МАМАНДЫҒЫМЕН МАҚТАНАДЫ
Нұрлы Лайысов жиырма жылдан астам уақыт №57 Қызылорда теміржол дистанциясында дрезина машинисі болып жұмыс істеп келеді. Оны өз ісінің шебері деп атауға әбден болады. Бірақ бұл кәсіби жетістік біздің кейіпкерімізге бірден келген жоқ. Оның артында оқу, табанды еңбек және қатаң тәртіп тұр.
Кейіпкеріміз кенттегі Ы.Жақаев атындағы №244 орта мектепті бітіргеннен кейін жергілікті кәсіптіктехникалық училищесінде оқып, «В», «С» санаттары бойынша жүргізуші және электрогаз дәнекерлеуші мамандықтарын меңгерді. Еңбек жолын жол бөлімшесінің №56 бөлімшесінде жұмысшы болып бастады. Мекеменің кадр бөлімі оған екі жылдан кейін Ақтөбе техникалық училищесіндегі, дрезина машинистерін дайындайтын алты айлық курсқа жолдама береді. Оқу бітіріп, елге оралғаннан кейін, ол біраз уақыт қажетті тәжірибе жинақтап, бір жылдан кейін дрезина басқарушысының пультіне отырды. – Мен өзімнің алғашқы тәлімгерлерім Орынбасар Едігеновке және Ануар Төлегеновке шексіз алғысымды білдіремін. Олар мені кәсіби құпияларға шыдамдылықпен үйретті және мен олардың үмітін ақтағаныма өте қуаныштымын, – деді Н.Лайысов бізбен әңгімесінде. Оның қызметтік міндеттерінің ауқымы кең. Алдымен ол теміржолдармен жүру кезінде дрезинаны басқарып, станция шекарасында маневрлік жұмыстарды атқарады. Сонымен қатар жүк көтергіш крандарды және басқа арнайы механизмдерді, автомотрисаның құрылғыларын жөндеу, монтаждау және тиеу-түсіру жұмыстарын орындайды. Жұмыс кестесіне сәйкес жоспарлы-алдын алу жөндеу жұмыстарына қатысады. Нұрлы Лайысовқа бекітілген аумақ Түркістаннан Жалағаш станциясына дейін созылады және ол соған байланысты үнемі жолсапарларға шығып тұрады. Базбіреулерге оның жұмысы өте қиын және қызықсыз болып та көрінуі мүмкін. Бірақ біз бүгін сіздерді таныстырған құрыш қолды теміржолшы үшін бұл олай емес, себебі ол өз жұмысын өте жақсы көреді және мамандығымен мақтанады.
Дария МАҚСҰТ,
фото автордікі