Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ОЛЖАЛЫ БОЛУ ОҢАЙ МА?

ОЛЖАЛЫ БОЛУ ОҢАЙ МА?

Қазіргі кезде бір айлап тапқан жалақысын «екі есеге молайтамын» деп немесе «жылдам ақша табамын» деп әртүрлі құмар ойындарына бас сұғатындар көп. Оның ішінде букмекерлік кеңселеріндегі құмар ойындары қызу жүріп тұр. Бүгінде ойын автоматтарына шектеу қойылды десек те, букмекерлік кеңселердің зияны ойын автоматтарынан кем болып тұрған жоқ. Бастапқы жылдары букмекерлік кеңселер халықты сендірудің бар амалын қарастырып бақты. Артынша соларды жағалайтын жастар мен жұмыссыздар көбейді. Әсіресе футболдан Әлем чемпионаты кезінде мұндай орталықтардың жұлдызы жанады.
Құмар ойыншылар саны 1 миллионға жетті
Бұл туралы Мәжіліс депутаты Руслан Берденов мәлімдеді. Оның ақпаратынша, мектеп жасындағы 3,5 млн баланың 700 мыңнан астамы бір рет болсын бәс тіккен, яғни олар лудоманиямен таныс, құмар ойындарды қалай ойнау керегін біледі.
«Бұл Қазақстанда 1 миллионнан астам құмар ойыншы санының одан әрі өсетінін көрсетеді. Біраз жерде елімізде 350 мың лудоман бар деп айтылып жүр, бұл – көрсеткіш ескі. Қазіргі таңда, өкінішке қарай, бұл көрсеткіш 1 миллионға жетті» дейді Берденов парламенттік тыңдауда. Депутат келтірген бейресми ақпарат бойынша банктердің транзакцияларының қырық пайызын бәс тігу құрайды.

«ҚАРЫЗ ҚҰЛДЫҒЫНА» ИТЕРМЕЛЕГЕН ДЕРТ
Соңғы кезде қарапайым халықтың лотерея ойындарына деген қызығушылығы артқан. Тұрақты түрде ойнап, біраз қаржысын осыған жұмсап жүрген азаматтарымыз жетерлік екен. Мәселен, әр сенбі күні терминал арқылы бірнеше лотерея сатып алып жүрген азаматтарды үнемі байқаймыз. Бұған қоса, бүгінде ауылдық жерлерде белең алғаны – карта ойынын ойнау. Ол не себепті құмар ойын болып есептеледі? Себебі, карта ойнында ақша тігілетін болса, онда ол заңбұзушылыққа жатады.
Шарттары әртүрлі болып келетін карта ойындарының да неше түрлі атауы бар. Негізінен, бұл құмар ойындарының тарихы сонау 1917 жылдан басталады. Ол кезде карталық түрі жеке клубтар мен орталықтарда ғана ойналып жүрді. Алайда тек қалталылар мен кәсібилердің заңсыз ойындары болғандықтан, қадағаланбаған болатын. 1989 жылдан бастап КСРО аумағына ойын автоматтары таратыла бастады. Содан соң, Қазақстанға да бұл дерт жетіп үлгерді. Ал 1993 жылдары казинолар ашылып, 2000 жылға қарай Қазақстанның ірі қалалары ойынханалар желісіне айналып, тәжірибесіз азаматтарды өзіне тарта бастады. Мінекей, осындай тамыры тереңде жатқан құмар ойындарының бүгінгі көрінісі көпке белгілі.

Құмар ойын қайдан пайда болды?
Ежелгі уақытта ең көп таралған құмар ойын – сүйектер. Араб тіліндегі «азарт» сөзі «аззахр» сөзінен шыққан, аударғанда «ойынға арналған сүйектер» деген мағынаны білдіреді. Археологтар әлі күнге дейін бұл ойынның атрибуттарын әлемнің әр түкпірінен тауып жатыр.
Айта кетейік, сүйектер тек ойын-сауық сипатына ие болған жоқ. Олардың көмегімен бақсылар болашақты болжай алған, сондай-ақ даулар мен басқа да мәселелерді шешкен.
Сүйек құмар ойыны ежелгі Греция мифологиясында, ежелгі Үндістанның ведаларында, Араб қолжазбаларында және қытай жазбаларында да кездеседі. Бұл жазбаларда адамдардың құмар ойындарға тәуелділігі туралы оқуға болады. Олар тек ақша немесе құнды затпен шектелмей, адам өмірі мен бостандығына да тәуекел етіп құмар ойын ойнаған.
Мысалы, шығынын төлей алмаған немістер құлдыққа сатылған. Айта кету керек, бай адамдар да, кедейлер де сүйектермен ойнаған. Сондықтан құмарлыққа деген қызығушылық та арта түскен. Осылайша, кедей адам байып, ал бай бір сәтте кедейге айналып кетуі мүмкін болған.
Құмар ойын – адамның біліктілігіне қарағанда сәттілік арқылы жүзеге асатын, жеңіл жолмен байлыққа кенелудің бір түрі. Алайда бұл оңайлықпен келетін нәрсе емес. Себебі, құмар ойындардың заңдылығы да осында. Әуелі ұйымдастырылған сәттілікпен жеңіске жеткен ойыншы, қанағатсыздық танытып, олжасын еселегісі келеді. Ойын шарты бойынша адам ақыр соңында қалай болмасын жеңіліске ұшырауы тиіс. Барынан айырылғанымен қоймай, келесі жолы айым оңынан туады деген соқыр үміттің арба­уында қалып, тоқтаусыз ойынды жалғастыра берушілер де аз емес. Адамды құмар ойынға жетелейтін бірнеше факторлар бар. Біріншіден, өз-өзіне деген сенімсіздік, төмен бағалау. Шынайы өмірден гөрі виртуалды өмірге жақын болу, өз сезімін басқара алмау. Екіншіден, өз-өзіне көңілі толмаушылық, жалғыздық, ешбір еңбексіз бірден байып кету тілегі, психикалық ауруға деген бейімділігі және басқа да тәуелділіктер. Жапон ғалымдары соңғы зерттеулерінде ойынға тәуелділік «бақыт гармонының» жетіспеуінен де болатынын дәлелдеп отыр.
Құмар ойындарын түпкілікті тамырымен жойып жіберу мүмкін емес. Дегенмен де, не нәрсенің де шегін білсек, құба-құп. Ендеше, адам болып адамшылыққа бет бұрып, адал өмір сүргенге не жетсін?!

Г.СӘБИТҚЫЗЫ
03 желтоқсан 2024 ж. 53 0

Қоғам

ҒАСЫРҒА ИЕК АРТҚАН БАСЫЛЫМ
03 желтоқсан 2024 ж. 53

Толағайлар тартысы

03 желтоқсан 2024 ж.

ОЛЖАЛЫ БОЛУ ОҢАЙ МА?

03 желтоқсан 2024 ж.

PDF нұсқалар мұрағаты

№96 (9260)

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 (9259)

01 желтоқсан 2024 ж.

№95 (9259)

29 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031