ҚЫСТЫҢ СӘНІ – ҚАР. БІРАҚ...
Желтоқсан айы табалдырықтан аттағалы, қарашаны қуантып қар жауды. Бұған дейін қыс қатал мінез танытып, жел тұрып, мезгіл еркелігін көрсетуші еді. Желмен астасқан аяз көбімізді тоңдырғаны рас. Ең маңыздысы, қыстың сәні болған қар жауып, айнала ақ көрпе жамылып үлгерді.
Таяқтың екі ұшы болатынын ескерсек, қар түскелі жүргізушілер көлігін қысқа қамдаймыз деп зыр қағып жүр. Автобазар мен шиномонтаждың дәл қазір саудасы да, жұмысы да қызып тұр. Алғашқы қар айдың басында қылау бергенімен, дөңгелек ауыстырып үлгермегені баршылық дерсіз. Дәл қазіргі уақытта қар еріп кетті десек те, табиғаттың тосын мінезіне сақадай сай отырған жүргізуші жол апатынан алшақ болар деп сенеміз.
Таяқтың екі ұшы болатынын ескерсек, қар түскелі жүргізушілер көлігін қысқа қамдаймыз деп зыр қағып жүр. Автобазар мен шиномонтаждың дәл қазір саудасы да, жұмысы да қызып тұр. Алғашқы қар айдың басында қылау бергенімен, дөңгелек ауыстырып үлгермегені баршылық дерсіз. Дәл қазіргі уақытта қар еріп кетті десек те, табиғаттың тосын мінезіне сақадай сай отырған жүргізуші жол апатынан алшақ болар деп сенеміз.
Обалы нешік, сала мамандары дабыл қағып-ақ бақты. Әлі де ескертіп жатыр. Жүргізушілердің ерте қамданбай, немқұрайлы қарағанынан оқыс оқиғалар орын алуы бек мүмкін. Осы тұста өз сөзімізге қарсы шығуға да тура келеді. Көлік дөңгелегінің шырқап сала берген бағасынан біз де қапаланып қалдық. Мүмкін дейік, қарапайым жүргізушілердің қалтасы көтермей жатқан да шығар…
Күні кеше ашық дерек көзінен байқап қалдық, OLX бағдарламасындағы сервистерге сараптама жасалыпты. Жаңа дөңгелектің құны 25 пайызға өскенін, оны ауыстыратын шиномонтаж қызметінің бағасы 12 пайызға қымбаттағанын алға тартады әлгілер.
Көзбен көріп, көңілмен түйгеніміз мейлінше оң болар деп, орталық базардың дөңгелек сататын бөлігін аралап шықтық. Құр араламай, жүргізушілердің назына да құлақ түрген едік.
– Былтыр ғана «Опел» көлігіме қысқы дөңгелектің төртеуін 120 мыңға алған едік. Ауылдық жерде тұратын болған соң, тау мен таста жиі жүреміз. Алған дөңгелекті бір қыс қана пайдаланамыз, – дейді Қайрат есімді жүргізуші.
Ал Ренат есімді жүргізуші R18 өлшемі бойынша дөңгелек іздеп жүр екен.
– Мен іздеп жүрген дөңгелектің бағасы екі есе өсіпті. Алдыңғы жылы 22 мыңға алған едік, биыл кемі 45 мың теңге сұрап тұр. Жарайды, бізде тәубе, ақша бар. Ал қарапайым жүргізушілер қалай алуы керек? Көлігін несиеге алса, оның дөңгелегін де қарызға батып, бөліп төлеуі керек пе? Бағаға шектеу қоятын ешкім жоқ па? – деп басын шайқайды…
Біз де бағаның не себепті аспандап кеткенін саудагерлерден білмек болып едік, ашылып айта қоймады. Ашынып жүрген тек сатып алушылар ғана. «Фирмадан осылай келеді. Біз тек тиын ғана қосамыз» деген қысқаша жауап қайырады. Не де болса, жолда көңіліңіз алаң болмас үшін, көлігіңізге бүрі бар дөңгелек салып алғаныңыз абзал. Жолыңыз болсын, жолаушы!
С.МАДИЯРОВА