Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ғасыр дерті дендеп тұр

Ғасыр дерті дендеп тұр

1 желтоқсан – Бүкіл дүниежүзілік ЖИТС індетіне қарсы күрес күні болып белгіленген. Әлемдік медицина таңғажайып әсері болатын вакцина іздестіру үстінде. Десек те, әзірше сырқаттың белгілерімен ғана күресуге тура келеді. Дәрігерлер бәрінен бұрын тәуекелді топқа 15-49 жас аралығындағы жастарды енгізіп отыр. ЖИТС-қандай да бір белгілері сезілмейтін науқас. Сонда да осы мәселемен айналысып жүрген мамандардың айтуынша, тыныс алу жолдары: асқазан, орталық жүйке жүйесі барынша осал келеді. Көз бен құлақтың зақымдалатыны да байқалады. Орталық жүйке жүйесінің зақымдануының салдарынан ақыл-ес кемістігі бой алдыруы ықтимал. Соңы азапты өлімге ұласады дейді олар. Ғасыр дерт жайлы толығырақ зерттеу мақсатында ЖИТС инфекциясының алдын алу орталығы Шиелі филиалының меңгерушісі Жұлдыз Пернебаеваны сөзге тарттық.
– Қазіргі таңда аймақта ЖИТС ауруын жұқтырғандардың үлесі қанша? Жалпы орталықта қанша адам тіркеуде тұр?
– АИТВ жұқпасы – қоздырғышы АИТВ болып табылатын антропоноздық созылмалы жұқпалы ауру. АИТВ жұқпасы кезінде иммундық жүйе біртіндеп бұзылып, оппортунистік жұқпалар бас көтеріп, ақырында ЖИТС пайда болады. Ал ЖИТС дегеніміз – 1 немесе бірнеше СПИД индикаторлық аурулар пайда болған АИТВ жұқпасының ең соңғы терминалдық сатысы. Қазір Қызылорда облысында өсу үрдісімен алғанда 336 АИТВ-жұқтырған ҚР-ның азаматтары тіркелген. Бұл – 1990 жылдан бастап 2024 жылдың 10 айын қосқанда тіркелген ауру саны. Ал 2024 жылдың он айында 35 АИТВ жұқтырғандар анықталып отыр.
– Бұл дерттің ауылдық жерлерде көптеп тіркелуіне не себеп?
–Дауасыз дерттің ең көп дерегі аудандар арасында Шиеліде тіркеліп тұр. Мәселен, көршілес Жаңақорған ауданында 25, Аралда 17, Қармақшыда 16, Қазалыда 22 адамнан АИТВ жұқпасы анықталса, Қызылорда қаласының өзінен 170 адам ауру жұқтырып отыр. Ал ауданда 31 дерегі тіркелген. Жылдан жылға облыс тұрғындарының АИТВ инфекциясына тестілеу, тексеру жұмыстарының өсуіне байланысты аудан халқы арасында да АИТВ-инфекциясын қарастырудамыз. Осы бағытта Шиелі мен Қазалы аудандарында ЖИТС орталығының филилалдары мен Арал, Қармақшы, Жалағаш, Сырдария, Жаңақорған аудандарында психоәлеуметтік кеңес беру кабинеттері жұмыс істеуде.
– Республикада Қызылорда облысы инфекцияны жұқтыру дерегі бойынша нешінші орында? Ал алғашқылардың қатарында қай облыс тұр?
– Қазақстан Республикасында АИТВ-инфекциясының бірінші жағдайы 1987 жылы болған. Сол кезеңнен бастап 54334 ҚР-ның азаматынан АИТВ-инфекциясы анықталған. Деректерге сүйенсек, Алматы қаласы– 9596, Қарағанды – 8022, Шығыс ҚО – 5413, Павлодар – 4494, Қостанай – 3895, Алматы облысы – 3778, Астана қаласы – 3467, Шымкент қаласы – 2648, Солтүстік Қазақстан – 2272, Түркістан облысы – 1961, Қызылорда облысы 336 науқаспен 19-шы орында, бізден кейін 165 аурумен Ұлытау облысы тұр. Соған қарамастан, осы ауруды азайту, төмендету мақсатында алдын алу жұмыстары пәрменді түрде жүргізілуде.
– Аймағымызда тіркелген науқастардың басым бөлігі қандай жолмен жұқтырады?
