Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » СЫРДЫҢ ДӘМІ САРЫАРҚАНЫҢ ТӨРІНДЕ

СЫРДЫҢ ДӘМІ САРЫАРҚАНЫҢ ТӨРІНДЕ

Сыр өңірі – аргарлық аймақ. Табыстың басым пайызы осы саладан түседі. Тасын түртсең, тарихы сөйлейтін өңірде таза әрі сапалы өнім өндіріледі. Осыны білетін елордалықтар Қызылордадан сауда керуені келе жатыр десе, елеңдейтін болды. Оларды әсіресе, бағасы төмен тағам түрі қызықтырады. Астаналықтардың осынау сұранысын 28-29 қыркүйек күндері сырбойылық ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілердің қатысуымен өткен жәрмеңке біршама өтеп бергендей. Жарасымды жалғасын тапқан игі дәстүр биыл да сәтті өтті.

Жәрмеңкеде н е г і з і н е н С ы р өңірінің брендіне айналған ақ күріші, балығы мен ас тұзы, қауын-қарбызы, ұлттық сусындары саудаланды. Өйткені, бұған астаналықтар тарапынан сұраныс мол. Арқа төріндегі тұрғындарға 80-ге жуық Сыр диқандары мен тауарөндірушілерінің құны 270 млн теңге болатын 600 тоннадан астам өнімдері ұсынылды. Атап айтқанда, 300 тоннадан астам күріш, 6 тонна ет өнімдері, 30 тоннаға жуық балық, 80 тоннадан астам көкөніс пен жеміс-жидек, 180 тонна бақша өнімі, 3 тонна ас тұзы, 15 тоннаға жуық сүт және кондитер өнімдері бар. Сонау Сыр бойынан ат терлетіп жеткен сатушылар да бар ынта-ықыласымен сапалы қызмет көрсетуге тырысты. Сол күні Сарыарқаның төрінде жәрмеңкеге жиналған жұртшылық сауда көрігін қыздырып, қалауынша өз таңдағандарына қол жеткізді. Осындай мүмкіндікті қалт жібермеген тұрғындар қысқа қамданып, біраз қор жасап алды. Онда күнделікті тұтынуға қажет азық-түліктің небір түрі саудаланды. Барлығы қызылордалықтардың өз өнімдері. «Бармасаң, келмесең жат боларсың» демекші, жылда өтетін жәрмеңкеге үйреніп қалған астаналықтар сырбойлықтарға жылы шырай танытып, амандық-саулық сұрасты. Ал келушілерге ерекше көңіл-күй сыйлау үшін Сыр елі өнерпаздарының қатысуымен керемет концерттік бағдарлама да қойылды. Қызылорда облысының мұндай игілікті істе әдеттегіше жоғары деңгейде дайындалып келгеніне бірнеше мәрте көз жеткізген олар өз ризашылықтарын жеткізді. Жергілікті жұртшылықтың ойынан шығып, мерейін тасытқан шара өнім молшылығымен де ерекшеленді. Сыр өңірінен келген еңбеккерлер өздерінің табан ет маңдай терімен дайындаған тауарларын тұтынушы көңілінен шығатындай етіп өткізуге барын салды. Сырттан бақылаушы тараптың да көңілдері тоятындай көрініс еді бұл. Біреулер мықшыңдай сөмке көтерсе, екіншілері бала-шағасының ырзығын қапқа салып арқалап алған, ал үшінші біреулері жылқының, сиырдың немесе қойдың жіліктелмеген тұтас етін көліктеріне қарай қауымдаса, қауқылдаса көтеріп бара жатыр.
16 МЕМЛЕКЕТКЕ ЭКСПОРТТАЛУДА
Аймақтың аграрлық саласында бәсекеге қабілетті өнім өндіру арқылы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі жолға қойылған. Мемлекеттік қолдаудың арқасында Қызылорданың ауыл шаруашылығы саласы қарқынды дамып келеді. Қолда бар мәліметті сөйлетсек, ұлу жылының 8 айында ауыл шаруашылығында 58,5 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Сәйкесінше өсім көрсеткіші 2,1%- ға артып отыр. Жалпы биыл 190 мың гектарға жуық жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылып, негізгі дақыл – күрiштің көлемі 85,6 мың гектарды құрайды. Егісті әртараптандыру бағытында 2,6 мың гектарға, су үнемдеу технологиясын қолдану арқылы 4,4 мың гектарға дақылдар егілген. Мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың арқасында диқандарға су қажетті деңгейде жеткізілді. Шаруашылықтар күтіп-баптау жұмыстарын агротехникалық талаптарға сай жүргізді. Егін жинау жұмыстарына қажетті ауыл шаруашылығы техникаларымен, жанаржағармаймен, минералды тыңайтқыштармен толық қамтамасыз етілген. Бүгінде облыста егін жинау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Егілген 85,6 мың гектар күріштің 50,3 мың гектары орылып, 42,7 мың гектары бастырылды. Әр гектардан орташа есеппен 52,1 центнерден өнім алынуда. Мал шаруашылығын дамыту бойынша жүйелі жұмыстар жолға қойылып, нәтижесінде өткен жылмен салыстырғанда ірі қара мал басы 36,6%- ға, қой мен ешкі 22,3%-ға, жылқы 0,1%-ға, түйе 4,3%-ға, құс 7,7%-ға көбейді. Сондай-ақ өңірдің экспорттық әлеуеті де артып келеді. Бүгінде Сыр елінің ауыл шаруашылығы өнімдері әлемнің 16 мемлекетіне экспортталуда. Экспортталған өнімнің басым бөлігі – Сыр маржаны. Ол Ресей, Беларусь, Әзербайжан, Тәжікстан, Украина, Моңғолия, Өзбекстан және Ирак мемлекеттеріне жөнелтілуде.
Сұлушаш БАХТИЯРҚЫЗЫ

01 қазан 2024 ж. 80 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№78 (9242)

01 қазан 2024 ж.

№77 (9241)

28 қыркүйек 2024 ж.

№76 (9240)

24 қыркүйек 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031