Қадірі қашқан – қой жүні
Қой өсіру – берекелі кәсіп. Еті – тағам, сүті – сусын, терісі – бұйым Шопан ата тұқымының өнімдері бүгінде әлемдік нарықта еті мен сүтін айтпағанда, сапалы биязы жүнге сұраныс жоғары. Статистикалық мәліметке сүйенсек, әлемде 1 миллиард 176 миллионнан аса қой бар. Көш басында Қытай тұр. Олар 187 миллион қой бағады. Яғни, дүниежүзіндегі ашатұяқтының 16%-ке жуығы көрші елге тиесілі. Екінші орындағы Үндістанда бұдан екі есе аз. Австралиядағы қой саны үнді елімен шамалас. Ашатұяқты африкалық Суданда 52 миллионнан асады. Ал Иранда 49 миллионға жуықтайды. Осы 5 елде әлемдегі қойдың 37%-і шоғырланған. Жер көлемі бойынша 9 орынды алатын Қазақстанда қой басы – 28 миллионды құрап отыр екен.
Қой шаруашылығындағы басты жұмыстардың бірі – жүнді сорттау. Қазақ халқы ежелден-ақ тұрмыс-тіршілігінде қойдың жүнін өз кәдесіне жаратып, одан киіз, текемет басып, шұлық, киім сияқты қажетті заттарын тоқып пайдаланған. Мамандардың айтуына қарағанда бүгінгі таңда 28 млн бас қой болғанымен, биязы және биязылау жүнді қой саны 3 миллионға да жетпейді екен. Сол себепті жылына 40 мың тонна жүн алынса, соның 18 пайызы ғана биязы жүн. Яғни жуып-тазаланғаннан кейінгі өндіріске жарамды 3,5 мың тонна жүн өндіріліп отыр. Бұл өте төмен көрсеткіш.
Қой шаруашылығындағы басты жұмыстардың бірі – жүнді сорттау. Қазақ халқы ежелден-ақ тұрмыс-тіршілігінде қойдың жүнін өз кәдесіне жаратып, одан киіз, текемет басып, шұлық, киім сияқты қажетті заттарын тоқып пайдаланған. Мамандардың айтуына қарағанда бүгінгі таңда 28 млн бас қой болғанымен, биязы және биязылау жүнді қой саны 3 миллионға да жетпейді екен. Сол себепті жылына 40 мың тонна жүн алынса, соның 18 пайызы ғана биязы жүн. Яғни жуып-тазаланғаннан кейінгі өндіріске жарамды 3,5 мың тонна жүн өндіріліп отыр. Бұл өте төмен көрсеткіш.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында атап өткендей, біз өнеркәсіптік әлеуетімізді толық пайдалана алмай келеміз. Шынында да, бұл саладағы жетістіктеріміз қомақты болса да, ішкі нарықтың мүмкіндіктері әлі толық ашылған жоқ. Мәселен, өңделген тауарлардың үштен екісіне жуығы шетелден әкелінеді.
Осы орайда Президент қайта өңдеу өндірісін шикізатпен толық қамтуды тапсырған болатын. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерін тереңдетіп қайта өңдеуге, тамақ, тоқыма өнеркәсібін дамытуға ерекше назар аударғаны да белгілі. Бұл ретте ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу мәселесі өткір тұр. Оның ішінде қой жүнін қайта өңдеу өте өзекті мәселеге айналды. Қор болған қойдың терісі топыраққа көміліп, жүні өртеліп, оны әлі күнге дейін кәдеге жаратудың жолын таппай жүргеніміз өкінішті.
