Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ТЕМІРҚАЗЫҒЫ – МҰСТАФА ШОҚАЙ

ТЕМІРҚАЗЫҒЫ – МҰСТАФА ШОҚАЙ

Бұл күндері 85 мерейлі жасқа толып отырған Әбдіжәлел Бәкір – танымал ұлтжанды әрі мемлекетшіл қоғам қайраткері, алаштанушы, шоқайтанушы, көрнекті ғалым, философ, саяси ғылым докторы, профессор, мемлекеттік басқару, бұқаралық ақпарат, білім салаларында жауапты қызметтер атқарған іргелі азамат, ұлағатты ұстаз. 1995 – 2004 жылдары Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің екі мәрте депутаты. Мұның бәрі азамат өмірінің бел-белестері, тіпті өмір сынақтары десе де болады. Себебі кеңестік заманда билеуші Коммунистік партияның саясатымен өмір сүрген, комсомол, партия органдарында жауапты қызметтер атқарып жүрген кезеңдерде іште ұлтым деп соққан жүректің адастырмас Темірқазығынан айнымау оңай болмағаны аян. Ал сол көрінбей жол сілтеуші Темірқазық – Мұстафа Шоқай еді.
Әбдіжәлел Бәкір 1940 жылы 23 қаңтарда Қызылорда облысының Сырдария ауданында «Айдарлы» ауылында дүниеге келді. Әкесі Қошқар Оразұлы мен анасы Патыма Рахменбердіқызы ұлдары Әбдіжәлелді балалы бола алмаған нағашы аға-жеңгесі Бәкір Сопбекұлы мен Нәзира Сопбеккелінінің бауырына салды, ұрпақты етті. Қазақтың кең көңілі, өнегелі ұлттық салты-ай! Алайда аяулы бейнелері жадында жоқ екі жасар Әбдіжәлелдің қос әкесі де 1942 жылы шілде айында сұм соғысқа аттанып кете барды, екеуі де майданда опат болды. Отағасыларының шаңырағын шайқалтпай асыл азаматтарын күткен екі ана басқа түскен қиыншылықтарды елмен бірге еңсеріп, олардың ұрпақтарын қатарларынан кем етпей өсірді. Әзиз аналар Нәзира Сопбеккеліні 1978 жылы, Патыма Рахменбердіқызы 2009 жылы өніп-өскен ұрпақтарын көріп дүниеден өтті. Әбдіжәлелді нағашы атасы Сопбектің Ахметінің қамқорлығында өсті. Ол Баспақ батырбидің немересі-тін. Ал Мұстафа Шоқайдың анасы Бақтыбике осы Баспақ батырдың туған қарындасы болатын. Әйгілі Баспақ батыр әрі би (шын аты Мәмбетәлі) Қозыбекұлы – ХІХ ғасырда өмір сүрген, елін Қоқан хандығының озбырлығынан қорғаған ел арасында айтулы тұлға. Елуінші жылдардың басында Ахмет атасы балам жақсы білім алсын деген ниетпен Сырдария ауданындағы «Айдарлы» ауылынан Қызылорда қаласына көшіп келді. Көршілері Мұстафаның туған інісі Мұртазаның баласы Мәдиярдың отбасы еді. Оның шешесі Зүлфия бұрын Шоқайдың інісі Оспанның жесірі екен. «Сол Зүлфия апай «Біздің қайнаға (Мұстафаны айтады) жеті патшаның тілін біледі» деп арагідік айтып қоятын. «Бұл сөздің растығына 2012-2014 жылдары Мұстафа Шоқай шығармаларының он екі томдық толық жинағы шыққанда көзім жетті. Еңбектері тоғыз тілде жарық көрген екен» дейді Әбекең бұл күнде. Мұстафа Шоқай есіміне осылай ертеден қанық болып өскенімен, жоғары саяси қызметте жүрген Әбдіжәлелге ұлы тұлғаның өмірін, қызметі мен шығармашылығын зерделеу тұрмақ, онымен әлдебір туыстық қатынасы бар екенін сездіру де мүмкін емес еді. Бірақ таңның атпасына күн қоймайтыны сияқты заманның өзгеруі де заңдылық. Қасаң кеңес қоғамын қайта құру науқаны арқасында жариялылыққа ашылған мүмкіндікті жедел де ұтымды пайдаланып, түрік әлемінің айтулы көсемі Мұстафа Шоқайдың қызметін әділ бағалау жолын көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы Әнуар Әлімжанов бастап жіберді. Көп ұзамай Мұстафа арманы да орындалды, рухы туған еліне оралды, Түркістаны – Орталық Азияның кеңестік республикалары Тәуелсіздікке жетті. Сол-ақ екен, Мұстафа Шоқайдың өмірі мен қызметіне арналған зерттеу мақалалар, көркем шығармалар, деректі және көркем фильмдер бірінен соң бірі шығып жатты, ғылыми диссертациялар қорғалды, оның еңбектері томтом болып жарияланды. 