Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » САЛҒЫРТТЫҚТЫҢ САЛДАРЫ АУЫР БОЛАДЫ

САЛҒЫРТТЫҚТЫҢ САЛДАРЫ АУЫР БОЛАДЫ

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы вирустық аурулардың өршуіне алаңдаушылық білдіруде. Еліміз 2023 жылдың сәуірінен 2024 жылдың наурызына дейін қызылша жұқтырғандар саны бойынша Еуропалық аймақта бірінші орынға шыққан. Бұл туралы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өзі хабарлады. ДДСҰ мәліметіне сүйенсек, өткен 12 айда Қазақстанда 36 292 адам қызылша жұқтырған. Екінші орында 28 855 жағдай анықталған Әзірбайжан келеді, ал Ресей үшінші орында тұр. Бұл елде 18 мыңнан аса адам қызылша жұқтырған. Аталған жұқпалы індетке қатысты өңірдегі бүгінгі ахуал қандай? Ауа тамшылары арқылы тез таралатын бөртпе туралы не білуіміз керек? Қызылшадан қорғанудың жолы бар ма? Осы тақырыпта ізденіп көрген едік…
ӨҢІРДЕГІ АХУАЛ
Шиелі аудандық санитариялықэпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысы Г.Айтекеева, балалар арасында әлі де қызылша ауруы тіркеліп отырғандығын жасырмады. 2023 жылдың қорытындысымен қызылшаның 241 жағдайы тіркелген. Оның 104-нің диагнозы лабораториялық зерттеу қорытындысымен нақтыланған-ды. Жалпы ауруға шалдыққандардың 86,0 пайызы 14 жасқа дейінгі балалар. Оның ішінде 1-5 жас аралығындағы балалардың үлесі басым болып, яғни 182 жағдай анықталған. Ал өткен жылдың өзінде аудан бойынша 156 қызылша ауруы тіркелген еді. Оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында 143 жағдай, мектеп оқушыларынан 12 бала ауырған.
БҰЛ ЖОЛҒЫ ВИРУС БАСҚАША
Қызылшаның алғашқы белгілері тұмау, жедел респираторлық вирустық ауруларға ұқсайды. Дене қызуы көтеріледі, көз қабынады, жөтел пайда болады. Сол себепті де көпшілік өздігінше ем қабылдай бастайды. 3-4 күннен кейін әуелі бет пен мойынға, одан соң бүкіл денеге бөртпе шығады. Бөртпе қызылша екенін білдіретін негізгі белгі болуы тиіс дейді мамандар. – Қоғамдық денсаулық сақтау қызметі жыл сайын орын алуы мүмкін деген ауру түрлеріне зерттеу жүргізіп, болжам жасайды. 2019 жылдан бастап вирустың «D8» және «B3» деген штамдары таралуда. Олар агрессиялық сипатқа ие. Яғни емделуі қиындау. Өкпені қабындыру ықтималдығы жоғары, – дейді Г.Айтекеева. Сырқат адамның дертті он шақты сау адамға жұқтыру қаупі бар. Мұндай қатерлі дерттің дауасы тек вакцина деуден талмайды дәрігерлер. ЕКПЕГЕ СЕНІМ НЕГЕ АЗАЙҒАН?
Вакцинация дұрыс жасалмаған сол кезеңнің олқылықтарының салдарын қазір тартып отырмыз. Қоғамда екпе десе шошып, одан бас тартушылар көбейіп келеді. Олардың айтар уәждері де әртүрлі. Осы мәселеге қатысты Денсаулық сақтау министрлігі жүргізген зерттеудің нәтижесі алаңдатады. Баласына вакцина жасатпаған атааналардың 51%-ы оның маңызын білмейді, 31%- ы діни көзқарастарына байланысты екпеден бас тартқан, 6%-ы бұқаралық ақпарат құралдары не болмаса интернеттен түрлі жайтты оқып, вакцинаға қарсылық танытушылар екен. Екпенің кез келген түріне қарсы ата-аналардың бірі – Айжан Сермұхамет. Ол – төрт баланың анасы. Осыдан он үш жыл бұрын екпе алған үлкен қызы қатты ауырғаннан кейін екпеге деген сенімін жоғалтыпты. – Алғаш ана атанғанымда дәрігерлердің барлық кеңестерін орындадым. АКДС екпесінен кейін қызым талып қалады. Екінші баламның да лимфалық түйіндері ісіп кетті. Балаларымда аллергиялық кері әсер болды. Содан кейін екпенің барлық түрінен саналы түрде бас тарттым. Екпенің құрамында не барын білмейміз, ешкім толық жауап бере алмайды. Балаларымның иммунитетін көтеру үшін қара зере майын беремін. Көпшілік орындарға бармаймыз, сол себепті де балаларым ауырып қалады деп қорықпаймын,– дейді ол. Осы мәселеге қатысты аудандық санитариялықэпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысы Гүлзада Айтекееваның ойын білдік. – Вакцинаның қауіпсіздігіне күдік тудыратын ақпараттар көбейген. 2010 жылдан бері екпеге қарсылық білдірушілер ата-аналар, әсіресе жастар арасында көбейіп келеді. Олар «екпе алмаса да, менің балам ауырып жатқан жоқ» деп ойлайды. Ал олардың қазіргі кездегі ауырмау себебі айналасындағы қоршаған орта – ата-анасы, ересек бауырлары, тума-туыс, көрші-көлем, т.