Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Тұтықпа жазылмайтын дерт емес

Тұтықпа жазылмайтын дерт емес


Қазіргі кезде тілінде кемшілігі бар және кекештеніп сөйлейтін балалар мен жасөспірімдердің саны артуда деп дабыл қағуда арнайы мамандар. Осы ретте тұтықпадан қалай арылуға болатындығы жөнінде «Қызылорда облы­сы білім басқармасының «Шиелі аудандық психологиялық-педагогикалық түзету» кабинеті коммуналдық мемлекеттік мекемесінің логопед маманы Анар Шағдатованың кеңестерін назарларыңызға ұсынамыз.

Себебін анықтау қажет
Сөйлеу қалпының бұзылуы, жеке дыбыстар мен сөз буындарын айтқанда немесе оларды қайталағанда еріксіз мүдіруді тұтықпа деп атайды. Тұтықпа көбіне мектеп жасына дейінгі ер балаларда жиі кездеседі. Ол қайдан пайда болады? Енді тілі шығып, дүниені танып келе жатқан бала үшін мүдіріп сөйлеу қалыпты жағдай болғанымен, тұтығудың алдын алу керек. Кекеш болуға кейде балаға араласып жүрген тілі мүкіс адамдарға еліктеп сөйлеуі де әсер етеді. Сондай-ақ, баланы тәрбиелеуші адам тілінің мүкістігі мен басқадай кемшіліктері де тұтықпаның ұлғаюына әсер етеді. Одан өзге баланың туған-туысқандары мен араласатын орта адамдарының жылдам сөйлеуі, қалыптан тыс көп оқыту, т.б. тұтықпаның пайда болуына себеп болады. Тілі кешігіп шыққан балаларда да кездеседі. Кейде тұтығу сырқаттанып тұрғаннан кейін (тұмау, көкжөтел, қызылша), сондай-ақ, қатты шошынудан, отбасыдағы айқай-шудан да пайда болуы мүмкін. Тұтығып сөйлейтін бала өсе келе қорғаншақ, ұялшақ, тұнжырыңқы болады. Оның тіліндегі кемшілікке еркінен тыс қолын ербеңдетіп әрекет жасауы, бет-әлпетінің, денесінің оғаш қимылы қосылады. Кекештеніп сөйлейтін адам тұтыққанда пайда болатын мүдіріс кезінде әлдебір сөзді қосып жіберу арқылы кемістігін байқатпай біршама жатық сөйлеуге дағдыланады. Алайда, өз бетімен бұлай жасаудың қажеті жоқ. Өйткені, қосымша буын немесе сөз қосып сөйлеу әдетке айналып кетеді. Тұтықпаны емдеуді ерте бастау керек. Баланың тілінде мүкістік барын байқаған бойда дәрігер-логопедке көрінген абзал. Тұтықпа сөздерді айту барысында дауыссыз дыбыстардың кездесуіне байланысты сөздің алғашқы буынын бірнеше рет қайталауы, мысалы «ме-ме...мек-теп» не болмаса сөздің соңғы буынын тоқтап барып айтуы, мысалы «ма...ған» деген сынды және аралас келген түрлері де жиі байқалып жатады. Сөздерді айтудағы қиындығы мен пайда болу себебіне байланысты тұтықпаның жеңіл және созылмалы түрлері бар. Жеңіл түрі – бала тіліндегі кекештіктің енді пайда болған кезі. Оны арнайы жаттығулар арқылы қысқа мерзімде емдеуге болады. Ал, созылмалы түрі – кекештік пайда болғанда салғырттық танытып, емдеуге келгенде ұзақ уақыт алатын, баланың да көп күш жұмсауын қажет ететін түрі.

Қалай арылуға болады?
Тілдегі мүкістен арылу үшін ең алдымен дұрыс демалуды үйрену керек. Тыныс алу жаттығуларын күнделікті қайталап, әдетке айналдырған дұрыс. Екінші, арнайы маманның көмегіне сүйеніп, оның тапсырмаларын орындап, жаттығу жұмыстарын жасау керек. Үшіншіден, тұтығудан арылу үшін логопедиялық массаждың да көмегі зор. Ол адамның бұлшықеттерінің жазылуына, тіл қызметінің еркін болуына көмектеседі. Сонымен қоса, тұтықпадан арылуға тек мамандар емес, баланың ата-анасы мен қоршаған ортасының да әсері зор. Маман қанша үйретіп, өз жұмысын жасағанымен үйде баланың жанын түсінбей, оның көзінше тез сөйлеп, оған айтуға қиын сөздерді айтса, не түскен ортасы оны келемеждеп күлсе, онымен ешкім тілдеспесе баланың тұтықпадан тез құтылуы қиындай түседі. Жазылған күннің өзін де қайталануы мүмкін болады. Сондай-ақ, балаға ата-анасы психологиялық жағынан көмек көрсетіп, достары мен туыстарының да қолдауы қажет. Бастысы бұл жазылмайтын дерт емес, егер маманның айтқанымен келісіп, ата-анасы мен қоршаған ортасынан үлкен қолдау болса тұтықпадан кемінде 1 жылда айығып кетуге болады. Сондықтан, тұтықпамен күресіп, оны жеңіп шығу ғана керек.
24 сәуір 2021 ж. 2 397 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930