1956 жылы Қызылорда қаласындағы 1 Май (қазір Қалтай Мұхамеджанов) атындағы орта мектепті, 1963 жылы Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда мемлекеттік педагогика институтының (қазір Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті) филология факультетін үздік дипломмен бітірді. Жалындаған жас маман Әбдіжәлел еңбек жолын әуелі Сырдария ауданындағы ауылда, одан кейін Қызылорда қаласындағы орта мектепте мұғалімдіктен бастады. Оқушы кезінде пионер жетекшісі, студент жылдары факультеттің кәсіподақ серкесі қоғамдық жұмыстарға жас тайынан белсенділігі мектептегі қызметте де жалғасты. Бастамашыл, айналасындағы жастарға ықпалды, оларды игілікті істерге тарта білетін ұйымдастырушылық қабілеті байқалған елгезек жігіт көзге түспей қалған жоқ, көп ұзамай сенім білдіріліп жастар ұйымына жауапты жұмысқа шақырылды. Әбдіжәлел Бәкір 1965 жылы Қызылорда қалалық комсомол комитеті ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі қызметіне тағайындалды. Осы қызметте жүргенінде келешек көтеруге лайықты кадр ретінде Мәскеуге Бүкілодақтық лениншіл коммунистік жастар одағының (БЛКЖО) Орталық комитеті жанындағы Жоғары комсомол мектебіне саяси білімін көтеруге жіберілді. Оқу бітірген соң Қызылорда қалалық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, одан кейін Қызылорда облыстық комсомол комитетінің хатшысы болып сайланды. Ә.Бәкірдің 1967 -1974 жылдары қалалық, облыстық комсомол комитеттерінің жетекшісі қызметінде Қызылорда қаласында осы күнге дейін пайдаланылып келе жатқан үлкен стадионның құрылысын екпінді құрылыс деп жариялап, жастарды молынан жұмылдыруы сол замандағы тұстастарының есінде қалды. Стадион біткен соң оған кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында Сыр перзенті – жастардың жалын жетекшісі, Мәскеуде БЛКЖО Орталық комитетінде қызмет атқарған, сол бір өтпелі қиыншылық кезеңде өздерін ашаршылықтан құтқарғанын, оқуға кіргізгенін әрдайым ризашылықпен айтып өткен талай адамды қатарға қосқан Ғани Мұратбаевтың есімін беру, стадион алдына оның ескерткішін орнату істеріне де бастамашы әрі ұйымдастырушы болды. Бұдан басқа облыста күріштен әлемдік рекорд деңгейінде мол өнім алған әйгілі даңғайыр диқан Ыбырай Жақаевтың ізбасарларын қалыптастырып, еңбек даңқын жалғастыру үшін жас күрішші диқандар арасында жақаевшылар қозғалысын ұйымдастыру қолға алынды. Елімізде кең қанат жайған бұл үлкен іс Социалистік Еңбек Ерінің екінші Алтын жұлдызы болып Ыбырайдың ғана емес, күллі күрішші диқандардың мерейін көтерді. Мол өнімге қол жеткізген талай диқан даңққа бөленді. Осы ретте Ә.Бәкір араласқан осындай игі істің тағы бір мысалы – Ұлбала Алтайбаева. Он үш балалы әрі мол өнімші диқан Ардақты Ана Ұлбала Алтайбаеваның ерен еңбегі лайықты бағаланып, Социалистік Еңбек Ері атануына жеткізген мақсатты насихатты ұйымдастырушылардың бірі тағы да Ә.Бәкір еді. Бұл кезде ол ықпалды партиялық қызметте болатын. Комсомолдан соң қызмет Қызылорда облыстық партия комитетінде жалғасты. 