ЖАСӨСПІРІМДЕР ЖАТ ҚЫЛЫҚҚА НЕГЕ БЕЙІМ?
Жасөспірімдердің жастайынан қылмысқа бой ұруы жақсы құбылыс емес. Сәйкесінше қай кезде де жасөспірімдер қылмысы өткір әрі көкейтесті мәселелердің санатында. Оларды мұндай теріс іс-әрекеттерге итермелейтін нендей күш? Осыған байланысты сәрсенбі күні «Салтанат сарайында» аудандық полиция бөлімінің бастамасымен және аудан әкімінің орынбасары Болатбек Ысмағұловтың төрағалық етуімен аудан көлемінде кәмелетке толмағандар және оларға қарсы жасалатын қылмыстардың алдын алу бағытында кеңейтілген жиын өтті.
Жиынға аудандық полиция бөлімінің бастығы полиция полковнигі Дәулет Сүлейменұлы, аудандық білім бөлімінің басшысының міндетін атқарушы Қанат Әмзеев, ауданаралық аурухананың бас дәрігері Нұрлан Әміров, аудандағы барлық орта мектептердің директорлары мен олардың тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасарлары, жоғары сыныптардың ата-аналар комитеттерінің төрағалары мен БАҚ өкілдері қатысты.
Жиынға аудандық полиция бөлімінің бастығы полиция полковнигі Дәулет Сүлейменұлы, аудандық білім бөлімінің басшысының міндетін атқарушы Қанат Әмзеев, ауданаралық аурухананың бас дәрігері Нұрлан Әміров, аудандағы барлық орта мектептердің директорлары мен олардың тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасарлары, жоғары сыныптардың ата-аналар комитеттерінің төрағалары мен БАҚ өкілдері қатысты.
– Биыл ауданда түнгі беймезгіл уақытта заңды өкілдерінсіз жүрген 367 жасөспірім анықталып, олардың ата-анасына ҚР заңының 442-бабына сәйкес әкімшілік хаттамалар толтырылды. Сондай-ақ кентте кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімге темекі өнімін сатқаны үшін 1 дүкен және кәмелетке толмағандардың түнгі сағат 22:00-ден кейін заңды өкілінсіз ойын сауық орындарына кіруге жол бергені үшін 5 жеке кәсіпкерге әкімшілік хаттама толтырылып, аудандық сотқа жолданып, айыппұл салынды. Осы орайда кәмелетке толмаған жасөспірімдер қылмыстарының алдын алу бағытында, «Жасөспірім», «Демалыс», «Балалар түнгі қалада», «Абайлаңыз балалар» атты жедел профилактикалық шаралар ұйымдастырылады, – деді жергілікті полиция бөлімінің ювеналды полиция тобының аға инспекторы.
Сонымен бірге полиция бөліміндегілер кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдердің қауіпсіздігін, балалар құқығын қамтамасыз етуде түнгі сағат 23:00-ден кейін көшеде заңды өкілінсіз жүрмеу керектігі жөнінде тұрғындар арасында рейд жүргізіліп тұратынын жеткізді. Осы рейдтік шаралардың барысында кәмелетке толмаған балалардың дені көлік жуу орындары мен мейрамханаларда даяшы болып жалданып жұмыс істейтіні анықталыпты.
Құқық қорғау саласының мамандары жасөспірімдер қылмысы олардың өзіне қол жұмсауына әкелуі мүмкін екенін алға тартады. Соңғы жылдары елдегі балалар арасындағы суицидтің негізгі себептеріне қарасақ, басым бөлігі отбасында ата-аналары, туыстарымен болған жанжалдарға байланысты орын алған. Осы бір ауыр жағдайдың алдын алу үшін ауданда түрлі жұмыстар атқарылуда. Мәселен, аудандағы барлық білім беру мекемелерінде «Зорлық-зомбылықсыз балалық шақ», «Өмірдің қауіпті кезеңдері және оны жеңудің жолдары» тақырыптарында оқушылардың құқықтары мен міндеттері туралы полиция бөлімі қызметкерлерінің қатысуымен наурыз айында 11 578 оқушының қатысуымен түсіндірме жұмыстары жүргізілсе, ерте жүктіліктің алдын алуға байланысты «Қыз балалар арасында ерте жүктіліктің зияндылығы мен алдын алу» тақырыбында дәрістер өткізіліп, медициналық-психологиялық кеңестер ұйымдастырылған.
Қоса кеткен жөн, ауыр дерттің алдын алу үшін ата-ана, мұғалімдер, психологтар мен әлеуметтік қызметкерлер, салауатты өмір салтын қалыптастырушы мамандар, бұқаралық ақпарат құралдары бірлесе жұмыс атқаруы керек. Яғни, жасөспірімдер мен жастар арасында осы тақырыпта дәріс, әңгімелесу, сұқбаттасу, кеңес беру, сұрақ-жауап сынды шаралардың көбірек жүргізілгені абзал.
Психологтардың пайымдауынша, жасөспірімдердің құқық бұзушылыққа жиі баруының түрлі себебі бар екен. Мәселен, психологиялық тұрғыдан алғанда жасөспірімдердің қылмысқа баруына итермелейтін негізгі себептер отбасылық қарым-қатынастың әлсіреуіне байланысты. Сондай-ақ баласының қандай нәрсемен айналысып жүргенін бақылай алмау, кімдермен дос болып жүргенін білмеу де әсер етеді. Жасөспірімдердегі әлеуметтік өмір туралы ақпараттың жетпеуі, жас ерекшелік өзгерістердің де ықпалы бар. Кез келген нәрсеге сеніп қалу, еліктеу қасиетінің жоғарылауы, жеткіншектік негативизм, өмірлік құндылықтардың әлі толық қалыптаспауы жастардың бойынан табылады. «Ата-аналардың баласына қажетті зияткерлік және адамгершілік тәрбиені бере алмауы да үлкен рөл ойнайды. Тәрбие беруге ата-аналардың білімі мен дүниетанымының жетіспеуі. Осы мәселелер жасөспірімдердің қылмысқа баруын жиілете түседі» дейді психолог мамандар.
Статистиканы сөйлетсек, бүгінгі таңда елімізде 6 716 565 отбасы бар. Оның 2 416 364-і жағдайы жақсы отбасылар қатарында. 873 974 мың отбасының жағдайы қанағаттанарлық болса, 1 156 815 отбасы дағдарыс жағдайында өмір сүріп жатыр. 890 432 отбасының жағдайы нашар және 1 378 980 отбасы ерекше бақылауда тұр. Ал 625 мың бала аз қамтылған отбасыларда тұрады. Сонымен қатар 97 мың бала ерекше балалар қатарында. Аталған мәліметке қарасақ, елде жағдайы жақсы отбасылардан қанағаттанарлық, нашар және дағдарыс жағдайында өмір сүріп жатқан отбасылардың саны басым.
Топшылай келе, жасөспірімдер қылмысы көбеймесе, азаяр түрі көрінбейді. Бұл мәселенің оңтайлы шешімін табу, шалыс басқан жастарды түзу жолға салу – барша қоғамға ортақ міндет. Ендеше, оғландарымызды қате қадам жасаудан сақтандыруға құқық қорғау органдары ғана емес, әрбір азамат жауапты болуға тиіс.
Сұлушаш МАДИЯРОВА