Вакцинацияның тиімділігі мен маңыздылығы
Вакцинация – бұл инфекциялық аурулардан сақтандыруға, ал сырттан келетін жағдайда - инфекциялық ауруларды тоқтатуға және жоюға бағытталған мемлекеттік саясат. Оларға қарсы екпе жасалатын инфекциялардың атаулары мен мерзімдерін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен. Ұлттық календарьға сай, халыққа 20 инфекциялық ауруларға қарсы вакцинация тегін жүргізіледі. Қазақстанда халықты иммунизациялау үшін Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіркеуден өту рәсімінен өткен вакциналар қолданылады. Мемлекеттік тіркеу рәсімі - күрделі көпкезеңді процесс және оған вакцинаның сапасын зертханалық бақылау қосылады. Сонымен қатар, өндірісі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен сертификатталған вакциналар сатып алынады.
Профилактикалық екпелерді жүргізу мерзімдері ғылыми мәліметтерге және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсыныстарына негізделген. Мәселен, баланың ағзасына ананың антиденелері (антитела) беріледі және қысқа мерзімде ғана сақталады: дифтерияға қарсы 2-3 ай, қызылшаға қарсы 6 айға дейін, ад туберкулезге және «В» гепатитіне қарсы бала толық қорғалмаған болып туылады. Бұл ерекшеліктер, вакцинацияның мерзімдерін анықтағанда ескеріліп отырады. Осыған орай, бала туберкулезге немесе «В» гепатитіне қарсы туылған күнінің алғашқы күндерінде екпе алады, ал дифтерияға қарсы 2-3 айлығында екпе алады.
Әр мемлекеттің өзінің бекітілген профилактикалық екпелерінің календары бар. Елдің өмір сүру деңгейінің жоғары болуына қарай, инфекциялық ауруларға қарсы жүргізілетін екпелердің де тізімі кең.Кей елдерге профилактикалық екпелері болмаса кіруге тыйым салған. Мәселен, Сауд Арабиясына қажылыққа баратындар үшін менингококк инфекциясына қарсы, Бразилияға, Боливияға, Колумбияға, Кенияға және Африка континентінің басқа елдеріне бару үшін сары қызбаға қарсы вакцинация қажет.
Ескеретін жайт, ұжымдық (популяциялық) иммунитетті қалыптастыру өте маңызды. Ұжымдық (популяциялық) иммунитет – инфекцияның ауруды тез қабылдағыш адамнан басқа адамға жұғу мен таралу қаупін азайтудағы қоғамдастықтардың инфекциялық ауруларға қарсы тұра білу қабілеттілігі, белгілі бір топтағы тұлғаларды (мақсатты календарлы жастағылар, қауіп-қатер тобындағы тұлғалар) вакцинациямен жоғары деңгейде қамтумен жүзеге асады.
Екпелер тек өз денсаулығын қорғау үшін жүргізілмейді, ол сондай-ақ қоғамның саулығы үшін де жүргізіледі (ауырған адам инфекцияны таратушы болуы мүмкін және басқа адамдарға қатер төндіреді). Ұжымдық иммунитетті қалыптастыру үшін халықтың иммунизациялауға жататын тобының 95 % екпемен қамту керек.
Ескеретін жағдай, халықты иммунизациямен толық қамтымау, әсіресе бірнеше жыл қатарынан, инфекцияны тез қабылдағыш тұлғалардың жиналуына әкеледі, соның әсерінен инфекциялық аурулардың өршуі туындайды.
Адамзат тарихы дәлелдегендей, денсаулық сақтау саласына араласудағы ауру деңгейі мен өлім-жітімді азайтудағы ең тиімді әрі қауіпсізі ол иммунизация.
Әрине екпе салдырудың алдында белгілі процедуралар жүргізіледі. Профилактикалық екпе салдырудың алдында медицина қызметкері екпе салдыратын тұлғаны тексеріп, көреді. Медицина қызметкері екпе салдырушы тұлғаға немесе оның заңды уәкіліне профилактикалық екпе туралы толық әрі жан-жақты ақпарат береді, туындап қалатын кері әсері, екпеден бас тартудың зардабы, вакцина салдырғаннан кейін болатын асқынулар жайлы айтады. Жылда балаларына екпе салдырудан бас тартып жатқан ата-аналар саны көбеюде. Жеткен жетістіктердің арқасында осы инфекциялардың қалай ауыр өтетіні ұмытыла бастады. Инфекциялар мәңгілікке жойылды деген жалған әсер туындады.
Сонымен қатар, өз балаңызға вакцинация жүргізу мәселесін шешу кезінде, негізі жоқ, ешқандай ғылыми мәліметтерге сүйенбеген, медициналық білімі жоқ кез-келген адам сала салған интернеттен алынған мәліметтерді арқаланбай, ең алдымен ғылыми дәлелденген ақпарды, вакцинопрофилактика саласындағы ғалымдардың еңбектерін оқып, байлам жасау керек.
Әр ата-ана балама екпе салдыру керек пе, жоқпа деген таңдаудың алдында тұрады. Дегенменде, ата-ананың білуі қажет нәрсе, уақтылы жасалған екпелер баланы аурудың ауыр түрінен сақтауға көмектеседі және әрі қарай инфекциялық ауруларды жұқтырудан сақтайды. Балалардың барлығы қорғауға болатын барлық жаман нәрседен қорғалуы тиіс!
Г.Айтекеева
Шиелі аудандықсанитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысы