ЖАСЫЛ БЕЛДЕУ ЖАНҒА – САЯ, ДЕНГЕ – ДӘРУ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жоладуларының бірінде «Қоршаған ортаны қорғау және экологиялық даму – еліміз үшін алдыңғы кезекте тұрған мәселе. Бүкіл өркениетті әлем жұртшылығы осы мәселемен айналысуда. Бізге де мұндай жаппай үрдістен шет қалуға болмайды» деп ерекше атап көрсетті. Президент сондай-ақ «Бес жыл ішінде орман алқабында 2 миллиард, елді мекендерде 15 миллион ағаш отырғызылады» деді. «Істің басы – ниет». Ниет болса, тақыр жерді де гүлдендіруге болады.
Әрбір ағаш қандай да бір тіршілік иесінің пайдасына асса, бір құс ұя салып, жемістерін жесе, бір адам көлеңкесін саялап, кәдесіне жаратса, осының өзі үлкен сауапты іс. Ағаштың экологиялық мәселені, ғаламдық жылынуды реттеуде және топырақты бекітуде де маңызы зор екені баршамызға аян. Тұрмыста қолданылатын қызметі өз алдына бір бөлек әңгіме.
Әрбір ағаш қандай да бір тіршілік иесінің пайдасына асса, бір құс ұя салып, жемістерін жесе, бір адам көлеңкесін саялап, кәдесіне жаратса, осының өзі үлкен сауапты іс. Ағаштың экологиялық мәселені, ғаламдық жылынуды реттеуде және топырақты бекітуде де маңызы зор екені баршамызға аян. Тұрмыста қолданылатын қызметі өз алдына бір бөлек әңгіме.
Қазіргі уақытта аудан көлемінде жүргізіліп жатқан қызу тазалық жұмыстарына барлық мекеме қызметкерлері бір кісідей атсалысып, әр ұжым бөлінген аумақтар мен көшелерде қарқынды жұмыс істеуді жалғастырып жатыр. Бұл шара ең әуелі тұрғындардың табиғатқа деген оң қарым-қатынасын қалыптастыруға және ауданның санитарлық жағдайын жақсартуға бағытталған.
Тазалықтан бөлек, көшет егу жұмыстары да қарқынды. Иә, ағаш егуге көңіл бөлу – адамзаттың алдында тұрған басты парыздарының бірі. Себебі жасыл желектің жердегі экологиялық жағдайға тигізетін әсері өте үлкен. Жер бетіндегі барлық тіршілік иелері ауаны қажет етеді. Фотосинтез барысында ағаштар көмірқышқыл газын сіңіріп, оттегіні шығарады. Өкпедегі газ алмасу процесін реттеп, тыныс алуды жақсартуға серпін береді. Ағаштарға жақын жерде өмір сүру физикалық және психикалық жағдайды жақсартады. Себебі олар қан қысымын төмендетіп, стресті азайтатын қасиетке ие. Тізбектей берсек, тағысын тағы.
Сонымен қатар қасиетті дінімізде де ағаш егу сауапты іс саналады. Егер отырғызған ағаштың көлеңкесіне бір адам саяласа, ол үшін бұл іс садақа болып жазылады. Адам дүниеден өткен шағында да еккен ағашының сауабы қурап кеткенше оған келіп тұратын көрінеді. Адамдар үшін ағаш отырғызудың пайдасы қаншалықты мол екенін екі дүниенің сардары болған Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бірнеше хадистерінен де байқауға болады: «Егер әлдебір мұсылман ағаш көшетін отырғызса немесе егін ексе, кейін оның жемісінен адам жесе де, құс шұқыса да, мал жесе де, ол үшін садақа болып жазылып тұрады». Сондықтан әрбіріміз аула алдына бір түп ағаш отырғызсақ та, бұл әрекетіміз үлкен сауапқа кенелтетін, ең абзал істердің қатарынан болмақ.