1974- 1991 жылдары он жеті жылдан астам партиялық қызметте обкомның бөлім меңгерушісіне дейін көтерілді. Өзі қаруында қызмет істеген Қызылорда обкомының идеология жөніндегі хатшысы Қаржаубай Жарқынбековтің партияның сөзін сөйлей тұрып, ұлттық мүддені қисынын келтіріп жоғары қоя білетін қасиетін өнеге тұтты. Байсалды да байыпты, кішіпейіл, ізденімпаз, досқа адал, уәдеге берік болып қалыптасты. Обкомның бөлім меңгерушісі ретінде Әбдіжәлел Бәкір қауырт та жауапты қызмет ағынымен кетіп қалмай, партиялық жұмысты ғылыми ізденіспен ұштастыра алды. 1984 жылы Қазақстанның көрнекті этноәлеуметтанушы ғалымы, философия ғылымының докторы, профессор М.М.Сужиковтің жетекшілігімен ұ л т а р а л ы қ қ а т ы н а с т а р мәселелері бойынша диссертация қорғады, философия ғылымының кандидаты дәрежесіне ие болды. 1991 жылы Әбекеңнің қызметі тың салаға ауысты, Қызылорда облыстық телерадио хабарларын тарату компаниясының төрағасы болып тағайындалды. «Қазақстан-Қызылорда» облыстық телеарнасының мемлекеттік басқару органдарында халықпен жұмыс істеу мектебінен өткен әрі ұйымдастырушылық өмірлік тәжірибесі мол, ғалым жаңа төрағасы тың істе тосылып қалмады, ұжымды біліктілікпен шығармашылық ізденістерге бастады, жастардың таланты ашылуына тәлімгерлік қамқорлықпен ерекше мән берді, тұрмыстық жағдайларына да көңіл бөлді, беделін салып компанияға пәтерлер бөлінуіне қол жеткізді. Осылай ұжымдағы байырғы журналистердің тәжірибесін, жас буынның серпінді талпынысын жаңашылдыққа бұра білді. Тележурналистердің күнделікті таптаурын тақырып, күйбең мәселелер шырмауында қалмай, елдің көңіліндегі өзекті жайттарды зерттеуін, телеарнада көкейкесті тақырыптардың кеңірек қамтылуын алдыңғы кезекке шығарды. Тікелей эфирдегі «Жүздесу», «Көкейкесті» хабарлары жұртшылық көңілін дөп басты. «Сыр елі – жыр елі» деп, «Әнші балапан», «Жас қанат», «Таңшолпан» байқаулары жүйелі ұйымдастырылды. Ә.Бәкірдің жетекшілігімен қолға алынған ел ішіндегі халық таланттары – ақындардың, әншілердің, бишілердің, жыраулардың, жыршылардың, күйшілердің шығармашылығына арналған «Сыр саңлақтары» танымдық кездесу хабарлары көрермендердің ықыласын аударды, ол хабарлардың біразы «Қазақстан» ұлттық телеарнасының «Алтын қорына» қабылданды. Тоқсаныншы жылдардың басында абдырау кезеңінде таланттарды осылай қолдау олардың ғана емес, жұртшылықтың да рухын көтерді. Осы жылдары облыстық телеарна төрт мәрте республикалық байқаулардың жеңімпазы атанды. Әбдіжәлел Бәкірдің 1995 жылы Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне Қызылорда облысының Жалағаш, Жаңақорған және Шиелі аудандарын қамтыған аумақтық округтен халық өкілі ретінде депутат болып сайлануы оның қалыптасқан ұлтжанды да мемлекетшіл, орнықты қоғам қайраткері болмысын аша түсті, қабілет-қарымын жақсы танытты. Халқымыздың тілі, ділі, діні сияқты өзекті мәселелерде іркілмеді. Мәжілісте қабылданатын заңдардың, талқыланатын мәселелердің ұлттық мүдде тұрғысында қаралуында депутаттар – көрнекті қоғам қайраткерлері, Халық жазушылары Шерхан Мұртаза, Фариза Оңғарсынова, профессор Амангелді Айталы сынды кесімді тұлғалармен пікірлес болды, өзекті мәселелердің ұтымды шешімдерін табуда бірлесе әрекеттенді. «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы», «Жарнама туралы», «Мәдениет туралы», «Саяси партиялар туралы» және басқа да біраз заң жобалары жөніндегі жұмыс топтарын басқарды. Білімі мен білігі сай ұлтжанды әрі мемлекетшіл белсенді депутатты Мәжіліс төрағалары