Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЕЛ ҚҰРМЕТІНЕ БӨЛЕНГЕН ЕР

ЕЛ ҚҰРМЕТІНЕ БӨЛЕНГЕН ЕР

Елі үшін ерен еңбек етіп, халықтың ықыласілтипатына бөленген азаматтар аз емес. Ұлағатты істерімен, қарапайым да адамгершілік қасиеттерімен көптің құрметіне ие болған жандар әрдайым халық жадында сақталмақ. Осындай шоқтығы биік азаматтың бірі – Құрбан Қожамжарұлы. Ол – 1934 жылы 12 сәуірде Жиделіарық ауылында дүниеге келген. Ол әкесі Қожамжар мен анасы Палкүлдің 11 перзентінен қалған жалғыз ұл еді.
Ата-анасының тілеп алған жалғызы болғандықтан, кішкентайынан еркін өскен, ойын ашық айтып, үлкендерден естіген ел ішіндегі өлең-жырларды құлағына құйып алатын алғырлығымен жұртын сүйсіндіретін. Сөзге ұста бала Құрбан Сыр елінің мақтанышына айналған өнер саңлақтары, немере ағайыны, айтыскер Арзулла Молжігітовтың суырып салатын ақындық өнерін үлгі тұтты. Ағасынан үйренгені өзінің талабымен ұштасып, 1987 жылы Қызылорда қаласында өткен облыстық ақындар айтысында өзінің қара тасты қақ жаратын суырыпсалмалық, шешендік өнерінің арқасында бас жүлдені жеңіп алды. Құрбан Қожамжарұлына ақындық өнер туабіткен қасиет десек, оның негізгі мамандығы ауыл шаруашылығы, білім саласына қосқан үлесі де өлшеусіз еді. Өнерімен талайды тамсандырып жүріп, қызметте әділдігі, іскерлігімен ортасына сыйлы болды. 1957 жылы Ташкенттегі ауыл шаруашылығы институтын тәмамдаған Құрбан Қожамжарұлы 157-1964 жылдар аралығында №97 «Бәйгеқұм» кәсіптік техникалық училищесінде және «Қазалы» ауыл шаруашылығы техникумдарында аға оқытушы болып қызмет атқарады. 1964-1967 жылдары Гагант, Авангард шаруашылықтарында инженер-механик, кейіннен 30 жылға жуық уақыт жылдары Керделі ауылдық округіне қарасты Коммунизм колхозында еңбекті қорғау жөніндегі аға инженер қызметтерін атқарған. Шаруашылықтағы қызметпен бірге ақындықты қатар алып жүрудің үлкен шеберлік екенімен ешкім таласа қоймас. Елі үшін еткен еңбегі бағаланып, 1978 жылы Қазақ ССР ауыл шаруашылығы министрлігі атынан «Еңбектегі үздігі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Оның өлең-жырларымен қатар мақалалары аудандық, облыстық басылымдарда үнемі жарияланып отырды. Кейін баспадан жинақталған «Бұдабайша толғансам немесе әзілің жарасса» атты кітабы жарық көрді. Аудандық «Өскен өңір» газетінің 1998 жылғы 20 наурыздағы санында Құрбан Қожамжарұлы былай деп толғанады: «Аудандық «Өскен өңір» газетінің ақпан айындағы №9 санында жарық көрген Т.Ортаевтың еңбек ардагері Бағдат Абдуллаев туралы жазған «Отты жылдар» мақаласы мені қатты толқытып, еріксіз қолыма қалам алдырды. Осы мақаладағы егін еккен, балаларға бас көз болған бригадир – Қожамжар менің әкем еді. Фамилиясы Ташпанбетов. Бас көтерер ауыл азаматтары түгелдей соғысқа кетіп, оның қарттығына қарамай «Қызыл Ту» колхозына бақша бригадирі болғаны, көршілес республикадан картоп әкеліп, қабығын егіп, ішін ашжалаңаштарға, колхозшыларға тамаққа бөліп бергені есімде қалыпты. Менің онда бала кезім. Сол кездегі бригаданың қарауылы соғыста бомба астында қалып құлағынан да, тілінен де айырылып қайтқан Пәшкен деген кісі еді. Сол қабықтан өскен картоптан әкемдер мол өнім алып, елді де, ауыл адамдарын да тойдырды. Сол бір ауыр күндерде әкемнің жақсылығын көп көрген көзі тірі кісілер қазір әкеме деген ризашылықтарын білдіріп, алғыс айтады. Шынында да «Әкенің жақсылығы балаға қырық жыл азық» дегендей, ол сөздер маған рухани күш береді, адал азамат болуға, ерінбей еңбек етуге итермелейді». Шынында, баланың бойындағы көп қасиет әкенің ықпалымен қалыптасады. « А л м а а ғ а ш ы н а н а л ы с түспейтіні» секілді Құрбан да Қожамсар әкесінің ізімен саналы ғұмырын туған жеріне адал қызмет етуге арнады. «Н.