ҰРПАҚ ЖАДЫНДАҒЫ ҰМЫТЫЛМАС ЕРЛІК

Биыл Кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына – 36 жыл. «Интернационалдық борышын өтеу керек» деген Үкімет ұранының арқасында енді ғана 18-ге толған бозбалалар ауған жеріне аттанып, соғыстың ащы дәмін татты. 1979 жылы осы ана сүті ауыздарынан кетіп үлгермеген балаң сарбаздар атақ-даңқ үшін емес, тыныштықты қорғаймыз, соғыс өртін өшіреміз деп қанды қырғынның ортасынан бір-ақ шыққан еді. Жұртының тыныштығы үшін соғыста ерлікпен қаза тапқан боздақтарды еске алып, ардагерлерді ұлықтау мақсатында тағзым алаңында «Ерлік те, елдік те – ұрпаққа аманат» атты еске алу митингісі өтті. Шара қатысушылары қаза болған батыр ұлдарды 1 минут үнсіздікпен еске алып, құран бағыштады. Содан соң ерлікпен қаза тапқан азаматтардың әруақтарына арналып арнайы гүл шоғын қою рәсімі жасалды. Шара Арман мәдениет үйіндегі «Ұлы ерлік – ұрпаққа үлгі» атты еске алу кешіне ұласты. Патриоттық шарада аудан әкімінің орынбасары Алмат Алдабергенов сөз алып, 1979 жылдың 25 желтоқсанынан 1989 жылдың 15 ақпанына дейін созылған Ауған соғысында жалын жастығын қалдырған азаматтардың ерен ерлігі ешқашан ұмытылмайтынын айтты. «Отан үшін отқа түс – күймейсің, Арың үшін алыссаң – өлмейсің» деп халқымыздың қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлы айтқандай, Тәуелсіз еліміздің өмірінде Ауған соғысында ерен ерлік көрсеткен азаматтардың орны ерекше. Осы салтанатты жиын бүгіндері бір ауылдың шежірелі де батагөй қарттары болып отырған майдангерлер, алдарына қойылған міндеттерді лайықты орындап, жоғары әскери шеберлігін және жеке ерлік үлгісін көрсеткен біздің батыр ардагерлер екендігі сөссіз. Кешегі кеңестік дәуірде Ауғанстан жерінде Одақ әскерлерінің он жылдан астам болуы талай боздақтың өмірін жалмап, талайының тағдырларын тас-талқан еткені белгілі. Сұм соғысқа 22 мыңнан астам қазақстандық қатысып, олардың 924-і елге оралмады. Ал, 1015 адам соғыстан мүгедек болып қайтты. Бұл майданға ауданнан 45 азамат қатысты. Отан алдындағы борышын абыроймен атқарған сардарлар мен сарбаздар ерлігі қашан да ел есінде. Оларға көрсетілер құрмет те ерекше, – деді А. Абдуәзизұлы. Одан кейін кеңес әскерінің ауған жерінен шығарылғанына 36 жыл толуына орай марапаттау рәсімі көрініс тапты. Аудан әкімі Айтбай Жандарбековтың алғыс хаты Қалдыбай Елеубайұлы, Қайрат Әбсаттар, Серікбай Айтуарұлы, Орынбай Көшербаев, Батырған Нұрмахановтарға табысталды. Жиын Арман мәдениет үйінің өнерпаздарының сырлы да, әуезді әндерімен аяқталды. Сондай-ақ, кеш қонақтары байтақ елдің тыныштығын бұзған Ауғанстандағы сұрапыл соғыста басынан кешкен оқиғаларымен бөлісті. Иә, «Ер есімі – ел есінде». Ұлы ерлік жасаған бабаларымыздың есімдері әрқашан ұлықталып, ұрпаққа өнеге болып қала бермек. Ал кеудесін оққа тосып, мәңгілік мекенге аттанған сарбаздарға бүгінгі ұрпақ әрқашан тағзым етеді.
Айнұр ИБРАШЕВА,
сурет Бақытжан БӘЙІМБЕТТІКІ