ҰЛТЫНЫҢ БАТЫР ҰЛЫ
Жуырда №45 «Ақ Орда» мектеп- гимназиясында 1988 жылғы мектеп түлегі Оразбек Шәкірұлын еске алу кеші өтті.
Кешке Оразбек Сансызбаевпен бірге қызмет еткен облыстық мамандандырылған күзет қызметі басқармасының тәрбие және кадр жұмысы бөлімінің аға инспекторы, полиция капитаны Зәуре Жеңісбекқызы мен сол бөлімнің инспекторы полиция лейтенанты Асылбек Ғалымбекұлы, ішкі істер органдарының ардагерлері Төребек Тәшенұлы мен Сартай Бекарыс және Әли Мұратұлы қатысты. Кеште анасы Жұмакүл Сансызбаева, бауырлары Марат, Ерлан, Шолпан, Айман, Айгүл, Қайрат және сыныптас достары батырдың бөлек болмысы жайында сөз қозғап естеліктерімен бөлісті.
1978-1985 жылдар аралығында осы мектеп-гимназиясында тәлім алып, қанат қаққан мектеп түлегі Оразбек Шәкірұлы 1970 жылы 6 қарашада Шиелі кентінде дүниеге келген. №45 қазақ орта мектебінің 1-сыныбына қабылданып, оны 1985 жылы бітіреді. 1986 жылы №11 кәсіптік-техникалық училищесінде тракторист, слесарь, жүргізуші мамандығы бойынша білімін жалғастырады. Нижний Тагил қаласында орналасқан №4975 әскери бөлімде Отан алдындағы борышын өтейді. 1991 жылы елге оралып, 1992 жылдан бастап Қызылорда ОІІБ жанындағы күзет бөлімінің милиционері лауазымына тағайындалып, ішкі істер органдарындағы қызметін бастайды. 1994 жылдың сәуірінен бастап бөлім командирі қызметін атқарған еді.
1995 жылдың 24 маусым күні сағат 04:58-де облыстық басқару торабына №51 ОРС-НОД-1 теміржол дүкенінен дабыл түскен. Күзет қызметі инспекторы милиция лейтенанты Ш.Мажіханов, бөлімше командирі милиция сержанты О.Сансызбаев, мотожүргізуші, қатардағы милиционер С.Құлманов дабылды тексеруге кіріскен. О.Сансызбаев дүкеннің алдыңғы жағын, ал Ш.Мәжіханов пен С.Құлманов дүкеннің сырт жағын тексеруге кіріседі. Сол мезетте «тарс» еткен дыбысты естіп, оған мән бермей, тексеруді жалғастырған дүкеннің сырт жағындағы әріптестері ешқандай із таппаған соң, дүкеннің алдына келеді. Олар сынған терезе түбінен көкірегінің сол жақ тұсынан атыс қаруынан жарақаттанған Оразбек Сансызбаевты көреді. Болған оқиға жайында мүдделі органдарға хабарласып, жедел жәрдем шақырғанымен, Оразбек Сансызбаев оқиға орнында көз жұмады.
Ел тыныштығы үшін өз өмірін қиған мектептің мақтан тұтар шәкірті мәңгілік халық жадынан өшпейді. Өзі оқыған мектептің алғашқы әскери дайындық кабинетінен «Батырлар бұрышы» ашылып, «Ерлік пен өрлік» көрмесі жасалып, суреттері мен жұмыс бабында киген қызметтік киімі сақтаулы тұр. Оразбек Сансызбаев көзсіз батырлығының арқасында «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Мектеп түлегінің ерлігін әрдайым есте сақтап, оның батылдығы мен қайсарлығын ержүрек істерін жас ұрпаққа жеткізу – бүгінгі біздің азаматтық парызымыз.
«Батыр туса – ел ырысы, жаңбыр жауса – жер ырысы» деп дана халқымыз айтқандай, батыр азаматтарымызбен мақтанамыз. Біз үшін Оразбек Шәкірұлы – өз кезегінде жауға қарсы тұра білген ержүрек, қаһарман. Сол кезеңде өз қызметінде әскери өнерге машықтанған, майданда, қызметте де ерлігімен танылған қайсар азаматтың бүгінгі таңда есімі ерекше құрметпен айтылады.
– Отанға берген анты бар,
Әскерлердің қорғайтын
Бақытты құрыш халқы бар,
Жалындатып жігерін
Жаудан аман өз елін
Сақтауға берген анты бар, – деп Жамбыл атамыз айтқандай, антына адалдық танытып, өз өмірін бәйгеге тіккен Оразбек Сансызбаев жас ұрпақ үшін ерлік танытқан ер ретінде насихаттала бермек.
Роза ЖОЛДИЕВА,
№45 «Ақ Орда» мектеп-гимназия кітапханашысы