Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖӘРДЕМІ МОЛ ЖӘРМЕҢКЕ

ЖӘРДЕМІ МОЛ ЖӘРМЕҢКЕ

Бейсенбі күні Иманжүсіп Құтпанұлы атындағы орталық стадионның алдында көптен бері жұрт асыға күткен ауыл шаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Аудан әкімдігінің қолдауымен жеке кәсіпкер Қуаныш Стиев «Байқоңыр» ӘКК» АҚ-мен келісім шартқа отыру арқылы облыстық тұрақтандыру қорынан әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін алып келіп, аудан тұрғындарына қол жетімді бағада ұсынды. Жәрмеңкеге аудан әкімі Айтбай Жандарбеков, кент әкімі Аманкелді Өмірәлі және сала басшылары қатысып, сұраныстағы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын бақылады.
Осылайша бейсенбінің таңы шиелілік ағайындар үшін стадион алдындағы ұзын-сонар кезектен басталды. Бәрі де отбасы қамымен қажетті азық-түлік өнімін алуға асыққан тұрғындар. «Мың рет естігенше, бір рет көрген артық» деп біз де қаламды сайлап, көңіл жайнап жәрмеңке ортасынан табылып, халықпен тілдестік. Олардың айтуынша, жәрмеңкедегі баға қолжетімді, базар нарығынан әлдеқайда төмен сатылуда. Жәрмеңкеде аудан тұрғындарына 10 тн ұн, 8 тн картоп, 1,5 тн жуа, 0,5 тн сәбіз, 0,5 тн күріш, 300 литр шемішке май өнімдері базар нарығынан 10-15% төмен бағамен ұсынылды. – Ауыл шаруашылығы ел өмірінде ерекше орын алатын салалардың бірі. Ол экономиканың ғана емес, қоғамдық-саяси тұрақтылықтың айнасы. Үкімет тарапынан агроөнеркәсіп кешеніне ерекше көңіл бөлініп, үлкен қолдау көрсетіліп келеді. Ауылды дамыту, ауыл шаруашылығын өркендету – бүкіл елімізді дамыту деген сөз. Біз «Байқоңыр» ӘКК қорындағы азық-түлікті төмен бағада ұсынып, нарық бағасының құбылуын алдын алуға тырысамыз. Бүгінгі жәрмеңкеге аудан тұрғындары өте белсенді қатысуда. Бұл нәтижелі жұмыстардың жемісі, ауыл шаруашылық өнімдеріне деген қолдау деп білемін, – дейді аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімі басшысының орынбасары Ерлан Меңлібеков. Жәрмеңкеге аудан тұрғындарының қазіргі сұранысына ие делдалсыз тікелей келген өнімдер шығарылды. Жергілікті жұршылықтың ойынан шыққан шара өнім молшылығымен де ерекшеленді. Тұрақтандыру қорынан бөлек ауданның тауар өндірушілері де жәрмеңкеге атсалысып, 100 келі табиғи бал, 200 келі шұжық және 200 келі балықты төмен бағада ұсынды. Осындай мүмкіндікті қалт жібермеген тұрғындар қыстық азық алып, біраз қор жинады. Бірі – қап-қап картоп алса, ендігісі балаларымның рызық-несібесі деп қажетті өнімдерін сатып алып, үйлеріне жөнеліп бара жатты. Халыққа жәрдемі мол жәрмеңкенің жиі өткізіліп тұруын тілесті. М.ИБРАГИМОВ
01 ақпан 2025 ж. 43 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№8 (9275)

03 ақпан 2025 ж.

№7 (9274)

28 қаңтар 2025 ж.

№6 (9273)

25 қаңтар 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Ақпан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
2425262728