ҚАУІПСІЗДІКТІ ҚАПЕРДЕ ҰСТАҢЫЗ
Қаңтар айының соңында, қыс қаһарына мініп, судың беті тоңдана бастады. Ауа температурасы төмендеп, кейде қатты аязды желге де ұласып жатыр. Бұл жайт аудандағы атқарушы билік өкілдері мен жауапты мамандарды да алаңдатпай қоймады. Осынау тоңның қыңыр тосын мінезінен сақтану шараларын түсіндіру үшін аудан әкімінің орынбасары Бағлан Сағындықов, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Е.Райымбеков және аудандық су шаруашылығы мекемесінің мамандары «Ханқожа» көліне арнайы барды. Мұзға айналған көлдің үстінен сырғанақ теуіп жүрген балаларға, балық аулап отырған азаматтарға су айдынында қарапайым қауіпсіздікті қатаң түрде сақтауға шақырып, ісшаралардың ережелерін түсіндірді. «Жаман айтпай, жақсы жоқ» деген тәмсілді ту еткен мамандар әрбір тұрғынның қауіпсіздігі мен амандығы маңызды әрі үнемі бақылауда екенін жеткізді. Иә, тілсіз жаудың қай-қайсысы болмасын, адам өміріне қауіп төндіретіні белгілі. Кейде, арнайы мамандардың ескертуіне құлақ аспай, бей-жай қарауымыздың салдарынан қиын жағдайларға тап болып жатамыз. Сондықтан мамандардың жүргізген қауіпсіздік шарасындағы ескертулерді талап, тыйым деп санамай, керісінше жанашырлық деп қабылдап, тәртіпке бағынып, қытымыр қыстың қаупінен аманесен шығайық!
М.ИБРАГИМОВ