Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЕҢБЕКТІҢ КӨЗІН ТАПҚАН – БАҚЫТТЫҢ ӨЗІН ТАБАДЫ

ЕҢБЕКТІҢ КӨЗІН ТАПҚАН – БАҚЫТТЫҢ ӨЗІН ТАБАДЫ

Сауда – сәттілікке ғана сеніп отыруға болмайтын бизнес түрі. Мұнда көп қиындық кездеседі. Тіпті, кейде шығынға ұшырып, өз-өзін зорға ақтайтын кез болады. Ең бастысы, саудада береке бар. Яғни, сауданы адалдықпен ұштастыра алған жан бизнесте жоғары жетістікке жетеді. «Еңбек адамы еліміздегі ең сыйлы адам болуы тиіс» деп Президентіміз айтқан еді. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Ақманат Мұханбетжан – сауда-саттықпен елге қызмет жасап жүрген жан.
Ол 1975 жылы Шиелі ауданы, Бәйгеқұм ауылында туған. Әкесі Тойжан сол кездегі Бәйгеқұм ауылындағы күріш зауытында қарапайым жұмысшы болған. Бүгінде қазыналы қарияның сөзі нық, өзі ширақ. Бұғанасы еңбекпен қатайып, маңдай тер жұмысымен мерейлі болған қария қазіргі таңда 85 жасқа келсе де еңбектен қол үзбеген. Бала-шағасына мал шаруашылығына қолғабыс жасап жүр. Еңбекпен еңсе тіктеген, қарапайым кісінің тәрбиесі Ақманаттай болашақ кәсіпкерге көп көмегін тиізді. Осы орайда, анасы Бибіажардың да қамқорлығы мен іскерлігі өз әсерін бергені анық. Бибіажар – қамыс зауытында жұмыс істеген алтын құрсақты ана. Жасынан еңбектің ащы дәмін татып, ұл мен қызын қатарынан қалдырмай өсіреді. Мехнатты тірлікті бастан кешсе де, ұрпағына ұлағатты тәрбие беріп, барлығын білімді етіп өсіруге күш жұмсайды. Жары Тойжан әкеймен бірге өмірге 8 перзент алып келген. Ақманат – отбасындағы үшінші бала.
– Еңбекке ерте араластық. Әуелі Бәйгеқұм ауылындағы №251 мектепті бітірген соң, Қызылорда кооперативный техникумында сауда саласын оқыдым. Сауданы алдымен анама көмекші болып жүріп бастадым. Ол уақытта үйден 50 бәліш пісіріп, соны өткізіп отырдық. 1995 жылы Ақтоған ауылының азаматы Сералы Бурабаевпен бас қосып, үш ұл, екі қызды тәрбиелеп отырмыз. Қазіргі күні өзімнің де 2 немерем бар. Содан соң жарым екеуміз Ақтоған ауылынан шағын дүкен ашып, кәсіп бастаған болатынбыз – дейді кейіпкеріміз.
Сералы Бурабаев ауылдағы шаруа қожалықта 10 жылға жуық есепші болып жұмыс істеген. Одан кейін әйелі Ақманат екеуі саудаға бет бұрып, 2013 жылы есік алдынан шағын дүкен ашып, халыққа қызметін бастайды. Шағын кәсібі жанданып, ерлізайыптылар бірлесіп 2021 жылы үлкен «Заңғар» атты дүкенін ашады. Бүгінде ауыл тұрғындарының көпшілігі осы дүкеннен керек затын алады.
Қос кәсіпкер мұнан бөлек ала жаздай егінмен де айналысады екен. Жер-Анадан несібесін күткен отбасы ауылдан 3 гектар жер алып оны игеруге машықтанған. Қауын, қарбыз, қызанақ, қызылша, картоп, т.б. көкөністерді егіп, күтіп-баптап күзде сатуға шығарады.
– Жер-Ана өз ырзық-несібесін үйіп-төгіп береді. Әрине, ол үшін қажырлы еңбек керек. Біз отбасымызбен маңдай теріміздің арқасында егін егіп, өзіміз де табиғи өнімді тұртынамыз, сондай-ақ ел-жұртқа қолжетімді бағада ұсынамыз. Ең бастысы, шынайы әрекет керек. Сонда ғана бәрі жақсы болады, – дейді Сералы Бурабаев.
Сонымен бірге ерлі-зайыптылар қосымша мал шаруашылығын да қолға алған. Бүгінде сиыр сауып, одан құрт жасап сатады. Жалпы, бизнес бір ғана саладан тұрмайды.
– Қайырымдылық іс-шараларында да жиі төбе көрсетуге тырысамыз. Жаңа жыл, 1 маусым – балалар күні, тағы да басқа мерекелерде балақайларға сыйлықтар таратамыз. Жалпы, халқымыз «қайырымдылық жасасаң, қайырымын өзің көресің» дейді емес пе? Сондықтан, мұндай кездерде көпшілікті қуантқымыз келеді. Алдағы уақытта ауылда үлкен монша ашуды жоспарлап отырмын. Бизнесті жан-жақты дамыту керек. Бір орнында тұрып қалуға әсте болайды, – дейді Ақманат Мұханбетжан.
Кәсіпкер табыстың көзін игеріп, бала-шағасын адал еңбек етуге үйрету барысында түрлі тәжірибе жасайды. Бұл өз кезегінде перзенттеріне деген тәрбиенің үлкені саналмақ. Себебі, бала айтқаныңды емес, көргенін көбірек істейді.

Шапағат ТІЛЕУБАЕВ
14 қаңтар 2025 ж. 42 0