Бала тілі неден бүлінеді?
Жасырып, жабатыны жоқ, бұл күні жұдырықтай баланың басым бөлігінде тіл кемістігі көп. Иә, соңғы уақытта мектепке дейінгі балалар мен мектеп жасындағы жеткіншектер арасында қазаққа тән, «қ», «ң» сынды әріптерді дыбыстай алмай, оны «к», «н» әріптерімен аламастырып алатынын байқап жүрміз.
Бала тілінің кешеуілдеп шығуы тек ата-аналарды ғана алаңдатып қоймай, дәрігерлер мен арнайы логопед мамандардың да жіті назарын аударуда. Қазіргі кезде балдырған балалардың «Р» дыбысын айта алмауы логопед мамандарға жүгіндірген. Сонда мамандар көпшілік мән бермейтін талай жайтты көкірекке құйып берген-тін. Сөйтсек, бар мәселе – баланың тілінде емес. Оның түп тамыры өзіміздің осал, былқылдақ тәрбиемізде екен. Әр баланың дұрыс сөйлеуінің шешімін іздеп, дұрыс сөйлеуіне алаңдайтын ата- ана маманның көмегіне жүгінеді.
Сондай маманның бірі Шиелі ауданындағы «Айналайын» бөбекжай балабақшасының логапед дефектологы Гүлназ Пернебекқызы.
– Ең басты мәселе, баланың орысша араластырып сөйлеуінде. Яғни, енді ғана тілі шығып келе жатқан бала ұқсас әріптерді айыра алмай қиналады. Бала 1 жаста 10-15 сөзді айта алатын қабілетке ие болуы қажет. Ал, бізде 3-4 жастан асып кетсе де, тілі шықпаған балаға «ер баланың тілі кеш шығады» немесе «еркелігі ғой» деп өз-өзімізді алдап, жұбатып жатамыз. Алайда, бұл дұрыс емес екен. Өйткені, 1 жаста 10-15 сөзді айта алатын бала 2 жаста 300 дей сөзді айтып, ал, 3 жастан асқан кезінде еркін әңгімелесетін шамада болуы керек. Сондай-ақ, 3-4 жастағы баланың дыбысты дұрыс айтпауы қалыпты құбылыс. Ал, егер 5 жасқа дейін ол түзелмесе, алаңдауға негіз бар. Мамандарға арнайы бару керек. Сонда ғана баланың дұрыс сөйлеуіне сенім мол. Бірақ, бұл бірнеше сеансты қажет етпек. Ең бастысы, балаға дер кезінде көңіл бөлу қажет – дейді.
Ал, «Баланың тілі дұрыс шығу үшін, ата-аналарға қандай кеңес айтасыз?» деген сауалымызға: Баланың тілі тез және дұрыс шығуы үшін үлкендер әр қимылын, ойын дауыстап айтып түсіндіріп отыруы керек. Балаларға көбіне үлкендермен әңгімелесіп, тілдесу жетіспейді. Сәби керек нәрсесін қолымен көретсе немесе ымдаса оны ата-анасы бірден қолына ұстатады. Енді түк қиналмастан қажеті өтеліп жатса, бала қиналып қайтсін? Сол үшін сұрақтар қою арқылы сөзге тарту керек.
Осы тұста бала тілінің кеш шығуына түрткі болатын тағы бір жайт бар. Ол – бөтелке мен емізік. Бала өмірге келгеннен кейін тыныш, жуас болады деп аузына емізік саламыз. Осылай құр резеңкені баланың аузына салып, сақау, кекеш болуына өзіміз ықпал етеміз. Бұрынғы ата-бабамыз емізіктің не екенін білмеді. Оның орнына шақалақ сәл өскеннен кейін қойдың құйрығын сорғызатын болған.
Заман өзгерген сайын баланың тәрбиесі де өзгерді. Бұрын бала ауланың бір бұрышына төгіп тастаған құмның ортасында отыратын. Баланың дыбысты дұрыс айтуына құмның қандай қатысы бар дейсіз ғой. Мамандар құммен ойнаған баланың саусағының ұшындағы бұлшық еттер дамитынын айтты. Сол арқылы тілдің бұлшық еті жетіледі. Ал, енді шақшадай басыңызды шарадай етіп көріңіз. Балаңыз құм, топырақпен ойнай ма?
Екіншісі, асық. Шыны керек, ертеректе өз басымыз, үйде асықпен неше түрлі ойын ойнайтынбыз, әжемізбен. Бұл да дәрігер қауымның сөзінше, баланың саусақтағы сезім, жүйке нүктелеріне әсер етпек. Сонда оның тілге де ықпалы зор. Бүгінде бұл үрдіс бар ма? Асық ойнамақ түгілі, оның не екенінен бейхабар балдырғандар жетерлік. Мұны ойға тағы бір мәрте түйіп алған жөн.
Үшіншісі, құрт. Кәдімгі малта құрт. Қатқан, әбден күн көзінен кеуіп қалған құртты ұртымызға салып жүретініміз – ауылда өскен бәрімізге таңсық емес. Ал, осы малтаның бала тілінің дұрыс шығуына ықпал ететінін білесіз бе? Атақты грек шешені Демосфеннің тілінің мүкістігін кетіру үшін ұсақ малта тасты аузына салып жүрген деген аңыз бар. Әрине, грек малта құртты қайдан білсін. Қазақ емес қой. Ал, қазақтың тіл кемістігін жоятын құралы қолында тұр. Ол – құрт.
Бұл болса, болашақта бала тілінің дұрыс шығуына ықпал етпек. Міне, мәселе қайда жатыр?! Кешегі көшпенділерден қалған салт-дәстүр, дағдының алар орны ерен екен. Ендеше болашағымыз балалардың дұрыс сөйлеуін, тіліміздің қалыптасуын ойласақ, аталмыш мәселеге тереңірек мән беріп, дістүрімізден ажырамайық.
Шапағат ТІЛЕУБАЙ