Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Еңбектің көзін де, байлықтың өзін де тапқан – Ыбырай

Еңбектің көзін де, байлықтың өзін де тапқан – Ыбырай


«Еңбектің көзін тапқан байлықтың өзін табады» – деп ақ күріштен тау тұрғызған Ыбырай атаның ғасырдан астам уақыт бұрын айтқан сөзі бүгінде кәсібін ашып, еңбектің арқасында несібесін жеп, халықты жұмыспен қамтып, елдің алғысы мен ықыласына бөленіп жүрген, бүгінгінің қарапайым кәсіпкерлері мен “Қазақстанда жасалған” белгісіндегі өнімдерді шығарып, елімізді әлем тануына үлес қосқан алып компанияның қожайындарын еске түсіреді...
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың: “Жалпақ жұр­тыңды құрметтеу – туған өлкенің тарихын танудан, адамдарын ардақтаудан басталады” – деген сөзі бар. Шындығында, туған жерді, ардақты азаматтарымызды құрмет тұтып, қадірлемесек, кемеңгерді қайдан таппақпыз?! Ол – қарапайым еңбек ер атандырған Ыбырай Жақаев. Ол – ерен еңбегімен ұрпаққа үлгі, елге өнеге, халқына мақтаныш болған тұлға, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, күріш өсіруден әлемдік рекорд иесі. Биылғы жылы дала академигі Ыбырай Жақаевтың 125 жылдық мерейтойын ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен қатар атап өту – еңбекті құрметтеу, бағалау, ардақтау. Бұл бүгінгі ұрпақтың міндеті мен парызы болмақ.
Еңбектің көзін де, байлықтың өзін де тапқан қарапайым еңбек адамы туралы қаншама қалам тартып, ұрпағы ұлықтаса, соншама құны мен қадір-қасиеті артып келеді. Мамандығым педагог болып, бала тәрбиесімен айналысатындықтан болар, Ыбырай атаның ұлағатты сөздерін көбірек жадыма тоқып, өмірде “пайдама асыратыным” жасырын емес. Себебі, еңбек ету оның нәтижесін, рахатын көру мен адамгершілік турасында көпке үлгі, көңілге медет боларлық аталы сөзді атаның аузынан айтылған әңгімелерден табарың анық. Сөзім дәлелді болу үшін, әдеби авторы Оразбек Бодықов жазған Ыбырай Жақаевтың “Өмір жолдары” кітабынан үзінділер келтірейін.
“Менің ұғуымша, үгіттің үлкені еңбекпен, өзіңнің қажырлы еңбегіңмен үлгі болу деп ойлаймын. Өз ісіңнің дұрыстығына кәміл сенетін болсаң, оны беріле істесең насихаттың ең өтімді, ұғымды түрі осы ғой деп топшалаймын” – дейді Ыбырай ата.
Рас, кез келген істе өзің үлгі бола алмаған жұмысты басқадан қалай талап етерсің?
1964 жылдың желтоқсанында Ыбырай ізбасарлары жас күрішшілердің 1 слеті өткізіледі. Слетте сөз алған дихан ата: “Менің бұл өсиетімді қазір өмір сүріп отырған және дүниеге енді келетін жандар бар ғұмырын халқына қызмет етумен өткізген еңбек адамының ғибраты деп білсін” – деп бастаған болатын. – Еңбек маған шабыт берді, қайратыма қайрат қосты. Мен табысқа еңбек ету арқылы жеттім. Менің еңбегім елді қуантса, мен өзімді алтын сарайға кіргендей, сарқылмас қазынаға жолыққандай сезінемін, – деп бақыт пен қуаныштың, табыс пен қазынаның кілті еңбекте екенін жастарға жеткізді.
– Бақыт құсы басқа келіп өзі қонбайды. Оны қондыру әр адамның өз қолында. Егер өз халқыңның, туған Отаныңның игілігі үшін тер төксең нағыз бақытты еңбектен таптым дей бер – дейді Ыбырай ата тағы бір сөзінде.
Бейнетқордың еңбегін сыйла, белің бүгілмес,
Данышпанның өсиетін тыңда, елің түңілмес.
Елдің ноқтасын ұстасаң, міндетін арқаларсың,
Иманды болсаң, құрмет арқаларсың.
Туған жер мен туған тарих туралы: “Халқымыздың тарихына көз жүгіртсек бір жағынан қайғылы болғанымен, екінші жағынан ғажап та. Ата-бабаларымыз біз үшін осынау ғаламат, баға жетпес жер-ананы қалдырды. Жер дегеніңіз етектерін құлпыртқан көктемге бас шайқаған мұнар таулар, ит тұмсығы өтпейтін, басын жел тербетіп, үнемі мүлгіп тұрған ну орман, сұлу қыздың жанарындай мөлдіреген көл. Бірақ, өзім үшін жусанның иісі аңқыған, керіліп жатқан кең дала – Сыр өңірінен артық жер жоқ. Бұл өңірде тамыры қырық метрлік тереңдікке дейін бойлайтын, қақаған қысына да, аңызақты жазына да дес бермейтін жаңтақ деген шөп өседі. Осы шөпке қарап отырып адамға да туған халқымен, оның салт-дәстүрімен, мәдениетімен дәл осындай тамырлас болу керек деген ой туды. Сонда сені жау да, дау да алмайды. Менің сендерге айтар өсиетім: туған жерді көзіңнің қарашығындай сақтаңдар. Өйткені, ол біздің баға жетпес бар байлығымыз, мирасымыз. Сондықтан, оны келешек ұрпаққа жұтатпай, бұрынғыдан да гүлдендіріп қалдыруға тиіспіз”, – деп халқымыздың тамырластығын табиғаттың қарапайым бұтасымен байланыстырып мысал етеді.
Ойымды “Рекорд қалай туды?” – дегендерге “Алдымен – еңбек! Содан соң – еңбек! Тағы да еңбек!” – деп жауап беремін мен. – Қатты жерге қақ тұрар, қайратты ерге бақ тұрар, – деймін сөзімді жалғап.
– Еңбектің көзін тапқан байлықтың өзін табады” – деген Ыбырай атаның сөзімен аяқтағым келді. Ия, ол бар болмысымен халқының көз алдында қарапайым еңбек адамы бола тұра еңбектің символына айналып, есімі тарихта алтын әріптермен жазылды.
“... Адам да бір – аспанда ұшқан құс та бір. Ол құсты шырқау биікке алып баратын талап бар. Құстың көкірегіндегі арманы аспаннан құйылатын әсем ән болып төгіледі. Жүрегіндегі сыры айлы түнгі аспандағы жұлдыз болып жарқырайды. Сол әннің айтылмай жатып таусылғаны қиын. Жұлдыздың мезгіліне жетпей сөнгені қиын. Көрікті елдің базары тым ерте тарқаса сол қиын...” Бұл Ыбырай атаның өмір жайлы айтқан өрнекті ойы. Ұрпағының талаптанып, арман қанатында шырқау биікке ұмтылуын тілеген көңіл сыры. Тәуелсіз еліміздің базары таусылмай, жұлдызы көкте жарқырағай.

Жеңіскүл РЫСПЕМБЕТОВА,
№149 “Қызылту” орта мектебінің директоры.
Ы.Жақаев ауылы.
16 желтоқсан 2018 ж. 3 015 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930