Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Механизатор Қожабек

Механизатор Қожабек



Қарт Қаратау алыстан көгілдір тартып, мұнартып жатады. Жақындай түссеңіз сұрғылт жоталарға айналып кете барады. Қаратау бөктеріне жақын орналасқан «Еңбекші» және «Бестам» ауылдарының тұрғындарын таулықтар, тау халқы деп жатамыз. «Тау баласы тауға қарап өседі» дегендей, шынында адамдары бойшаң, денелі, батыр тұлғалы келеді, көбінесе. Сосын шетінен еңбекқор, егінші, кетпенші, төрт түлікке бейім болады. «Бестам» тарихи қала орны болып саналады. Ескі «Бестам» қазіргі ауылдың шығыс жақ бетінде үш шақырымдай жерде орналасқан. Бүгінде әр жерде томпиып, «Бестам» қаласының шөгіндісі ғана қалған. Бұл ауыл бұрынғы күн көсем Ленин атындағы колхоздың Ленин бөлімшесі. Осы Ленин бөлімшесі, Қызылдиқан (Телікөл), Алғабас ауылдары бірігіп, Ленин колхозы атанған. Орталығы «Алғабас» ауылы еді. Еліміз тәуелсіздік алғаннан соң ғана Ленин атауы «Бестам» ауылы болып аталды. Ауыл халқы мал және егін шаруашылығымен айналысады. Шиелі базарында «Бестамның» қауыны, «Бестамның» картобы мен қызанағы деп жатады. Әрине, тәтті, дәмді болғандықтан шығар. Неге екені белгісіз, бұл ауылға көшіп келгендер осында тұрақтап қалады. Көп ұзамай, мен «Бестамдықпын» деп мақтаныш тұтады. Менің бүгінгі кейіпкерім, қарапайым еңбек адамы, механизатор, осы ауылдың өсіп-өркендеуіне, көркеюіне, оның экономикасы мен мәдениетіне мысқалдай болса да үлес қосқан, өзіне білінбесе де, ауыл тұрғындары сыртынан мақтап, «біздің Қожабек» деп отыратын азаматтың бірі – Қыпшақбайдың Қожабегі.
Қожабек осыдан 70 жыл бұрын 1-ші маусым күні «Айдарлы» ауылындағы «Қожанқожа» деген жерде дүниеге келген. Содан болар әкесі Қыпшақбай Құлымбетұлы молда болмаса да қожа болсын деген болу керек, ұлына Қожабек есімін беріпті. Анасы Ибагүл де теріс көрмепті онысын. Ауылдық жерлердегі соғыстан кейін туылған балалардың жағдайлары өткен ғасырдың 60-шы жылдарына дейін онша болмағаны аян.
Соғыстың зардабынан арып-ашыған халық отбасын асырап, күнкөріс үшін күрескен. Қожабектің әкесі де 18-ші бекетке көшіп келіп, шойынжолға жұмысшы болып кіреді. Зейнеткерлікке шыққан Қыпшақбай Шиеліде төрт-бес жыл тұрып, «ат айналып қазығын табады» дегендей, «Бестамдағы» ағайындары ортасына көшіп барады. Қожабек аудан орталығындағы №45 «Октябрьдің 14 жылдығы» («Ақорда» мектебі) атындағы мектепті 1965 жылы бітіріп, осы жерден тракторист мамандығын алып шығады. Ұстазын ұмытпапты, трактор сабағынан Төлебай Қабылов деген ағай тәлім-тәрбие беріпті. Сол жылы колхоз мүшелігіне өтіп, ауылға механизатор болып қабылданады. Колхозда трактор, комбайн айдай жүріп, «Бәйгеқұмдағы» №197 СПТУ-дың шопырлық курсын да тәмамдап шығады. Училище (студенттері) оқушылары құрамында КСРО білім саласының 50 жылдығына арналған 5-ші республикалық көркемөнерпаздар фестиваліне қатысып, Алматы қаласында концерт қояды. «Ол кезде СПТУ-да ұлт-аспаптар оркестрі болатын. Оны Балаби ауылының музыкант жігіті Мырахмет Ахметов ағай басқаратын. Мандолина мен домбырада шебер ойнайтын. Аздап домбыра шертетінім бар еді, мені де оркестрге отырғызды» деп, Қожабек жастық шағын есіне алып, бір желпініп қалды.
Әскер қатарындағы борышын өтеп қайтқан Қ.Қыпшақбаевтың «Бестам» ауылындағы механизаторлық еңбек жолы басталып кетеді. Ол тұста коммунистік партия мүшесі болу – еңбек адамдары үшін үлкен мәртебе саналатын. Коммунист Қ.Қыпшақбаевтың іскерлік қасиетін аңғарған колхоз партия комитетінің хатшысы Өмірзақ Исаханов оны колхоздың ішкі жұмыстарына тарта бастайды. Жауапкершілігі мол Қ.Қыпшақбаев орталық қырман меңгерушілігіне тағайындалады. Астық тазалайтын қырмандағы техникалар нағыз Қожабектің қолы болып шығады. Оның тындырымды, ыждағатты, сапалы жұмыстарына Ленин атындағы колхоздың төрағасы Төлес Апбасов та, жаңадан сайланған партком хатшысы Шайзатхан Қалымбетов те дән риза болатын. Ұйымдастырушылық қабілетімен елге танылған Қ.Қыпшақбаев 1996 жылы колхоз ірі-қара цехының ферма меңгерушілігіне жіберіледі. Ірі-қара цехының бастығы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Әбікен Тоғызбаев­тың дүрілдеп тұрған кезі. Оның талабына ұзақ шыдас беру мүмкін емес еді. Одан кейінгі жылдары колхоз кәсіподақ­тар комитетінде есепші, Ленин өндіріс кооперативінде кадр бөлімі­нің меңгерушісі, 1997-2002 жылдары «Бірлік» шаруа қожалығы кадр бөлімінің меңгерушісі, 2002-2011 жыл аралығында аудандық жолаушылар тасымалдау мекемесінде жүргізуші болып еңбек етеді.
