Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлттық құндылықтарды қалыптастыру – ардагерлер ұйымдары қызметінің негізгі бағыты

Ұлттық құндылықтарды қалыптастыру – ардагерлер ұйымдары қызметінің негізгі бағыты

ТҮРКІСТАН: ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚ – ҰЛТТЫҢ ҚАЗЫНАСЫ – Түркістан газетіАудан ардагерлерінің мақсаты – келешек ұрпаққа, қазіргі замандас жастарымызға ұлттық құндылықтарымыз жайлы бағыт-бағдар бере отырып, қазақи қасиеттеріміз – тәрбие негізі екендігін түсіндіру. Ұлттық құндылық туралы әңгіме бола қалса, менің ойыма біріншіден, мемлекеттік рәміздер мен қадірлі қазақ тілі – ана тіліміз түседі. Расында, еліміздің дербестігі мен тәуелсіздігін бүкіл әлемге танытушы әрі мемлекетіміздің өткені мен бүгіні және болашағы арасында сабақтастықтың жарқын көрінісі – мемлекеттік рәміздер. Ту, Елтаңба, Әнұран – халқымыздың мұқалмас рухын, қаһармандығы мен даналығын, асқақ арман-тілегін жеткізетін құнды белгілер.
«Туым – теңдігім, Елтаңбам – ерлігім, Әнұраным – айбыным» деп білген қазақ халқы үшін бұл құндылықтардың орны ерекше. Мемлекеттік рәміздер – тек төрге іліп қою үшін ғана жаралмаған, ол сонау ғасырлар қойнауынан сыр шертер тағылымды тарихымыздың шынайы көрінісі. Оның мазмұнды нышандары кешегі өткенімізді айшықтап, ертеңгі мақсатымызды айқындап тұрғандай әсер береді. Аспан түстес көк Туымыз, айбынды Елтаңбамыз, асқақ Әнұранымыз Алаш баласының баға жетпес байлығы. Осындай құндылықтарға қарапайым халықтың құрметін қалыптастырып, жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу басты мақсатымыз, парызымыз болып қалуы тиіс. Аудан көлемінде бұл құндылықтарға 4-маусым – мемлекеттік рәміздер күніне орай айрықша мән беріледі. Еліміздің, оның ішінде аудан тұрғындарының патриоттық рухын арттыру, туған жерге және оның Рәміздерге деген құрметін, мақтанышын, ұлттық сезімін ояту үшін тек 1 күн аясында шектелмей, осы бағыттағы іс-шараларымызды молайта түсуіміз керек.
Қазақ халқының уысына түспей келе жатқан құндылықтарының құндысы – қазақ тілі болып тұрғаны аян. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болғанына биыл 35 жыл толады. Қазақ тілі осынша жылда өз биігіне көтерілді ме? Ештеңе айта алмаймыз. Өйткені, Конституциямыздағы «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деген сөйлем орыс тілінің айын оңынан туғызып тұр. Әлі күнге дейін жиын атаулы қазақша басталып, орысша жалғасады. Батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы «Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған тілімізді ұмыту – бүкіл ата-бабамызды, тарихымызды ұмыту» деген екен. Тіл мен ұлт егіз ұғым. «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» дейді ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов.
Ғалымдар әр екі апта сайын жер бетінен бір тілдің жоғалатынын айтып жатыр. Осыған қарап әлемдегі 7 мыңға жуық тілдің ғасыр соңына қарай жартысы жоғалуға таяу деп болжам айтуда. Әрине, Құдай сақтасын. Қазақ тіліне мұндай қауіп төніп тұрмаған шығар. Алайда жаһандану дәуірінде, техника мен техналогия көз ілеспес жылдамдықпен дамып, өзге елдің мәдениеті мен менталитетін ала келетін әлеуметтік желілер мен ақпараттар ағыны заманында қамсыз отыруға болмайды. Қазақ өзінің ұлттық болмысын, тілін сақтап қалғанда ғана мемлекет болып тұра алады. Тіл – қазақтың жаны. Дербес ұлт екендігінің белгісі. Мемлекетіміздің рәмізі, елдігіміздің символы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арналған Жолдауында: «Ата Заң бойынша Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл бар. Бұл – қазақ тілі», деді. Біз ұлтымыздың аса қымбат қазынасы, мемлекетіміздің басты құндылығы қазақ тілінің жай-күйі жөнінде үкіметтік емес ұйым-Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы арқылы, оның барлық аудандарда филиалдары бар, айта беруіміз, жаза беруіміз керек деп ойлаймын. Ұра берсең шайтан да өледі дегендей, қазақ қашанда өзінің азаттығы үшін күрессе, тілі үшін де солай күресіп келеді. ХХ ғасырдың басындағы Алаш зиялылары, одан кейін Ғабит Мүсірепов, Бауыржан Момышұлы, Шона Смаханұлы сияқты ақын-жазушыларымыз тілімізді сақтау үшін үлкен қайраткерлік танытты. Дініміз бен тілімізге қауіп төнген шақтарда Ғабиден Мұстафин «Біз ұлтшылдықпен күрестік, енді сендер ұлтсыздықпен күресіңдер» деп күрсінген екен. Әйтеуір, Тәуелсіздіктің ақ таңына аман-есен жеттік. Азаттық күресінің аса ірі қайраткері Нельсон Мандела: «Егер тіл мен мәдениетің жоғалса, шекараңды аша сал. Бәрібір неңді қорғайсың? Бұл ел сенің елің емес» депті. Ақиқат сөз. Өзінің ұлттық келбетінен, тілінен, ділінен айырылған халық пен ел жұтылып, жоғалатыны да рас. Сондықтан біз балабақшадан, мектептен бастап, жастарымыз бен кемпір-шалдарымыздың арасында да тіл мәселесін күн тәртібінен түсірмей келеміз. Оқушылармен, бақшадағы жеткіншектермен кездесулер, жастар мен үлкендермен дөңгелек үстелдер өткізу арқылы олардың санасын оятып, ана тіліне деген сүйіспеншілігін, Отаншылдығын арттыру жолында жұмыс істеудеміз. Қазақ тілінің дамуына Қазақстанда тұратын, Отаным деп санайтын барша азаматтар да жауапты. Өйткені тіл – үздіксіз дамуды, үнемі қорғауды, қастерлеуді, құрмет тұтуды, мақтаныш етуді қажет ететін өте нәзік, киелі құбылыс.
