Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚЫСТЫҢ СӘНІ – ҚАР

ҚЫСТЫҢ СӘНІ – ҚАР

Әлемнің бірқатар елдерінде күні кеше «Халықаралық қар күні» аталып өтті. Нақтылайтын болсақ, аталған мереке жыл ­сайын Халықаралық шаңғы федерациясының мұрындық ­болуымен әлемнің 40-тан астам елінде тойланады. Ал Қазақстанда бұл ең алғаш 2012 жылы мерекеге айналған.
Қардың жапалақтап жаууы біз үшін үйреншікті жайт. Ал қар мүлде түспейтін жерлер де бар. Мысалы, тропиктік аймақта. Алайда климаттың күрт өзгеруіне байланысты ­Кенияда 2008 жылы бірінші рет қар жауған. Суық қарды өмірінде тұңғыш көрген Кения жұртшылығы таңырқай қарағаны рас. Біз көбіне қарды ұсақ домалақ күйінде көреміз. Ал әр түйіршігін жекелей қарар болсақ, түрлі әдемі өрнектерді байқауға болады. Соған сәйкес ғалымдар қар түйіршіктерін 10 топқа жіктеген. Яғни, дөңгеленген, үшбұрышты, алты қырлы, пластинка тәріздес және тағы басқа. Қоса кеткен жөн, миллиардтап жауған қар түйіршіктері бір-біріне мүлдем ұқсамайды. Оны суретке түсіріп алуда оңай дүние емес. Лезде еріп кетеді.
Ал сіз осы қардың қалай пайда болатынын білесіз бе? Қар мұз кристалдарынан тұрады. Мұз – кристалдары – 22-ден, – 40 градус аралығындағы суық температурада қалыптасады. Аспаннан түсетін мұз кристалдары 1 миллиметрге де жетпейді. Су буының нәтижесінде өте шағын кристалдар үлкейіп, жұлдызшаға айналады. Кейін атмосферадағы ретсіз қозғалыстың салдарынан жұлдызшалар бір-бірімен ұйысып, жерге жапалақ қар болып түседі екен. Осы тұста қар туралы ақпарларға тоқталсақ. 1969 жылы Швецарияда қара қар, ал 1955 жылы Калифорнияда жасыл қар жауыпты. Антрактиданың биік тауларында қызыл түсті қарлар кездескен. Алайда ғалымдар мұның құпиясын таба алмады. Ал әлемдегі ең үлкен қар 1987 жылы 28 қаңтар күні АҚШ-тан табылды. Оның диаметрі – 38 сантиметрге жеткен.
Түйіндей келе, қаңтар айы табылдырықтан аттағалы қар әлі жауа қоймады. Керісінше, қаңтар қатал мінез танытып, жел тұрып, қыстың ортаншы ұлы еркелігін көрсетуде. Желмен астасқан аяз, шиеліліктерді тоңдырғаны рас. Өкініштісі қыстың сәні болған қар күнін асыр салып, тойлай алмаймыз.

Сұлушаш МАДИЯРОВА
23 қаңтар 2023 ж. 472 0