Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » САЛЫҚ – ЕЛ ҚАЗЫНАСЫ

САЛЫҚ – ЕЛ ҚАЗЫНАСЫ

Салық төлеу жүйесі келешегін ойлайтын ел үшін аса маңызды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та дәл осы жүйені жаңғыртуға баса назар аударып отыр. Кешегі «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты жаңа Жолдауында: «Экономиканы қарқынды дамыту үшін мемлекет қаржысына сүйену жеткіліксіз. Жеке инвестициялар тарту арқылы іскерлік белсенділіктің артуына қолайлы жағдай жасаған жөн. Ол үшін ең алдымен, салық сая­саты тұрақты болуға тиіс» деген болатын.Осы тұста біз аудан бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Еркеғали Амангелдіұлын әңгіме алаңына шақырдық. Мақсат – жыл басынан бері атқарылып жатқан жұмыстармен әрі жаңашылдықтармен хабардар болу.
– Еркеғали Амангелдіұлы, салық – салғырттықты көтермейтіні белгілі. Алдымен әңгіменің ауанын аудандағы салық жүйесінің орындалу қарқыны турасында бастасақ. Аудан бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы өткен жылды қалай қорытындылады?
– Салық – еліміздің әлеуметтік-экономикалық өсіп-өркендеуінің тұрақты кепілі саналатынын ескерсек, бұл бағытта атқарылатын жұмыстың ауқымды, жауапкершілігі зор екені рас. Шиелі ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы өткен жылды табысты аяқтады деуге негіз бар. Алдын ала жасалған жоба-жоспарда белгіленген салық пен өзге де түсімдерді шашауын шығармай жинап, бюджет кірісін толтыруға тырыстық. Жыл басынан бері жергілікті бюджет жоспары 4 909,1 млн теңге болса, орындалғаны – 5427,7 млн теңге құрап отыр. Яғни 517,9 млн теңге артығымен орындалды. Ал өткен жылдың тиісті кезеңінде нақты түсім 4563,9 млн теңге құраса, 5427,7 млн теңге түсім түсіп, 863,8 млн теңге артығымен түсім қарқыны қамтамасыз етілген.
01.01.2024 жылға салықтар бересі бойынша 74 133,4 мың теңге, берешек 96 297,9 мың теңге болып қалыптасты. 01.01.2023 жыл басымен салыстырғанда бересі 24,2 пайызға, берешек 20,7 пайызға кеміді.
– Ал биыл салықтың орындалу қарқыны қандай?
– Аудан бойынша 2024 жылдың 1 қыркүйегіне республикалық бюджет жоспары 14 934,5 млн теңге болса, орындалғаны – 18 712,7 млн теңге яғни 125,3 %, ал жергілікті бюджет жоспары 3529,1 млн теңге болса, орындалғаны – 4455,6 млн теңге, яғни 126,2 % орындалды. Сондай-ақ, облыстық бюджет жоспары 1,5 млн теңге болса, 179,4 млн теңге түсім түсіп, яғни 177,9 млн теңгеге артығымен орындалған.
Ал өткен кезеңмен салыстырғанда мемлекеттік бюджеттің түсім қарқыны 162,9 % құраса (+9855 млн.теңге), ЖБ түсім қарқыны 3690,8 млн теңге болса, биыл 4455,6 млн теңге 120,7 % (+764,8 млн теңге), Республикалық бюджеттен түсім қарқыны 9987,2 млн теңге болса, биыл 18 712,7 млн теңге 187,3 % (+8725,5 млн теңге) құрады. Сондай-ақ, облыстық бюджет түсімі 65,4 млн теңге болса, 179,4 млн теңге түсім түсіп, яғни 114 млн теңгеге артығымен орындалған.
– Мемлекет басшысы бюджет және салық саясатының тиімділігін арттыру керек. Әсіресе басқару тетіктеріне басқаша көзқарас керек деген ойды айтты. Сіз не дейсіз?
– Ең алдымен, салық саясаты тұрақты болуға тиіс. Сол себепті жаңа салық кодексі қазіргі жүйені қайта жаңғыртуға арналған. Бұл құжат салықтық әкімшілендіру ісінің салық төлеушілерге деген сенімге негізделген мүлде жаңа жүйесін қалыптастыруға тиіс. Кодекстің ережелерін әркім әрқалай қабылдамауы үшін – оны жеңілдетіп, экономикалық тұрғыдан белсенді азаматтың бәріне бірдей түсінікті ету өте маңызды.
