ТӘУЕЛСІЗДІК БӘРІНЕН ҚЫМБАТ
Адамзаттың даму тарихына үңілер болсақ, бостандық үшін, тәуелсіздік үшін күрестің толассыз жүргізілетінін байқаймыз. Тіпті, тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін де оны сақтап қалу, баянды ету, ұрпаққа аманаттау – ұлы борыш. Міне, біздің Қазақ елінің тәуелсіздік алғанына биыл 33 толады. Бұл бір қарағанда тым азғантай мерзім. Алайда, осы 33 жылда Қазақстан аяғынан тік тұрып қана қоймай, әлемдік өркениетте орны бар әлеуетті мемлекет ретінде қалыптасты. Экономикасы дамыды, әлеуметтік жағдайы нығайып, елдің еңсесі көтерілді.
2021 жылдың қаңтар айының 5 жұлдызында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына» орай үш онжылдықта жеткен жетістіктер мен өткерген қиындықтар және де егемендікке қол жеткізудегі «тар жол, тайғақ кешудегі» тарихи кезеңдер жайлы «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласын жариялаған болатын. Мақала «Бағдар мен белес», «Таным мен тағлым», «Қоғам мен құндылық», «Ұлағат пен ұстаным» атты бөлімдерден тұрады.
Мемлекет басшысының бұл мақаласы бір рет оқып қоя салатын жазба емес, келер күнге бастайтын бағдаршам іспеттес әр адам жанына мықтап тоқитын, әркез қайталап шолып отыратын ауқымды дүние. Сондықтан мереке қарсаңында көпшілікке тағы бір қайталап оқуға кеңес берер едім.
Тәуелсіздік – қазақтың басты құндылығы. Қазақ елі үшін Тәуелсіздіктің мәні де, маңызы да айрықша. Өйткені, Тәуелсіздіктің арқасында қазақтың тарихы түгенделіп, тілі, діні және ділі қайта жаңғырды. Мемлекеттің ұлттық рәміздері қабылданып, ұлттық салт-дәстүрі жанданды.
Қазірде елімізге тыныштық орнап, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман келді деп мақтанышпен айта аламыз. Артқа тастаған 33 жылдың ішінде не атқардық деген сауал туса, тізбектеп сөзбен жеткізу мүмкін емес. Бір мемлекетке жетерлік іс тындырылды және жүзеге асырылды. Экономикалық жағдайымыз жақсарып, әл-ауқатымыз артты. Қазақ мектептері мен балабақшалар саны артты. Білім мен денсаулық жағдайына аса мән берілді. Өзге елдермен қарым-қатынасымыз жақсарып, саяси және мәдени қатынастар да үдей түсті. Елімізідің барлық саласындағы қызметкерлерге, шет елдің түрлі саладағы мамандарымен тәжірибе алмасуға жағдай жасалды. Осының бәрі тәуелсіз елдің мақтанышы деуге болады. Еліміздің туы көкте қалықтап, ынтымағы жарасқан ел болайық!
А.БАКИРОВА,
Шиелі аудандық архивінің архивисі