б. барлығы инфекцияға қарсы егіліп, қорғалғандар. Қарапайым тілмен айтқанда, олардың айналасында жұқтыратын ауру көзі жоқ. Белгілі бір уақытқа дейін иммундық ахуалдары жақсы. Ал екпе алмаған сіздің балаңызда ондай иммунитет қалыптаспаған. Ол алдағы өмірінде әлі талай ортамен қарым-қатынасқа түседі. Сол кезде әлдебір жұқпалы ауруды жұқтырып алуы әбден мүмкін. Себебі қазіргі таңда адамдар арасында миграция өте көп. Инфекция басқа жақтан әкелінуі мүмкін екенін біз ешқашан естен шығармауымыз керек, – дейді. Вакцинациялау тегін медициналық көмектің кепілдік көлеміне енгізілген. Қазақстанда халықтың иммундауға байланысты барлық қаржы мәселесін шешуде 1995 жылдан бастап мемлекеттің өзіне жүктелген. Жыл сайын вакциналар республикалық бюджет қаржысына сатып алынады. Бұл ретте кепілді сапасы бар. Зертханалық тексеруден өткізілген және Қазақстан Республикасында тіркелген, дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен сертификатталған вакциналар әкелінеді. Әр елдің өзінің күнтізбесіне сәйкес, халықты егу кестесі белгіленген. Бұл елімізде «Медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде оларға қарсы міндетті профилактикалық екпелер жүргізілетін аурулардың тізбесін, екпелерді жүргізу қағидаларын, мерзімдерін және халықтың профилактикалық екпелерге жататын топтарын бекіту» туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 24 қыркүйектегі №612 қаулысына сәйкес жүргізіледі. Қазіргі уақытта вакцинациялау арқылы балалар мен халықты полиомиелитке, қызылшаға, қызамыққа, қырылдауық, көкжөтел, туберкулез, эпидемиялық паротитке, гемофильді инфекцияға, пневмоккок, «В» және «А» гепатитіне және өзге де жұқпалы аурулардан қорғанудың ең сенімді әдісін қолдану барысында екпелер жасалуда.
ДІНДІ ЖЕЛЕУ ЕТУ – НЕГІЗСІЗ
“Ислам дінінде денсаулық – ең үлкен құндылық. Вакцина – ғылымның жетістігі десек, Ислам ғылымды қолдайды. Дәрігер мамандар коронавирус індетімен күресудің бірден-бір жолы вакцина екенін айтып отыр. Ал Ислам дінінде адамның өмірі мен денсаулығы әрқашан бірінші орында тұрады. Вакцина алу ең алдымен өзіміздің қауіпсіздігіміз үшін қажет. Одан кейін отбасымыздың, үшіншіден, қоғамның қауіпсіздігі, маңайымыздағы әріптестеріміз, ағайын-тума, дос-жарандардың індетке шалдықпауы үшін екпе алудың маңызы зор, – деп жазды исламтанушы-теолог Ершат Оңғаров
ВАКЦИНА ТИІМДІ
Вакцина арқылы адам баласы инфекцияның 21 түрінен қорғанады екен. Қайбір жылы «А» гепатиті етек жайғанда тек вакцинация дертті тоқтатқан еді. Менингококк инфекциясы да бірнеше қазақстандықтың ажал құшуының себебіне айналған-ды. Оның да бетін вакцинамен қайтардық. Қазір бұрынғыдай вакцинаға сенбеуге негіз жоқ. Өйткені, елге Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мақұлдаған, еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі тексерген вакцина ғана әкелінеді. Арнайы термокөліктермен термоконтейнерлерде жеткізіледі. Қазіргі таңда тұмаудың да түр-түрін жұқтырғандар жоқ емес. Осы тұста оны «тұмау» деп менсінбей қарап, салдары өлімге апарып соғатынын ескере бермейміз. Мәселен, осыдан бірнеше жыл бұрын Грузияда тұмаудан 19 адам көз жұмып, елде карантин жарияланды. Жалпы карантин жариялау үшін науқастанғандардың саны 1000 адамнан асса, жетіп жатыр. Түйін: Қазақстан бұрынғы кезеңде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан «Қызылшадан ада» деген мәртебе алған болатын. Алайда, бүгінгі күні бұл мәртебені сақтап қалу не оның аясын кеңейту мәселесі үлкен сұрақ туғызып отыр. Екпе алудан бас тартқан адамдар тек өздерінің денсаулығына ғана қауіп төндіріп қоймай, айналасындағыларға да зиян келтіруі мүмкін екенін түсіну маңызды. Мұсылман қауымы үшін, әсіресе, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтқандай, «Шынайы мұсылман – өзгелерге сөзбен де, істің де зиян тигізбейтін адам» деген қағиданы ескеріп, қоғамға пайдасы тиетін қадамдар жасау қажет.
С.МАДИЯРОВА
21 қаңтар 2025 ж. 46 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№5 (9272)

21 қаңтар 2025 ж.

№4 (9271)

18 қаңтар 2025 ж.

№3 (9270)

14 қаңтар 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031