Деректер бойынша, бір кәрі ағаштың 3 адамды оттегімен қамтамасыз ете алатын қауқары бар. Дегенмен, қазіргі таңда автокөліктер мен түрлі зауыттардың көптігі экологияның бұзылуына алып келетіндіктен, бұл көрсеткіш аздық етеді. Бұдан бөлек, бүгінде аудан ішіндегі немесе ауыл-аймақтардағы ағаштардың көбі кәрі ағаштар екені жасырын емес. Әрине, жыл сайын аудан мен ауылдық округтердің айналасында көшеттер отырғызылып жатыр. Бірақ оны уақытында суару, күтіп-ұстау жағы әлсіреп тұр. Тіпті кейбір көшелерде аяқсудың тапшылығы әсерінен көшет егуге арнап қоршалған жерлерді арамшөп басып үлгерген. Осындайда аудан тұрғындары арасында «Соңғы бірнеше жылда еккен ағаштар өссе, осы уақытта масатыдай құлпырған ну орманның ішінен бір-бірімізді таппай қалатын кез болды-ау» деп әзіл-шыны аралас айтқан шымшыма әңгімесі рас-ау дерсің.
Себебі жыл сайын ағаш егу науқанында қаншама көшет отырғызылғанымен, көбіне қурап қалып жатты. Бұл мәселенің алдын қалай аламыз? Осы тұста шет мемлекеттерде кең қолданыс тапқан өсімдіктерді тамшылатып суару әдісі жақсы шешім бола алады. Бұл туралы бұған дейін «Өскен өңір» газетінде бірнеше мәрте мәселе көтерілген. Бұл әдіс жасыл желектің тамырына суды, тыңайтқыштар мен оларды зиянкестерден қорғайтын агрохимиялық заттарды біркелкі жеткізу үшін пайдаланылады. Тамшылатып суаруға арналған құбырлар топырақ үстімен немесе астымен орналасады. Тамшылатып суарудың бір қасиеті – суды әрбір егілген дақылдың үстіне тамшылатып қоюында. Суарудың мұндай түрі тыңайтқышты да, суды да қажетті мөлшерде, яғни барынша үнемді түрде қолдануға мүмкіндік береді. Соңғы жылдары шиеліліктер тың әдісті көзін тауып, тал егуге қолданып та үлгерді. Нәтижесі көзге көрініп-ақ тұр. Қанша мәрте көшет егіп, көгерте алмаған аумақтар, қолдан суарудың нәтижесінде тамырын тереңге жая бастады.
Осыдан жарты ғасырдай бұрын көптеген ауылдың кіреберісінде табиғи қорғаныс белдеулері, яғни екі жағы жайқалған талдар болатын. Бұл елді мекеннің көркін ашады, ең бастысы желден, аяздан ықтап, қорғайды. Сондай жасыл белдеулер қайта жасалса, аудан жайқалған баққа айналары сөзсіз. Бұл мақсатта атқарылып жатқан шаруа да аз емес. Аудан әкімінің бастамасымен сенбі сайын көшет егу жұмыстары жүргізілуде. Сондай игі шараға жуырда кент ардагерлері де кірісті. Көшет егіп, көпке үлге көрсеткен ардагерлер:
– Қазіргі еккен тал-шыбық, ертең жапырағы жайқалған ағаш, одан әрі көрікті орман болатыны белгілі. Осыдан бірнеше жыл өткен соң бұл ағаштардың саясын немере-шөберелеріміз көреді. Дана қазақ «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деп ағаштың адамзатқа берер пайдасын ерекше атап өткен, – дейді.
Иә, «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын» деген осы. Талды егу бір жұмыс, оны күтіп-баптап өсіру – бөлек шаруа. Келер ұрпаққа жасыл желекке оранған шырайлы мекен қалдырсақ, олардың бізге алғыстан басқа айтары болмас.
Гүлхан СӘБИТҚЫЗЫ