Жәутіков олимпиадасына 15 елдің үздік оқушылары қатысып жатыр
Астанада басталған 21-ші Халықаралық Жәутіков олимпиадасында 15 мемлекеттен келген үздік оқушылар математика, физика, информатика пәндері бойынша сынға түсіп жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.
ҚР Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Наталья Жұмаділдаева ашылу салтанатындағы сөйлеген сөзінде:
«Жәутіков олимпиадасы оқушылардың интеллектуалдық әлеуетін дамытуға ғана емес, Қазақстандағы білім берудің мәртебесін арттыруға да ықпал ететініне сенемін», деп атап өтті.
Сондай-ақ, Олимпиаданың қазылар алқасы төрағасы, Ұлттық ғылым академиясының академигі Асқар Жұмаділдаев өз сөзінде Жәутіков олимпиадасы әр елдің ең қабілетті оқушылары арасында білім, тәжірибе және идеялар алмасатын бірегей алаң екенін атап өтті.
«Бұл тапсырмалар білімді тексеріп қана қоймай, сыни ойлауға, шығармашылық шешімдер табуға, ғылымды өмірде қолдануға үйретеді. Сіздерге сенімділік, сәттілік және жаңа жетістіктер тілеймін!», деді Асқар Жұмаділдаев.
Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше байқауға Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Тәжікстан, Ресей, Беларусь, Армения, Әзербайжан, Түркия, Грузия, Болгария, Румыния, Сербия, Моңғолия елдерінен 700-ге жуық қатысушы келді.
Олимпиада 5 күнге созылып, жеңімпаздар 17 қаңтар күні анықталады. Білім бәйгесінің қорытындысы бойынша жеке рейтинг, сонымен бірге мамандандырылған мектептердің мықты командаларының рейтингі шығарылады. Олимпиаданың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне бағалы сыйлықтар беріледі.
Фото: gov.kz