынақ. Нақ осы мәселеге қатысты аудан прокуроры Қанат Жантөреев те пікір білдірді. – Ауданымызда бала құқықтарын қорғау бағытында көптеген жұмыс атқарылып жатқанына қарамастан, бұл саладағы қылмыстардың артуы бізге алаңдаушылық тудырады. Білім беру ұйымдары тарапынан оқушылардың қатысуымен орын алған барлық құқықбұзушылыққа назар аударсақ та, ең ауыр санаттағы қылмыстардың өсуі біздің жұмысымыздың нәтижесіне күмән туғызады. Мәселен, өткен жылы №158 орта мектебінің оқушылары арасында орын алған оқиға мен №149 мектептің сыныптастары арасындағы жағдай бәрімізге мәлім. Өкінішке қарай, биыл жыл басында №127 мектеп-лицейінде оқушының дене жарақатын алу арқылы тағы бір қылмыс тіркелді. Бұл жағдайлар ауданымызда мектептерге қатысты прокуратура, полиция, медицина және білім бөлімі тарапынан тұрақты түрде профилактикалық жұмыстар жүргізілсе де, ауыр қылмыстардың көбейіп жатқанын көрсетеді. Аталған қылмыстардың барлығы өзара ерегіс пен араздықтан туындағанымен, жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен зорлық-зомбылықты болдырмауға бағытталып, атқарылып жатқан шаралар да жоққа шығарылмауы керек, – деді.
Бүгінде аудан прокуратурасымен «Бақытты және қауіпсіз балалық шақ» жобасы бойынша мобильді топ құрылып, аудан көлемінде әр мектеп бойынша әлеуметтік паспорттар әзірленіп, ондағы жасөспірімдер арасында мінез-құлқы ерекше балалармен, қараусыз және қолайсыз отбасында тәрбиеленіп жатқан балалар арасында қылмыстық құқықбұзушылықтардың алдын алу, жасөспірімдердің құқықтарын қорғауды күшейту үшін тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл, суицидті болдырмау жөнінде жергілікті атқарушы және уәкілетті органдармен бірлесіп іс-шаралар атқарылуда.
АХУАЛ АЛАҢДАТАДЫ
Қ а з і р г і д е й қ о й ү с т і н е б о з т о р ғ а й жұмыртқалаған заманда «үлкенін қойып, баласы қылмыс жасайтындай басымызға не күн туды?» деген сұрақ туындайды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша: «Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы – біздің жалпыұлттық міндетіміз». Осыған орай балаларға жол ашу үшін барлық жағдайды жасауымыз қажет. Бұл – елдігімізді бекітетін бұлжымас қағида. – Профилактикалық іс-шара нәтижесінде өткен жылы кәмелетке толмағандар арасында жалпы 885 құқық бұзушылық анықталды. Оны саралағанда 15 дерегі ортақ пайдаланатын орындарды ластау, 5 дерек тыйым салынған қоғамдық орындарда темекі бұйымдарын шегу, түнгі уақытта заңды өкілсіз ойын-сауық және тұрғын жайдан тыс жүрген 646 бала және тәрбиелеу мен білім беру жөніндегі міндеттерді орындамаған 39 ата-анаға әкімшілік шара көрілді. 2024 жылы 8 кәмелетке толмаған жасөспірім ішкі істер органдарының тізімдік және профилактикалық есебіне алынған. Сондай-ақ полицияның есебіне алынған 8 жасөспірім және міндеттерін орындамаған 5 атаананың мекен-жайын аралап, әрбір тұлғамен профилактикалық жұмыстар жүргізілді. Осы жерде айтып өтетін негізгі мәселе бұл балалардың жол-көлік травматизмі. Атап айтқанда, өткен жылы олардың қатысуымен 4 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, өкініштісі 1 бала қаза тапты. 3-еуі әртүрлі дене жарақатын алды, – деді аудандық полиция бөлім штабының аға инспекторы, полиция аға-лейтенанты Мейіржан Бауыржанұлы. Шымбайға батқаны, өткен жылы аудан көлемінде кәмелеттік жасқа толмағандарға қарсы жасалған қылмыстар саны 14 дерекке артқан. Бұл қылмыстардың өсім алғанын байқатады.
