ДАРХАН ДАРЫН
Дархан САПАРОВ Сыр өңірі баспасөзінде елеулі із қалдырған көрнекті қаламгер. Ол журналистік еңбек жолын Қызылорда облысы Шиелі аудандық «Коммунизм жолы» (қазір «Өскен өңір») газетінің редакциясында бастаған.
Оның құжатында туған жері Қызылорда облысы Сырдария ауданының «Айдарлы» ауылы деп көрсетілген. Алайда оның өмір жолы бұл ресми деректен басқаша басталған еді.
Оның құжатында туған жері Қызылорда облысы Сырдария ауданының «Айдарлы» ауылы деп көрсетілген. Алайда оның өмір жолы бұл ресми деректен басқаша басталған еді.
Кеңес өкіметі орнағанға дейін аталары Сапардың әулеті Қостанай-Торғай өңірін мекендеген екен. Заман ауысқанда Азамат соғысы шарпып, ел басына аумалы-төкпелі күн туды. 1919 жылы ақ гвардия генералы атаман Дутовтың әскері Торғай қаласын басып алады. Халық батыры Амангелі Иманов қарсыластар қолынан қаза табады. Дутовшылар жазалау үшін Амангелдінің жақтастарын, туыстарын іздеуге кіріседі. Жаудың бұл ниетінен хабардар болған қызыл комиссар Әліби Жангелдин Қара Қыпшақ Ұзын ұрпағына бой тасалай тұруды ұсынады. Амангелді мен Әліби Қара Қыпшақ Ұзын ағайын еді. Сол ақыл-кеңеспен біраз жұрт бір түнде үдере көтеріліп, туған елден, жерден қашуға мәжбүр болады. Тіпті қытай, ауған жеріне өтіп, одан да әрі Еуропаға дейін жеткендері де бар екен. Сапар бастаған жүз шақты отбасы тәжік-ауған шекарасында Тархан деген таудың етегіне жетіп тоқтайды, осы жерді мекен етеді, жергілікті жұртқа сіңісіп, тіршілік кешеді, ашаршылыққа ұшырамайды. Сапардың немерлері Айтбай 1929 жылы, Дархан 1935 жылы осы жерде дүниеге келген. Дарханның кіндігін тәжік әйел кескен екен, оның есімін осы жердің атауымен Тархан қойған.
Елде жағдай оңалды деген хабар жеткенде 1936 жылы көштің басын кері бұрған Сапар ақсақал Арқаға емес, Сыр бойындағы ағайындарды бетке алады. Аттылы-түйелі асықпай аяңдаған көш Сыр еліне бір жылдай жүріп, арып-ашып жеткен. Қазіргі Қызылорда облысының Сырдария ауданындағы «Айдарлы» ауылы қарайтын «Құмшығанақ» деген ұжымшар жеріне ағайындар арасына жетіп тоқтайды. Ауылдық кеңеске тіркеліп, балаларға туу туралы куәліктерін жаздырғанда олардың туған жері «Айдарлы» ауылы, ағасы Айтбайдың туған кезі 1929 жылғы 15 қазан болып көрсетіледі, Тарханның есімі Дархан болып өзгертіліп, 1935 жылғы 25 қазанда туған деп жазылады.
Ұлы Отан соғысы басталғанда әкелері Базарбай Сапарұлы майданға аттанып, 1946 жылы аман-есен оралған. Базарбай елге келген соң балаларының қалада оқығанын қалап, отбасын Қызылорда қаласының күн батыс беткейіне көшіреді, Ыбырай Алтынсарин атындағы көшеге жайласады. Ағалы-інілі Айтбай мен Дархан Қызылорданың «1 Мамыр» орта мектебін алтын медальмен бітіреді.
Айтбай тарихшы мұғалімдікті қалап Қызылорда педагогика инситутына оқуға түсті. Еңбек жолын бір кезде өзі оқыған «1 Мамыр» орта мектебінде мұалімдіктен бастап, осы мектептің, басқа да бірнеше мектептің директоры болды. Тәжірибелі педагог Қызылорда қалалық білім бөлімінің басшысы қызметіне тағайындалып, ұзақ жыл абыройлы қызмет атқарды. 1965 жылы 36 жасында өмірден ерте кетті.
Ал Дархан қаламгерлік мамандықты қалап, Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетіне журналистика мамандығы бойынша оқуға түседі. Студент жылдары даңқты майдангер полковник қызылордалық Байділда Доскеновті туысқан тұтып үйіне барып тұрады.
1957 жылы университетті ойдағыдай бітірген соң елге оралды, Шиелі аудандық «Коммунизм жолы» газетінде журналистік қызметін бастады. Бұл кезде газеттің редакторы Қалқабай Әбенов еді, редакцияда денсаулығына байланысты Алматыдан елге келген атақты ақын, жазушы, аудармашы Қалмақан Әбдіқадырұлы да қызмет ететін. Бойдақ жас жігіт Дарханды Қалмақан ағасы бауырына тартып, олар Қалекеңнің үйінде бірге тұрды, қаламгер аға шығармашылығын барлайды.
1962 жылдан аудандық газет жабылғаннан кейін Дархан Қызылордаға көшіп, облыстық теледидар және радиохабарлары комитетіне редактор болып орналасады. Көп ұзамай Қызылорда облыстық «Ленин жолы» (қазір «Сыр бойы») газетіне ауысып, өмірінің соңына дейін осында еңбек етті, редакцияда бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары болды. Бұл редакцияда Сыр бойының дарынды қаламгерлері – Қалқабай Әбенов, Асқар Тоқмағамбетов, Зейнолла Шүкіров, Нәсіреддин Серәлиев, Қомшабай Сүйенішев, Сейіл Боранбаев, Сайд Баязитов, Сақтаған Есмаханов, Сәнімгүл Желдербаева және басқа таланттар шоғырланған, шығармашылық ахуал орнаған кезең еді. 1969 жылы Дархан Сапаровтың «Ескек жел» деген әңгімелер жинағы Алматыда басылып шықты.
Қызылордада тұрғанында Алматыдан майдангер-барлаушы Байділда Доскенов қыдырып келсе, біраз күн Дархан інісінің үйінде аунап-қунап жатады екен. Байділда өзінің әскери құпия өмірінің шетжағасын Дарханға әңгімелеп берген, бұл оның өмірінен кітап жазуды ойластырған, бірақ қолжазбаны құпия қызмет алып қойған көрінеді.
Талантты қаламгер Дархан Базарбайұлы әлі де шығармашылық берері көп толысқан шағында 1993 жылы 16 тамызда 58 жасында дүниеден өтті. Сапар ұрпақтары өмірден өз орындарын тапқан, әулет атына дақ түсірмей еңбек етіп, өніп-өсуде.
Ағайдар Ысымұлы