ҚҰМ, АСЫҚ ЖӘНЕ ҚҰРТТЫҢ ҚҰПИЯСЫ

Қазіргінің баласы логопедпен жете таныс. Ал бұрын ондай маманға жүгінбек тұрмақ, «логопед» сөзінің өзі бала түгілі ата-анаға таңсық болатын. Өйткені, балаларда «р», «ж», «ш», «с» секілді дыбыстарды айта алмайтындары сирек кездесетін. Оларда тіл мүкістігі жоқтың қасы. Есесіне, қазір «р»-ны «ыл», «ш»-ны «с» дейтін бала көп. Неге? Ойланып көрдіңіз бе? Себеп – қазір құм, асық ойнаған, малта сорған, сүйек мүжіген бала жоқ. Бұл проблеманы өзім де бастан өткердім. Баламыздың тілінің кеш шығуы, әріптерді дұрыс дыбыстай алмауы ата-ана ретінде мазалады. Логопедке барғанда мамандар бізге көпшіліктің назарынан тыс қалған көптеген мәселені айтты. Олардың айтуынша, мәселе тек баланың тілінде емес екен. Бар проблеманың түп-тамыры – біздің тәрбиемізде жатыр. Өйткені, кейде біз өзіміз байқамай, балаларға дұрыс үлгі көрсетпейміз, дұрыс бағыт-бағдар бермейміз. Солай баланың тіліндегі кемшіліктерге жол ашады. Баланың тілінде түпкі себеп бар екенін түсініп, оны түзету үшін өзіміздің қателіктерімізді де ескеріп, тәрбиеге көңіл бөлуіміз керек. Гүлжаухар Алишева, логопед: – Бала тілінің дұрыс дамуы көп нәрсеге байланысты. Мысалы, саусақтарының ұшындағы бұлшық еттерінің дамуы мен үнемі қозғалысқа түсуі тіл бұлшық етінің жетілуіне әсер етеді. Бала бір нәрсені ұстағанда, қолының ұсақ қозғалыстары тілдің дамуына ықпал етеді. Мұны мамандар «ұсақ моторика» деп атайды. 3-4 жастағы баланың дыбыстарды дұрыс айта алмауы – әдеттегі құбылыс. Бұл кезеңде алаңдауға себеп жоқ. Бірақ егер бала 5 жасқа дейін де түзелмесе, мұнда мәселе бар деген сөз. Мұндай жағдайда мамандардың көмегіне жүгіну керек. Арнайы мамандардың көмегімен ғана баланың сөйлеу дағдылары дұрыс қалыптасады. Бірақ бұл процесс бір немесе екі ретте шешілмейді, бірнеше сеансты қажет етеді. Сондықтан ең маңыздысы – баланың тіл дамытуына дер кезінде көңіл бөліп, қажетті қадамдарды жасау. Мамандардың сөзінше, баланың «р» дыбысын дұрыс айтуы үшін тілде міндетті түрде діріл, вибрация болуы тиіс. Егер ол діріл болмаса, «р» дыбысы «л»-ға айналып кетеді.Бұл – тілдің дұрыс жұмыс істемеуінің белгісі. Дірілдің пайда болуы үшін логопедтер балаға түрлі жаттығу жасатады. Тілдің бұлшық еттерін жаттықтырады. Соның нәтижесінде тіл дамиды. Дыбыс нақты шығады. Мұндай жағдайға жеткізбес үшін баланың кішкентай күнінде мән берген дұрыс. Заман өзгерген сайын баланың тәрбиесі де өзгере бастады. Бұрын бала аулада асыр салып ойнайтын, не құмның ортасында отыратын. Қолында құм, саусақтары топыраққа майланып, кеш қарайғанда үлкендер қуалап жүріп әзер кіргізетін үйге. Ал қазір құмның шаңын шығарған баланы табу – ертегі сияқты. Бұл неге айтылып отыр десеңіз, баланың «р»-ды «ыл» деп айтатынының бір себебі – ұлттық әдет-ғұрыптан ажырап қалғанымызда жатыр. Бұрынғы баланың тілі тек ойнаған ортасынан қалыптасатын еді. Ал қазіргі баланың тілі мен ойыны – әлдеқайда шектеулі. Құмның қалай қатысы бар деген сұрақ туындауы мүмкін. Құммен ойнау – баланың саусақтарының ұшындағы бұлшық еттерін дамытатын ерекше процесс. Бұл бұлшық еттер тілдің дұрыс жұмыс істеуіне де тікелей әсер етеді. Мамандар дәл осылай айтады: құммен, топырақпен ойнаған баланың тіл бұлшық еті дамып, дыбыстарды дұрыс шығара алады. Ал қазір, балаңыз топыраққа, құмға ойнай ма? Оған мән бересіз бе? Екінші, асық. Шыны керек, ертеректе өз басымыз, үйде асықпен неше түрлі ойын ойнайтынбыз әжемізбен. «жиырма бір», «ханталапай», «бес асық» ойындарын төр алдына асығын шашып тастап, ойнап отыратын бала. Бұл да дәрігер қауымның сөзінше, баланың саусақтағы сезім, жүйке нүктелеріне әсер етпек. Сонда оның тілге де ықпалы зор. Бүгінде бұл үрдіс бар ма? Асық ойнамақ түгілі, оның не екенін бейхабар балдырғандар жетерлік. Мұны ойға тағы бір мәрте түйіп алған жөн. Үшінші, малта. Кәдімгі малта құрт. Қатқан, әбден күн көзінен кеуіп қалған құртты ұртымызға салып жүретініміз – ауылда өскен бәрімізге таңсық емес. Ал, осы малтаның бала тілінің дұрыс шығуына ықпал ететінін білесіз бе? Атақты грек шешені Демосфеннің тілінің мүкістігін кетіру үшін ұсақ малта тасты аузына салып жүрген деген аңыз бар. Әрине, грек малта құртты қайдан білсін. Қазақ емес қой. Ал, қазақтың тіл кемістігін жоятын құралы қолында тұр. Ол – құрт. Төртінші, сүйек мүжу. Бұрынғы кезде атаәжелеріміз тісі енді шыққан баланың қолына қойдың жілігін ұстатып қоятынын көп көретінбіз. Бала әлгі жіліктің басын олай жалап, былай жалап, өзімен-өзі әуреге түсіп жүретін. Бұл түсініксіз көрінуі мүмкін, бірақ мұның да терең мәні бар екен. Бала сүйек мүжіп, тілі екі ұртына кезек қозғалып, біраз әуреге түскенде, тілдің бұлшық еттері дамиды екен. Міне, осының арқасында болашақта оның тілі дұрыс шығып, дыбыстарды айта алатын болады. Бұл тәсіл – тек бала тілінің ғана емес, жалпы дамуының басты негіздерінің бірі. Көшпенділердің баласына деген осындай қарапайым, бірақ терең мағыналы тәсілдері бүгінде ұмытылып барады. Сол әдет-ғұрыптар мен салт-дәстүрдің маңызы зор. Балаға тілдің дұрыс шығуы үшін әжелеріміздің қарапайым әдістерін, өз тәжірибесін қайтадан жандандырып, қолданудың маңыздылығын түсінуіміз керек. Бұрынғылардан қалған бұл дағды – табиғаттың, өмірдің өзінен келген ғибрат. Сондықтан да қазақы тамырдан ажырамай, ұлттық салтты сақтау маңызды. Сұлушаш БАХТИЯРҚЫЗЫ