АЛАЯҚТЫҢ АРБАУЫНА ТҮСПЕҢІЗ...
Қай қоғамда да алдау, сенімді бұзу, бөтен мүлікті ұрлау – қылмыс. Ал қазіргі уақытта ең қауіпті қылмыс түрі – интернет алаяқтық. Тұрғындар арасында бұл мәселе туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілсе де, адамдар оңай табыс табу, арзан зат сатып алу мақсатында алаяқтардың тұзағына түсіп жатыр. Аудандық полиция бөлімі штабының аға инспекторы, полиция аға-лейтенанты Мейіржан Бауыржанұлы мәлім қылғандай, есепті кезеңде 37 алаяқтық қылмысы тіркелген. Олардың көпшілігі интернет алаяқтар. Аудан аумағында алаяқтық қылмыстарға қарсы іс-қимыл шараларының тиімділігін арттыру мақсатында «Хай-теч» және «Антифраут» жедел-профилактикалық іс-шаралары іске асқан. Нәтижесінде, 37 алаяқтық қылмысының 33-і ашылып, сотқа жолданыпты. – Инстаграм желісінде @сyberpol_kzo атты парақша ашылып, онда облыс тұрғындарына алаяқтық қылмыстарының жаңа тәсілдері жөнінде және алаяқтардың арбауына түсіп қалмау жайлы түсіндірмелік бейнероликтер үнемі жарияланып, сақтық шаралары ескертіліп келеді. Интернет алаяқтарға тосқауыл қоюдың бір ғана жолы бұл – бір-бірімізге жанашырлық танытып, қаражатымыздың қауіпсіз сақталуы үшін сақтық шаралары туралы кеңінен насихаттап, ескерту болып табылады, – деді баяндамашы.
БАЛАҢЫЗ ҚАЙДА ЖҮР?
Жазира Ұланқызы, кент тұрғыны, 14 жастағы жасөспірімнің анасы: – Бірде балам түнделетіп көшеде жүргені үшін полициядан ескерту алғанымыз бар. Әрине, ол ата-ана үшін үлкен мәселе. Шынымды айтсам, ұяттан жерге кіріп кете жаздадым. Баламыздың дұрыс жолдан таймағанын қалаймыз. Десе де, кейде қиылып сұранған соң, кешкілік жүріп келуге жібереміз. Соның аяғы міне осындай болды. Барынша түсіндіріп, ұғындыруға тырысамыз. Баламыз өзіне сабақ ала білді деп ойлаймын. Балаға ең бастысы ненің дұрыс, бұрыс екенін ұрыспай, ұрмай, үлкен адамша түсіндіре білу керек деп ойлаймын. «Болмайды» деген сөздің мағынасын бала ұғып өсуі қажет. Біз, ата-аналар жауапкершілікті мойнымыздан түсірмей, өз міндетімізді орындауымыз керек. «Баланы жастан» деген қағиданы мейлінше қаперден шығармаймыз. Қазір баламыздың қайда жүргенін бақылап отырамыз. Әрбір жарты сағат сайын хабардамыз. Әкесіне кәдімгідей есеп беруге де үйреттік. Айналасындағы достарын да жақсы білеміз. Бұл – қандай да бір қауіптің алдын алуға көмектеседі де сенеміз. Айгерім Аяпова, аудан тұрғыны: – Тәрбие отбасынан басталады. Егер ата-ана отбасындағы үлкендерді сыйлап, құрметтесе, кішілерге қамқор болса, бала да сондай болуға ұмтылады. Біз өз баламыздың – айнасымыз. Олар бізге қарап бой түзейді. Балаларыма үнемі ата-анаңның атына кір келтірме, «көргенсіздің баласы» деген сөзді естіртпеуге тырыс деп айтып отырамын. Бала болғасын шалалығы да болады. Сол себепті ұдайы қадағалауда ұстаймыз.