Бүгінде Шиелі ауданында Ауыл шаруашылық бөлімінің берген мәліметіне назар аударсақ уағ мал саны – 123817 басқа жеткен. Мал саны жыл санап артқанымен, қойды тек еті үшін ұстап жүргендейміз. Себебі, бір өкініштісі дәл осы қой мен ешкі жүнін өңдейтін өндіріс орындары әлі де жоқтың қасы. Шаруашылықтың бұл түрін дамытуға тиісті органдар да мүдделі емес секілді. Осыдан 3-4 жыл бұрын ауданда жұмыс істеп жатқан ірі шаруашылық иелерінен құралған 1 топ делегация мүшелері тері өңдеу өндірісін мықтап қолға алған Монғолия еліне сапар шегіп, жұмыс барысымен танысқан екен. Елдің атынан барған делагация қатарындағы ағамыз біздің елде әр бұрылыс, қиылыс сайын дүкен, мейрамхана болатын болса, ол жақта осы қой қой терісін илеп, жүнінен етік, киім, тоқыма шығаратын шағын фаврикалардың көп екенін айтып, таңғалысын білдірді.
Бұрындары Шиелі ауданында қойдың терісін, яғни шикізатты қабылдайтын арнайы бірнеше орындар бар болатын. Тіпті, жүк көліктері ауыл-ауылды аралап, мал шаруашылығымен айналысатын тұрғындардан қой мен ешкінің терісін сатып алатын. Ал, соңғы жылдарда ауылдарды араламақ түгілі, шаруалар теріні өткізетін орын таппай, амалсыздан көміп немесе өртеп жіберуден басқа қарекет таппай отыр. Бұл дегеніміз, елімізде шикізат өнімі болғанымен, оны қайта өңдеп бұйымдар жасайтын кәсіпорындардың әлі де болса жеткіліксіз екендігін білдіреді.
Қазіргі таңда аталған өнеркәсіп елімізде кенжелеп тұрғандықтан, салдарынан шекара асып келетін шетелдің былғары етігі мен киімдерін, бұйымдарын бірнеше есе қымбат бағасына сатып алып, қолдануға тура келеді. Қой жүнінен жасалатын, бұрынғы қазақтар, кейінірек кеңес заманындағы ауыл тұрғындары тұтынып келген алаша, кілем, текемет сияқты бұйымдар да бүгінде қажетсіз болып қалды. Осыған орай, қазақтардың арасындағы киізден жасалатын қолөнер бұйымдарын жасау өнері де келмеске кетіп барады. «Тоғыз қабат торқадан, тоқтышақтың терісі артық» дейтін, қандай суықта да денеңді қыз-қыз қайнатып тұратын тері тондар мен күртелердің сәннен қалғаны қашан. Қазір үлкендер де, жастар да, балалар да қытайдың пуховигін киеді. Ол арзан, әрі жеңіл. Ал денсаулыққа қаншалықты пайдалы – ол жағын ойлап бас ауыртып жатқан ешкім жоқ. Тіпті, Құрбан айт кезінде құрбандыққа шалынған қойдың терілерін қоқыстың арасынан көргенде ішің ауырады.
Сондай-ақ қойдың жүні тоқыма өнеркәсібінен бөлек, құрылыс саласына да қолданылады. Әсіресе, шет мемлекеттер осыны тиімді пайдаланып, қажетіне жаратып отыр. Қойдың жүні жылуды бірқалыпты ұстап тұрып, суық өткізбейтіндіктен одан жасалынатын құрылыс заттары таптырмас тәсілге айналған. Біз де қой жүнінен құрылыс материалдарын алу бағытына көшуіміз керек. Бұл алдымен елдегі құрылыс бағасын арзандатуға, тұрғын үй бағасын тұрақтандыруға аз да болса үлес қосар еді.
Қазақ даналығында «Мал өсірсең – қой өсір, табысы оның көл көсір», дейді. Иә, расыменде қойдың пайдасы көбіне көп-ақ. Дейтұрғанмен, оны қайта жаңғыртып, өңірімізден тері мен жүн өңдеп, одан бұйымдар жасап, ұмытылып бара жатқан атадан қалған кәсіпті жандандырсақ нұр үстіне нұр болар еді. Қорыта айтқанда, қой шаруашылығына деген көзқарас өзгермейінше, қойдан түсетін қомақты қаржыдан қағыла беретініміз анық.
М.Ибрагимов