Бекежанов» ауылдық мәдениет үйінің директоры Рахымжан Смайлов ақын жайлы: «Нартай Бекежанов ауылы – еңбек даңқы, дәстүрі бай, ән мен жырдың мекені. Ауылымызда 1980 жылы Нартай атамыздың атындағы өнер ошағы қаланғаннан бастап ауыл мәдениеті мен өнерінің жандануына аянбай еңбек еткен, ауыл жанашыры болған ел азаматтарының еңбектері ұшан-теңіз. Нартай ауылының (бұрынғы Коммунизм колхозы) төл перзенті Құрбан Қожамжаров та Нартай атамыздың дәстүр ізін, ақындық мұрасы – қазақ сөз өнері тарихындағы өміршең өнер қасиетін танытатын қымбат қазынаны кейінгі ұрпаққа жалғастырушы өнер иесі» деп пікір білдіреді. Ал Еңбек ардагері, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі Абай Баукенұлы болса ауылдас ағасын: «Құрекен көп жыл «Коммунизм» колхозында еңбекті қорғау жөніндегі аға инженер қызметін мінсіз атқарды. Мен ол кезде «Н.Бекежанов» атындағы №156 орта мектептің басшылығында болатынмын. Мен ол кісінің өзімен, отбасымен жиі араластым. Інілік, ағалық қарым-қатынаста болдық, сыйласа білдік. Оның үстіне құдалық, жекжаттық қатысымыз да бар еді. Ол өте білімді, саяси сауатты жан болатын. «Тура биде туған жоқ» дегендей, туралық пен әділдікті серік еткен азамат еді. Оның осы қасиетін түсінбеген кейбір жандар оны ұнатпаушы еді. Бірақ өтірік айтуды, өтірік көлгірсуді білмейтін. Айтқанынан қайтпайтын, бірбеткей болатын. Құрекеңнің осы мінезі үшін де оны жақсы көруші едім. Осындай жауапкершілікпен атқарған адал да сауатты істері үшін мектептің ата-аналар комитетінің төрағасы етіп сайладық. Ол бұл қоғамдық жұмысты 9 жыл атқарды. Ауылдың болашағы – балаларды тәрбиелеуде көп көмегі тиді. Мен Құрекеңмен байланыс жасап, ақылдасып отырушы едім. Сауаттылығы арқасында ата-аналардың тілін тауып, оларға бағыт-бағдар беруші еді. Ол мұғалімдер мен оқушыларға ақылын айтып, имандылыққа, патриоттыққа үндеп қана қоймай, өнегелі істерімен де өрге сүйрей білді. Болашақ ұрпақ тәрбиелеудегі еңбегі үшін Құрекеңе алғыстан басқа айтарымыз жоқ!» деп еске алады. Адам – ұрпағымен ғұмырлы. Құрбан Қожамжаров пен жары Мырзакүл Оңласбекқызы екеуі 12 ұл мен қыз өсіріп өнегелі отбасы атанды. Ұл-қыздары өсті, өнді, өмірден өз орындарын тапты. Туған топырағында түлеп, қалам тербеп, шабыт ләззатына бөленіп, ақындар ауылының мәртебелі дастарханынан өзіне лайықты дәмтұзын татқан Құрбан Қожамжарұлының биыл 90 жылдығына арналып Б.Қабылұлы атындағы аудандық мәдениет үйінде республикалық ақындар айтысы өтпек. «Сұлу сөз терген саңлақ» атты сөз додасы ақынның қалдырған мол мұрасын өскелең ұрпаққа насихаттауды мақсат етеді. «Өмір ағын су емес, артыңда із қалады» демекші, Құрбан Қожамжаров артынан өшпес мұрасын қалыптастырған болмысы бөлек жан ретінде жерлестерінің есінде қала бермек. Гүлхан СӘБИТҚЫЗЫ
14 қазан 2024 ж. 107 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№82 (9246)

15 қазан 2024 ж.

№81 (9245)

12 қазан 2024 ж.

№80 (9244)

08 қазан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031