Марат Оспанов, Жармахан Тұяқбай, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Өмірбек Жолдасбеков әрдайым қолдап отыруы оның батылдығын қайрай түсті. Қоғамдық мәні зор заңдар жобаларының Мәжілісте жан-жақты да жете пысықталып, қабылдануы үшін белсене қатысты. Айталық, «Жарнама туралы» заң жобасына ішкілік ішу мен темекі шегуді жарнамалауға тыйым салу жөніндегі нақты ұсыныстарын енгізе алды. Мәжілісте балаларымыздың шетелге кетуі үлкен талқылауға түсені белгілі. Тағы да Айталы, Шераға, Фариза және Әбдіжәлел балаларды шетелдіктерге беруге өре қарсы шықты. Күндердің күнінде шетел асырылғандардың біреуі болса да мені өз елімнен бездіргендерге лағнет айтамын деуі де мүмкін ғой деген де жанға батар сөздер айтылды. Жетім ұрпағымызға қажетті жағдайды өз еліміз жасасын деді. Бірақ бұлардың ұсынысы өтпеді. Қазір сол балалардың базбірі ата-анасын шырқырап іздеп келіп жатқаны қоғамға мәлім. Қолданыстағы Тіл туралы заңды мемлекеттік мәртебелі қазақ тілінің өрісін кеңейту тұрғысынан жетілдіру немесе Мемлекеттік тіл туралы арнайы жаңа заң қабылдау жөніндегі ұсыныстары да қолдау таппады. Алайда Тіл туралы заңның 18-бабының екінші бөлігіндегі «Қажеттi тiлдiк ортаны жасау және мемлекеттiк тiлдiң толыққанды қолданылуы мақсатында, олардың меншiк нысанына қарамастан, телерадиоарналар арқылы берiлетiн мемлекеттiк тiлдегi теле-радиобағдарламалардың көлемi уақыт жағынан басқа тiлдердегi теле- радио бағдарламалардың жиынтық көлемiнен кем болмауға тиiс» деген құқықтық норманы енгізді. Ал осы норманың жүзеге асуы оңай болмағаны, талайға дейін қазақ тілді хабарлар телеарналарда түн ортасы ауа эфирге беріліп келгені кезінде жұртшылықтың орынды наразылығын туғызғаны мәлім. Ә. Бәкір парламенттік делегация құрамында бірқатар шетелде болып, парламентаралық қатынастарға өз үлесін қосты. ТМД елдерінің Парламентаралық Ассамблеясы Санкт-Петербург қаласында ұйымдастырған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияларда, Ресей Федерациясының Мемлекеттік Думасы өткізген «ТМД елдеріндегі тілдік қатынастарды заңдық реттеу» деген парламенттік тыңдауда баяндамалар жасады. Астанадағы қазақ мектептерінің мардымсыз жай-күйі, келешек өркендеуі туралы мәселе көтеріп, сол кездегі қала әкімі Т.Досмұханбетовтің есебі Мәжілісте тыңдалуы қазақ мектептері мен балабақшаларының көбеюін арттырды. Әбдіжәлел Бәкірдің ана тіліміздің мерейі үшін күрестегі осындай табандылығын жоғары бағалап, Мәжіліс төрағасы Жармахан Тұяқбай оны «Тілдің табанды тарланы» десе, депутат, қайсар қаламгер Шерхан Мұртаза әріптесін «Қазақ тілінің пәруана жанашыры» деп атаған екен. Бұқаралық ақпарат құралдарында да ел көңіліндегі өзекті мәселелерді ортаға салуымен жиі көрінді. Сайлаушыларымен кездесулерде айтары аз болмады. Ә.Бәкірдің міне осындай елжандылық қасиет-қарымын лайықты бағалаған Сыр елі оны өз округінде 1999 жылы екінші рет Парламент депутаты етіп сайлады. Халық қалаулысы ел сенімін ақтады.
Ақайдар ЫСЫМҰЛЫ,
Қазақстан мәдениет қайраткері,
Қазақ журналистикасының қайраткері Қызылорда облысының Құрметті ардагері,
Шиелі ауданының Құрметті азаматы. (Басы. Жалғасы газеттің келесі санында)
21 қаңтар 2025 ж. 41 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№5 (9272)

21 қаңтар 2025 ж.

№4 (9271)

18 қаңтар 2025 ж.

№3 (9270)

14 қаңтар 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031