Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Сөзден іске: «Таза Қазақстан» акциясы аясында 1,1 млн тоннадан аса қоқыс жиналды

Сөзден іске: «Таза Қазақстан» акциясы аясында 1,1 млн тоннадан аса қоқыс жиналды

Биыл табиғи ресурстарға бай Қазақстан ауқымды экологиялық өзгерістердің куәсі болды. «Таза Қазақстан» бастамасы бұл үдерісте үкіметтің, бизнестің және азаматтық қоғамның таза әрі тұрақты ортаны құру үшін күш-жігерін біріктіре отырып, шешуші рөл атқарды.
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы – бұл жай ұран емес, еліміздің өзекті экологиялық мәселелерін шешуге бағытталған кешенді бағдарлама. Ол кең ауқымды іс-шараларды қамтиды. Мәселен, саябақтарды, ормандарды және су қоймаларын қоқыстан жүйелі түрде тазалау. Оған қоса ағаштар, бұталар отырғызу және жаңа жасыл аймақтарды құру, өзендердің, көлдердің және теңіздердің ластануымен күресу, қалдықтарды бөлек жинау және қайта өңдеу жүйелерін енгізу. Таза қоршаған орта – халық денсаулығының кепілі. Табиғатты аялау оның байлығын болашақ ұрпақ үшін сақтауға мүмкіндік береді. Таза қалалар мен табиғи ландшафттар туристерді тартады. Ағаш отырғызу және парниктік газдар шығарындыларын азайту климаттың өзгеруімен күресуге көмектеседі. Экологиялық жауапкершілік Қазақстанның халықаралық беделін арттырады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен биылғы сәуір айынан бастап республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы бастау алғанынан хабардарсыздар. Осы жылдың наурыз-қараша айлары аралығында ұйымдастырылған акция 5,83 млн-нан астам адамның басын біріктірді, бұл – ел халқының едәуір бөлігін құрайды. Іс-шаралар аясында жаппай сенбіліктер өткізілді, олардың барысында 1,1 млн тоннадан астам қоқыс жиналып, 1,6 млн-нан астам ағаш отырғызылды. Мемлекеттік құрылымдар деңгейінде де, еріктілер мен жеке ұйымдарды қоса алғанда, жұртшылық арасында да белсенді түрде жұмыс жүргізілді. Осылайша 2024 жылдың жазы «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасының тарихындағы тағы бір жарқын кезең болды. Бүкіл ел бойынша мыңдаған адамдар ортақ үйімізді таза әрі қауіпсіз ету үшін күш біріктіріп үлкен іс атқарды.
«Тазалық – денсаулық кепілі» дейді. Бейберекет жатқан қоқыс сіз бен біздің денсаулығымызға қаншалықты кері әсерін тигізіп жатқанын байқай да бермейміз. Ал «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы халықты тазалыққа қана шақырып қоймай, жаңашылдыққа да үйретуде. Мәселен, «Таза ауа» рейдтері барысында 482 автокөлік тексеріліп, экологиялық стандарттарды бұзудың 105 фактісі анықталды. 96 жүргізушіге айыппұл мен ескерту түріндегі әкімшілік сипаттағы шаралар қолданылды. Бұл шаралар экологиялық нормаларды сақтаудың маңызды екенін көрсетеді, жол қозғалысына қатысушылардың жауапкершілігін арттырды. Сондай-ақ жобаның ерекше жетістігі – азаматтарға экология саласындағы проблемалар туралы хабарлауға және оларды шешуге қатысуға мүмкіндік беретін @TazaQazBot цифрлық платформасының құрылуы болды.
Осылайша, бір жыл ішінде чат-бот арқылы 7 929 өтінім келіп түсті. Олардың ішінде 7 061 өтінім орындалды, 168-і орындалу сатысында, 23-і өңделуде және 674 өтінім жойылды. Олардың арасында ең жиі келіп түскен өтінімдер: аумақтарды тазалау – 2 142 өтінім, тұрмыстық қоқысты шығару – 668 өтінім, көшелерді абаттандыру – 648 өтінім, жолдарды жөндеу бойынша – 595 өтінім. Өңірлер арасында Алматы көш бастап тұр – 2 014 өтінім. Одан кейінгі орында Астана тұр – 1 587 өтінім. Үшінші орында Қарағанды облысы – 757 өтінім. Чат-бот экологиялық мәселелерді жедел шешуге ықпал ете отырып, азаматтар мен мемлекет арасындағы диалогтың тиімді құралына айналды.
Осы орайда бір қызықты деректі бөлісе кетсек. Қазіргі таңда Германия – әлемдегі ең таза мемлекеттердің бірі. Алайда, ертеректе бұл елдің де халқы тазалыққа аса мән бермей, үйлерінен шыққан күл-қоқысты көрінген жерге тастап, елде антисанитария орнатып, салдарынан халық түрлі ауруларға шалдығатын болған. Жағдайды XV ғасырда граф Вюртембергтің жарғысы өзгертті. Жарғы бойынша, егер сіз көршіңіздің бір апта бойы ауласын тазартпағанын байқасаңыз, дереу бұл жайлы сол кездегі тазалық сақтау ұйымына ха­барлауыңыз тиіс. Ал, егер көрші­ңіздің салақтығына салғырт қа­рап, «немкеттіге» салынсаңыз, көр­шіңізбен қоса сіз де жазаланасыз. Бұл жазадан қорыққан халық жарғыны қалтқысыз орындап, осыдан кейін көшеде болсын, үйде болсын, тазалықты сақтап жүру немістердің әдетіне айналып кеткен екен. Олай болса Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев жариялаған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы да осындай оңды өзгерістің бастамасы болып тарихта қаларына сенім мол!

Г.Дүйсебай
23 желтоқсан 2024 ж. 37 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (9264).

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (9263)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (9262)

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031