Данышпан Абайдың «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» дегені ұлттық тұтастығымыздың, құндылығымыздың ұраны десек, бірлігіміздің бәсі, берекеміздің арқауы – ана тіліміздің төрде болуына әрқайсысымыз атсалысып, азаматтық борышымызды атқарғанымыз абзал деймін. Бодандықта болған жылдарымыз қазақтың түгел дерлік ұлттық құндылықтарын жоюға сәл-ақ қалды. Тәуелсіздік сол құндылықтардың үзігін жалғап келе жатр. Қазіргі таңда ұмыт болып бара жатқан салт-дәстүріміз бен ырым-тыйымдарымыздың ұрпақ тәрбиесіндегі рөлі айырықша. Осы секілді қазақ әйелінің ұлттық киімі, қыз бала тәрбиесі, келіндер мен абысындар арасындағы және отбасы сыйластығы тақырыптары қалың жұртшылықпен қайта қауышып, маңызға ие бола бастады. Бүгінде ұлттық дәстүр мен қазақтың қанына сіңген асыл қасиеттерді дәріптеуге мұрындық болып жүрген «Қазақ аналары-дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалы төрайымы Алтынай Мырқықызының бастауымен Шиелі ауданында да жүйелі жұмыстар атқарылуда. Қоғамдық бірлестіктің де көксегені қазақы салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты дәріптеп, келешек ұрпаққа насихаттау. Ақ кимешек киген аналарымыз қыз бала тәрбиесінің мектебіне айналғандай. Ақ жаулықты аналар әр ауылда осындай іс-шаралар өткізіп, дәстүріміздің қайта жаңғырып, кеңінен өріс алуына септігін тигізуде.
Шиелі аудандық индустириалды-аграрлық колледжінде өткен «Салтым-санам, дәстүрім-дәулетім» деп аталған шара бүгінге танымал айтыс өнерімен басталып, ‘Қыз ұзату» оның ішінде «Отқа май құйғызу» , «Сырға салу», «Келін түсіру», «Бесікке салу» сынды дәстүрлер сахналанды. «Беташар», «Бесік той» рәсімдері де сахна төрінен көрініс тапты. Қазақ халқы салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымызды, ұлттық құндылықтарымызды асыл қоймасындай сақтап, ел өмірімен біте қайнасып кеткен осынау рухани азықты жоғалтпайтынына сенімдіміз. Анаға жол беру, атаға қол беру әр жастың абыройлы борышы болуға тиіс. Ұлттық құндылықтарымыз бәйге, көкпар, жамбы ату, күй тарту, қазақ күресі, ұлттық ойындар: асық ату, ләңгі тебу, арқан тарту, тоғызқұмалақ, бес тас секілді тағы басқа ойындар елімізде етек алып, өміршеңдігін көрсетуде. Біз алқа мүшелерімен бірге ауылдарды, елді мекендерді көп аралаймыз. Осыншама іс-шараларды өткізу үшін елдің бірлігі мен ынтымағы қажет. Ұлттық құндылықтарымыз да ауызбіршіліктің арқасында іске асып жатады. «Халық айтса, қалт айтпайды» деген де сол жерден шыққан.
Аудандық мәдениет Үйінде әйелдер кеңесі ұйымдастырған ардагерлер кеңесі қолдаған «Кесте өнері» көрмесі ұлттық құндылығымызды дәріптей түсті. Айта берсек біреуді қызықтырып, енді біреумізді жалықтырып жіберуіміз мүмкін. Өтілген әр іс-шараларға алқа мүшелері, ауылдардағы ардагерлер кеңесінің төрағалары атсалысып жатады. Олардың еңбектеріне алғысымыз шексіз. Кешегі өткен Республика күні мерекесінде ардагерлеріміз мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен марапатталып, қуанышқа кенелді. Аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы, аудандық ардагерлер кеңесінің алқа мүшесі Нәйла Палымбет «Құрмет» орденімен, алқа мүшесі, сатирик-ақын Нұрмахан Елтай «Ерен еңбегі үшін» медалімен, білім саласы ардагерлер ұйымы төрағасының орынбасары, ұлағатты ұстаз Ұлтай Сейілова «Ерен еңбегі үшін» медалімен, ардақты кәсіпкер ардагеріміз Оразәлі Байділда «Парасат» орденімен наградталды. Қалайша мақтанбасқа?
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: Заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтқан: «Қастерлі Отанымыз – Қазақстан өркендей берсін! Халқымыз аман болсын!» деген болатын. Жүрекке жылы, ыстық сөзден күш-қуат алып жатамыз.

Өркен Исмаил,
ҚР Журналистер одағының мүшесі,
аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы
26 қараша 2024 ж. 25 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (9258)

26 қараша 2024 ж.

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930