Ән әлемінің Ақбаяны
Қазақтың Ақбаяны атанған Мәдина Ералиева – ән әлемінің аққуы, сыбызғыдай сызылған әдемі үнімен талай жанның көңілін керемет әсерге бөлеген тамаша дауыс иесі. Оның репертуары шексіз махаббатқа, лирикаға, мөлдір сезімге толы болды. Осындай ерекше талант иесі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Мәдина Ералиеваның туғанына биыл 70 жыл. Осыған орай «Жөлек» ауылдық мәдениет үйінде «Есіңе мені алғайсың» атты мәдениет қызметкерлері арасында аудандық әншілер байқауы ұйымдастырылды. Айта кетейік, бұл байқау Жөлек ауылдық округі әкімінің қолдауымен өтті.
Мадина Есмалайқызы – 1954 жылы тамыз айының екінші жұлдызында Қызылорда облысы Қазалы ауданында дүниеге келген. Әнші 1974 жылы Қызылорда педагогика училищесінің музыка бөлімін, 1978 жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогика институтының музыка факультетін бітірген. 1978-1984 жылы Әдебиет және өнер институтында қызмет істеді. 1985 жылдан өмірінің соңына дейін Алматы облысы филармониясының жетекші әншісі болды. Өнер әлеміндегі аз ғана ғұмырында үлкен белестерді бағындырған жұлдыз 1990 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі атағын алған. Өмірінің соңғы жылдарында тағдыр тылсымын болжағандай «Есіңе мені алғайсың», «Күрең күз» әндерін жиі орындаған әнші осыдан 24 жыл бұрын қарашаның суық кешінде, күре жолдың бойында көлік апатынан қапыда көз жұмды. Сол сәтте күллі жұрт ән аспанындағы сыңғыр үнінің кенеттен үзіліп түскеніне қайғырғаны рас. Үлкен экраннан берілген Мәдина әндерінен басталған байқауда ауыл тұрғыны, білім саласының ардагері Тұрғанкүл Тұрмаханқызы мен «Жөлек» ауылдық мәдениет үйінің басшысы Еркінбек Рахметов сөз сөйлеп, артында өшпес із қалдырған әншінің ұлт өнеріндегі айрықша орнына тоқталып, байқау қатысушыларына сәттілік тіледі. Ән сайысына ауданның әр ауылынан көмейіне бұлбұл ұя салған 14 әнші бақ сынады. Олар екі кезең бойынша сынға түсіп, сахна көркін қыздырды. Әншілерге Шиелі аудандық Бұдабай Қабылұлы атындағы мәденишығармашылық орталығы директорының орынбасары Айжан Қабылбекқызы, Нартай өнер мектебінің ұстазы Сәбит Абжапбаров пен Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Гүлнәр Дүйсебаева төрелік етті. Сыр сандуғашының өнерін насихаттауға арналған сайыс қорытындысы бойынша ІІІ орынды тартоғайлық Ғазиза Каденова мен Алғабас ауылынан келген Азамат Қарқынбаев және Бәйгеқұм елді мекенінен Гүлназ Назарбаева иеленсе, ал II орынға сұлутөбелік Сара Асанбаева лайық деп танылды. Ал I орын Қодаманов ауылынан Нұрлыбек Палымбетовке бұйырды. Байқаудың бас жүлдесін Бидайкөл ауылының қызметкері Еркін Тоқмырза жеңіп алды.
Айнұр ИБРАШ