Қ.Қыпшақбаев 2011 жылы құрметті зейнеткерлікке шығып, ауыл ардагерлері қатарына қосылады. Жасынан мейірімді, қайырымды болып өскен Қожабек тоғызқұмалақтан республикаға танымал болған марқұм Манап Төлеуованың атын есте сақтау мақсатында ауылда жылда өтетін жарысқа демеушілік жасап
отырады. Сондай-ақ, наурыз мерекесіне, тұрмысы төмен отбасыларына, мүгедек жандарға аз да болса, бала-шағасының аузынан жырып, көмек қолын созып жатады.
Мейірімділік – жүректің әміріне бағына­тын сезім. Жасынан бейнетке жаралған Қ.Қыпшақбаев бостан-бос селтеңдеп жүрген жастарды көрсе, зығырданы қайнайды. Жұбайы Алтынкүл Айтбайқызы екеуі дүниеге 2 ұл, 3 қыз әкелді. Алла екеуін өзі алса, қалғаны бақытты өмір кешуде. Алтынкүл ауылдағы №205 қазақ орта мектебінде ұзақ жыл бас­тауыш сыныптарға сабақ берді. Ұлағатты ұстаз атанып, зейнеттің рәтін көруде. Елі құрметтеген Қожекең мен Алтынкүл үлкен ұлдары Әуелбектің қолында. Ана жолын қуған Әуелбек мектепте алғашқы әскери дайындықтан сабақ берсе, келіні Айнұр Пірназарова физика пәнінің озат мұғалімі. Бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүрудің үлгісін көрсеткен Қыпшақбаевтар әулеті 2017 жылы мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған, бүгінде ұлттық мәртебеге ие болған «Мерейлі отбасы» конкурсына да қатысады. «Отан отбасынан басталады» дегендей, бұл конкурс қазақ үшін қашанда киелі саналып, ауызбіршіліктің, татулықтың маңыздылығын насихаттауда орны ерекше екені белгілі. 1975 жылы ауданнан іріктеліп, бір топ механизаторлар, комбайншылар Қарақалпақстанның Қоңырат ауданы, «Раушан» кеңшарына күріш жинауға көмекке аттандырылады. Еңбегімен көзге түскен Қ.Қыпшақбаев осында алғашқы «Құрмет грамотасына» ие болады. Әскер қатарында үздік атанып, полк алдында алған грамотасына да көзіміз түсті. Мынау 1983 жылы марапатталған КСРО ауыл шаруашылығы министрлігінің «Құрмет дипломы» Ленин атындағы колхоздың тракторисі Қожабек Қыпшақбаевқа беріліпті. Аудандық партия комитеті мен халық депутаттары аудандық атқару комитетінің «Құттықтауы», аудан әкімдерінің «Алғыс хаттары», Елбасы Н.Назарбаевтың «Алғыс хаты», тағы басқа кете береді. «Қожеке, грамоталармен үй салуға болады екен ғой» деп әзілдеп жатырмыз. Кеудесіне қажырлы еңбегі үшін КСРО Жоғарғы Президумының Қаулысымен 1982 жылы «За трудовое отличие» медалін қадайды. Екі жыл қатарынан 1985-86 жылдары «Социалистік бесжылдықтың озаты» төс белгісін алса, 1987 жылы «Жуантөбе» ауылдық кеңесіне депутат болып сайланады. «Бірінші класты механизатор-машинист» мамандығының иесі Қ.Қыпшақбаевқа 1985 жылы облыстық советінің атқару комитеті мен облыстық кәсіподақтар советі Ленин атындағы колхоздың механизаторы Қ.Қыпшақбаевқа «Таңдаулы механизатор» деген атақ береді. Ол КСРО халық шаруашылығын дамытудағы орасан зор еңбегі үшін Мәскеу қаласындағы ВДИХ-ның 1984 ж. «Күміс», ол 1986 жылы «Алтын» медалімен марапатталады. Қарапайым тракторшыға жасалған осыншама құрметті көріп, таңғалыс білдіргеніміз де рас. Оны көтеріп, арамызда елеусіз болып жүрудің өзі де Қожабектей ағамыздың азаматтығын танытса керек.
Елбасы Н.Назарбаев «Жалпы жұртың­ды құрметтеу – туған өлкеңнің тарихын танудан, адамдарын ардақтаудан басталады» депті, олай болса, еңбек адамының біз білмейтін елеулі еңбегін оқырмандарға жеткізу – бүгінгі ой-мақсатымыз болды. Қазіргі жастар осындай еңбекшілерден үлгі алса, туған жеріне тер төксе, ауылымыз көркейіп, әлеуеті артып, халқымыз әлденіп жатар еді. Біз үстіміздегі жылы жетпіс жасқа толып отырған майталман механизатор Қ.Қыпшақбаевтың ерен еңбегінен елдікті, ерлікті, қайсарлық пен туған жерге деген махаббатты ұғындық. Әр адам бақытын еңбектен табуға құқылы. Оған тракторшы Қожабектің, «Бестам» ауылының ардақты ардагерінің еңбек жолы, сара жолы солай қарай сайрап жатыр.
Өркен ИСМАИЛ,
ҚР Журналистер одағының мүшесі.
29 мамыр 2018 ж. 1 413 0