Алтын домбыра алтын ұлға бұйырды

Сөз бәйгесінің алғашқы күні 14 ақын өзара бақ сынап, айтыстың финалдық бәсекесіне от ауызды, орақ тілді 8 ақын жолдама алды. Ұлтымыздың ұлылығы мен қара сөздің қасиетін шабытты шумақпен паш етіп, айтысқа сусаған көрерменге елдік рухты асқақтатар ой салған ақындар әрленген әзілмен де елге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Республикалық аламан айтыстың қорытындысы бойынша, қазылар алқасының шешімімен бас жүлдені Мәдениет саласының үздігі, айтыстың ақтаңгері шиелілік Мейірбек Сұлтанхан иеленді. Оған «Алтын домбыра» және автокөлік табыс етілді. Сондай-ақ, жүлделі 1-орын және «Айтыс ақтаңгері» атағы ақтөбелік Нұрбол Жауынбаевқа, 2-орын жетісулық Айым Асылбекқызына бұйырды. Ал,айтыстың жүлделі 3-орынды қарағандылық Дидар Қамиев, павлодарлық Аспанбек Шұғатев және ұлытаулық Өміржан Көпбосын өзара бөлісті.
Осынау сүйінші хабардан кейін Қызылорда облысының әкімі Н.Нәлібаев әлеуметтік желідегі парақшасында «Алтын домбыра» құтты болсын!» деп жазба қалдырды. Онда: «Жаңа әзірде Астанада екі күнге созылған «Төрлет, еңбек адамы!» тақырыбындағы «Алтын домбыра» айтысында жерлесіміз Мейірбек Сұлтанханның топтан озып, үздік шыққаны туралы ақжолтай хабар жетті. Жыл бойы өткен халықаралық және республикалық айтыстарда жүлделі орын алған 14 ақын бақ сынаған сөз сайысында Сыр өнерінің, руханиятының жұлдызы биікте жарқырағанына бүкіл өңір жұртшылығы қуануда.
Айтыстың ақтаңгері Мұхтар Ниязовтан кейін «Алтын домбыраны» иеленген Мейірбек жыр еліндегі сабақтастықтың үзілмегенін тағы бір дәлелдеді. Нартайдың мақамын әуелетіп, атадан балаға мұра болған өнердің өміршеңдігін көрсетті. Еңбек тақырыбын, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы ұсынған «Адал еңбек – адал табыс – адал адам» қағидатын жырлады.
Сыр бойында туып, Сарыарқаны құтты қоныс қылған Мейірбек үлкен айтыста азулы ақындарға алдырмас қарсылас болып, көрерменді асыл сөздің нәрімен сусындатты. Табан астынан тауып айтатыны, салмақты ойы үйлесім тауып, оны биікке көтерді.
Барша жұртшылықты Сыр перзентінің қанжығасына «Алтын домбыраның» байлануымен құттықтаймын. Мейірбекке айтыстағы жетістігің құтты болсын, ел алдында айтар сөзің сарқылмасын деймін.
«Сыр елі – жыр елінің» өнер керуенін алға апарар ақтаңгерлері аман болсын!» делінген.
Иә, осылайша биыл «Руханият» жылы деп жарияланған Сыр елі – жыр елінің абыройын Елорда төрінде абыроймен қорғап, жеңіс тұғырынан көрінген Алаштың ардақты ұлын біз де құттықтай отырып, шалқар шабыт, шығармашылық табыс тілейміз!
М.Ибрагим