– Негізінен АИТВ – инфекциясы білінбей өтетін дерттің түрі. Вирус адам ағзасына ауыз қуысы сілекелейлері, тері арқылы, инфекция жұқтырған адамдармен жеке гигиена заттарын бірге пайдаланған жағдайда жұғады. Бұдан бөлек жұғудың бірнеше түрі бар. Олар: қорғаныссыз жыныстық қатынас арқылы, АИТВ жұқтырған нашақормен бірге тамыр арқылы есірткі тұтыну кезінде. АИТВ жұқтырған жүкті әйелдің ішіндегі ұрыққа не жүктілік кезінде сәбиге жұғуы мүмкін. Одан бөлек, бүгінгі таңда сән салоны көптеп ашылуда. Мұнда татуировка, пирсинг, маникюр, педикюр жасату кезінде стерилденбеген құралдар пайдалану кезінде жұғу ықтималдығы жоғары.
– Бұл инфекцияны көбінесе қай жастағылар жұқтырады? Жас мөлшеріне тоқталып кетсеңіз?
– Ғасыр індетіне айналған Вич/Спид, яки, адамның иммунитет тапшылығының вирусы және жұқтырылған иммунитет тапшылығының синдромы төңірегіндегі қорқыныш уақыт өткен сайын үдей түсуде. Емі табылу былай тұрсын, жыл сайын оның шырмауына миллиондар шырмалуда. Өрімдей жастар, сан мыңдаған тағдырлар тажал құрбанына айналу үстінде.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сүйенсек, 40 млн-нан астам адам ЖИТС ауруын жұқтырған. Көбінесе бұл дертке 19 бен 49 жас аралығындағы жандар шалдығады екен. Ал біздің елде ше? Республика бойынша есепті кезеңде 3193 ҚР азаматтарында АИТВ инфекциясы анықталған. Жас ерекшеліктеріне тоқталсам, 30-39 жас аралығында 31,7 %, 40-49 жастар арасында 29,4, 20-29 жастарда 17,7 пайызды құрайды.
– АИТВ инфекциясының алғашқы белгілері қандай болады?
– Алғашқы белгілер инфекциядан кейін 2-4 апта ішінде пайда болады, тұмауға ұқсас келеді. Яғни лимфа түйіндері ұлғаяды, тамақ ауырады, бұлшық еттер сынады, температура көтеріледі, кейде аузында жаралар немесе денеде бөртпе пайда болады. Десек те, кейбір адамдарда ешқандай белгілер болмауы мүмкін. Содан кейін иммунитет антиденелерді белсенді түрде дамыта бастайды және вирустың тез көбеюін бәсеңдететін басқа қорғаныс механизмдерін бастайды және жоғарыда сипатталған жағдай өтеді. Адам өзін жақсы сезіне бастайды және бірнеше жыл бойы қарапайым өмір сүреді. Бұл кезең 10 жыл немесе одан да көп уақытқа созылуы мүмкін, бірақ вирустың шабуылымен иммунитет ерте ме, кеш пе беріліп, ЖИТС басталады.
– Дерттен сақтанудың жолы қандай?
– Бірінші, өзіңізге жете таныс емес, кездейсоқ біреумен жыныстық қатынас жасаудан аулақ болыңыз. Біреудің қолданған шприцін, қырынуға арналған заттарын қолданбаңыз. Татуировка, персинг, маникюр, педикюр жасатқан кезде инедердің залалсыздандырылуына айрықша мән беріңіз. Тіс емдетуге барған кезде де құрал-саймандардың тазалығын қадағалауды ұмытпаңыз. Айта кетсек, АИТВ жұқпасы жәндіктер шаққанда, қол алысып құшақтасқанда, монша, ванна, бассейн, дәретхананы бірге қолданғанда, төсек-орын, ыдыс-аяқ сынды тұрмыстық заттарды бірге пайдалағанда және түшкіріп жөтелгенде жұқпайды.
«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деп бекер айтылмаса керек. Ұлт үшін, ұрпақ үшін алаңдаған адам уақытылы тексеруден өтіп тұруы қажет. Жұқтырылған ауруды емдеуге қарағанда, АИТВ-ны жұқтырудан сақтану анағұрлым пайдалы және тиімді екенін баршамыздың білгеніміз жөн. Сақтансаң сақтаймын деген. Сол себептен қауіпті дерттен сақтанып жүрейік!
– Сүбелі сұхбатыңызға рақмет!

Әңгімелескен: Айнұр ИБРАШ
02 желтоқсан 2024 ж. 66 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№96 (9260)

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 (9259)

01 желтоқсан 2024 ж.

№95 (9259)

29 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031