ЕРТЕ ЖҮКТІЛІК ЕКІ ЕСЕГЕ АРТҚАН
Ерте жастан жүкті болу ең өзекті мәселеге айналып барады. Өйткені соңғы жылдарда жас бойжеткендердің ерте жаста ана атану көрсеткіштері өскен. Фактпен сөйлесек, 2024 жылдың алғашқы алты айында Қазақстанда мыңнан астам ерте жүктілік жағдайы тіркеліп, оның 170-і түсік жасатқан. Яғни мың адамға шаққанда кәмелетке толмағандар арасындағы жүктілік саны 7,9 адамды құрайды. Бұл көрсеткіш жасөспірімдер арасында мың қыздың үшеуі түсік жасататынын білдіреді. Еңсеміз төмен түсіп тұрып амалсыздан айтуға мәжбүрміз. Алайда айтпасаң сөздің атасы өледі емес пе? Несін жасырамыз? 2024 жылдың 12 айлық есебі бойынша ауданда 15-17 жас аралығындағы 16 жасөспірім жүктілік есебіне алынған. Бұл көрсеткіш 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда екі есеге артқан. – Мектептерде және арнайы білім ошақтарында педагог-психологтар, сынып жетекшілері, медбикелер мен мамандар ер балалар мен қыз балалар үшін жеке-жеке жиналыстар өткізіп, жыныстық сауаттылық тақырыбында түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Бірақ бұл жеткіліксіз. Өйткені барлық қажетті ақпаратты бір жиналыста түсіну қиын. Сондықтан ата-аналар да мектептен тыс арнайы мамандардан кеңес алып, балаларына түсіндіру жұмыстарын жалғастыруы керек. Көп жағдайда ата-аналар балалары жыныстық сауаттылық туралы сұрақ қойса, шошып кетеді. Алайда мұндай сұрақтар қалыпты жағдай және әр балада белгілі бір кезеңде туындайды. Сондықтан үйде бұл тақырыпқа тыйым салмай, керісінше, балаға осы мәселелер туралы дұрыс түсінік қалыптастыруы керек, – дейді аудандық көпбейінді орталық ауруханасының ана мен бала денсаулығын қорғау жөніндегі орынбасарының міндетін атқарушы Б.Әбдрахманқызы.
МАМАНДАР АЙТСЫН
Медицинада «ерте жүктілік» деп 13-18 жас аралығындағы жүктілікті айтады. Дәрігерлер бұл кезеңде қыздардың гормондық қайта құрылуы мен өтпелі жас кезеңі басталатынын атап өтеді. Гинеколог Айгүл Қуанышбайқызы жасөспірімдерде бұл жастағы жүктілікке байланысты үш қауіп бар екенін түсіндіреді: физикалық жетілу толық болмағандықтан, қыздардың денсаулығына қауіп төнуі мүмкін, және дені сау бала туу қиын болады. Сонымен қатар, жасөспірімдер өз өмірін ерте бастан өзгерте алатын жауапкершілікті көтере алмайды. Психолог Айгерім Мұхитқызы бұл мәселені әлеуметтік тұрғыдан қарағанда, қыздардың білім алу, жұмыс істеу және карьера жасау мүмкіндігінен айрылуы мүмкін екенін айтады. Сонымен қатар, жас жігіттердің әке болуға дайын болмауы, осы кезеңде қарым-қатынастарға жауапкершілікпен қарамауы жасөспірімдер үшін тағы бір қиындық болып табылады. Заман өзгергенімен, тәрбиелік құндылықтар мен дәстүрлер өзгермей, қазіргі жас ұрпақтың арасында қателіктер мен қиындықтар орын алуда. Оларды шешу жолдарын табу маңызды. Сондықтан осы жасөспірімдерге дұрыс бағыт беру үшін қоғам болып, бірлесіп жұмыс істеп, тәртіпке шақыруымыз қажет. Ата-ана баласына жауапты. Бұл өзгермейтін қағида. Әр баланың қателігінен сабақ алып, болашағын жарқын етуге мүмкіндігі бар. Психологтар айналадағы орта мен адамдардың баланың тәрбиесіне үлкен әсер ететінін айтады. Баланың дұрыс жолға түсуінде ең басты рөлді ата-анасы атқарады. Қазақтың «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген сөздері бұл жайында үлкен мән береді. Балаға мейіріммен қарап, оны қоғамнан аластатпай, дұрыс бағыт берсек, ол да түзеліп, гүлдейді. Әрқайсымыз бала үшін жауаптымыз.

Сұлушаш МАДИЯРОВА
Сурет Бақытжан БӘЙІМБЕТТІКІ

17 ақпан 2025 ж. 29 0