САЙЛАУ – ЕЛДІҢ ЕРТЕҢІ
Дүниежүзілік сайлау күніне орай Шиелі ауданының аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Молдабай Оразбекұлымен аудандағы сайлау жұмыстары жайлы сұхбат құрдық. Әңгіме барысында маңызды мәселелер қозғалып, келешектегі жоспарлар мен нақты іс-шаралар туралы тұщымды пікірлер айтылды.
– Молдабай Оразбекұлы, дүниежүзілік сайлау күніне орай сізбен сұхбаттасу біз үшін маңызды деп есептеледі. Осы атау лы күннің мәні мен маңызына түсінік бере кетсеңіз...
– Дүниежүзілік сайлау күні Будапештте 2005 жылы 14-17 қыркүйекте Еуропалық сайлауды ұйымдастырушылар қауымдастығының конференциясында бекітілген болатын. Бұл бастама жыл сайын ақпанның алғашқы бейсенбісінде аталып өтуде. Биыл бұл мереке 6 ақпанға сәйкес келіп отыр. Сайлауды ұйымдастыру және өткізу саласындағы мамандар атаулы күнді белгілей отырып, азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету және сайлау процестерін жақсарту проблемасына жұрттың назарын аудару мақсатын көздеді. Тап осы күнді атап өтудің маңыздылығы – қоғам санасында демократияландыру процесінің қайтымсыздығын бекіту, сайлау процесіндегі жетістіктер туралы жұртшылықты хабардар ету және жас сайлаушылар арасында демократиялық құндылықтарға бейілділікті қалыптастыру.
– Атаулы күн қарсаңында қандай іс-шаралар жоспарланып отыр?
– Дүниежүзілік сайлау күніне орай биыл ашық есік күні, Шиелі индустриалды-аграрлық колледжі студенттері мен мектептердің жоғары сынып оқушыларымен кездесулер, ашық сабақтар, учаскелік сайлау комиссия төрағаларының арасында дебат, сондай-ақ сайлау саласында қызмет атқарған ардагерлер арасында шахматтан аудандық турнир ұйымдастырылуда. Осы ретте сайлау саласындағы барлық әріптесімді айтулы мерекемен құттықтап, мемлекет мүддесі жолындағы еңбектеріне толағай табыс, дендеріне саулық, отбастарына амандық тілеймін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
– Тамаша! Енді келесі сұраққа ойыссақ. Сайлау комиссияларының орналасқан ғимараттары жөнінде және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қандай жағдай жасалғаны туралы бөліссеңіз?
– Ауданымыз бойынша 40 сайлау учаскесі бар. Оның 1-еуі жабық сайлау учаскесі, яғни аудандық аурухана ғимаратында орналасқан. Ал қалған сайлау учаскенің 26-сы білім беру ұйымдарында, 11-і мәдениет үйлерінде, 2-еуі мекеме ғимаратында орналасқан. Сайлау учаскелерінің барлығы да ҚРның Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің интерактивті картасына енгізілген. Аудан бойынша мүмкіндігі шектеулі сайлаушылар саны – 239. Оның кресло-арба қолданатындары – 97, көзі нашар көретіндер – 93, құлағы нашар еститіндер – 49. «Сайлау туралы заңға өзгерістер енгізілгелі бері учас келерде мүгедектігі бар адамдарға арналған арнайы кабиналар, трафареттер, компьютерлер қойылған арнайы бұрыштар жасалған. Мысалы, көзі көрмейтін жандар арнайы трафареттер арқылы сайлау туралы ақпараттарды оқи алады. Мүмкіндігі шектеулі жандарға 40 сайлау учаскелерінің барлығында талапқа сай жағдай жасалған. Яғни пандуспен жабдықтау, құлағы нашар еститіндерге арналған қажетті құрылғылар, сондай-ақ науқан кезінде сурдоаудармашылар сұранысқа қарай тартылады. Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі жандар инва-такси қызметіне жүгіне алады.
– Сайлаушылардың дауыс беру процесіне белсенді қатысуын қалай қамтамасыз етесіздер?
– Сайлаушылардың дауыс беру процесіне белсенді қатысуын қамтамасыз ету үшін арнайы ұйымдастыру шаралары қолға алынған. Олардың қатарында шақыру қағаздары, хабарламалар, билбордтар мен баннерлер, SMS-хабарламалар арқылы ақпарат тарату бар. Сондай-ақ сайлаушыларды ынталандыру мақсатында 1-ші, 100-ші, 1000-шы дауыс бергендерге, жас сайлаушыларға, қарт адамдарға және отбасымен келушілерге сыйлықтар ұсынылады. Бұл шаралар учаскелік сайлау комиссияларының тарапынан жүзеге асырылады.
– Жеткен жетістеріңізге де тоқтала кетсеңіз...
– 2024 жылы 8 ауылдық округ әкімін сайлау, аудан әкімі мен шығып қалған мәслихат депутатының орнына депутат сайлауы, сондай-ақ республикалық референдум табысты ұйымдастырылып, жоғары деңгейде өткізілді. Облыстық сайлау комиссиясының жыл қорытындысына арналған жиынында 2024 жылғы сайлау шараларының ұйымдастырылуы талданып, Шиелі аудандық сайлау комиссиясы «Үздік аумақтық сайлау комиссиясы» аталымы бойынша марапатталып, ҚР Президентінің Алғыс хаты, ҚР Орталық сайлау комиссиясының Құрмет грамотасы және Алғыс хаттарымен құрметтелдік. – Марапаттарыңыз құтты болсын! Сайлау – еліміздің жарқын болашағы. Нақты ақпарат пен сүбелі сұхбатқа рақмет!
Сұхбаттасқан Сұлушаш МАДИЯРОВА