Салық режимдерін кәсіпкерлерге жасалған қолайлы жағдайдың нашарлап кетпеуін ескере отырып, оңтайландырған жөн. Бөлшек салықтың енгізілуін мысал ретінде айтуға болады. Осы нормаға сенім артқан кәсіпкерлер қызметін ашық жүргізе бастады, кәсіптерін бөлшектеуді азайтты. Алайда, бұл режим негізінен халықпен тікелей жұмыс істейтін кәсіпкерлерге қатысты болуға тиіс.
Фискалды реформа табысты болсын десек, салықтық әкімшілендіру ісін жаппай цифрландыру керек. Сыбайлас жемқорлыққа қатысты сын-қатерлерді барынша азайтып, салық саласындағы үдерістердің ашық болуын қамтамасыз ету үшін оны тезірек электронды форматқа көшірген абзал.
Президент бүкіл салық саясатын жиі өзгеріп жатқан фискалды ахуалға бейімдеу керек, соның ішінде салық мөлшерлемесін де қайта қарау керек екендігін атап өтті.
Жеке табыс салығының мөлшерлемесін азаматтардың кірісіне қарай дифференциациялау қажеттігі туындап отыр.
Салықтық әкімшілендіру ісінде жазалау тәсілінен де бас тартқан абзал. Мәжбүрлеу шараларын қолданбай-ақ, хабарлама жіберу арқылы өндірілетін салық берешегінің жоғарғы шегін көтеруге болатындығын, ал салық берешегі осы шектен асып кетсе, қарыз сомасы аясында ғана шектеу қойылуға тиіс екендігін, яғни, борышкердің банктегі есепшоты толық бұғатталмайды. Берешек сомасы тым көп болған жағдайда, кепілге мүлік қоюды талап етпей, қарызды бөліп төлеуге мүмкіндік берудің жөн екендігін айтты.
Жолдауда жоспарға сай тексеру тәсілінен біржола бас тартуға тырысу керектігі, ол үшін қатерлердің алдын алу жүйесін жетілдіру қажет.
Салық жеңілдіктерінің тиімділігін арттыру өзекті мәселеге айналды. Кәсіпкерлер өздері пайдаланатын салық жеңілдіктері бойынша есеп беруге тиіс. Бизнесті дамытуға нақты септігі тиетін жеңілдіктерді ғана қалдырған абзал. Мысалы, өндірісті өркендетеміз деген инвесторларға артықшылық беруге болады. Яғни, құрылыс салуға, активтерді сатып алуға, жаңғыртуға және қайта құруға бір реттік салық жеңілдігін берген жөн. Терең өңделген өнімді экспортқа шығаратын кәсіпкерлерге жеңілдіктер беру маңызды. Олар өзге бизнеске қарағанда көбірек қолдауға ие болуы керек деген болатын Мемлекет басшысы.
Үкімет пен Парламентке жаңа Салық кодексінің жобасына қатысты жан-жақты талқылау жүргізуді тапсырылды. Жаңа Салық кодексін сапалы әзірлеу үшін оны қабылдау мерзімін келесі жылға ауыстырылды.
– Жаңа салық кодексінде өзгерістер бар дейді. Ол қандай?
– Мәжілісте депутаттарға 2025 жылы қабылдануы тиіс жаңа салық кодексінің заң жобасы таныстырылып, бірқатар өзгерістер енгізілуде.
Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің саны кемінде 20 пайызға қысқарады. Ол үшін айтарлықтай фискалдық қайтарымсыз төлемдерді алып тастау ұсынылады, кейбіреулері біріктіріледі.
Салық заңнамасында 12 салық бар. Олар халықаралық тәжірибеге сәйкес келеді. Шаруа және фермерлік қожалықтарға бірыңғай жер салығының өзі табыс салығының мәнін қайталайды. Сондықтан, бірыңғай жер салығын жеке табыс салығына ауыстыру ұсынылып отыр. Шаруалар мен фермерлер үшін жеңілдіктер бұрынғысынша сақталады. Төлем атауының коды ғана өзгереді.
11 төлемнің 2-еуін алып тастау ұсынылды. Олар сыртқы жарнаманы орналастырғаны және қызметтің жекелеген түрлерімен айналысуға лицензияны пайдаланғаны үшін алымдар.
Сондай-ақ ведомстволарға 3 төлемді біріктіруді ұсынады: жер үсті су ресурстарын пайдаланғаны үшін, орманды пайдаланғаны үшін және жануарлар дүниесін пайдаланғаны үшін. Ал табиғи ресурстарды пайдаланғаны үшін деген бір төлем болады.
Осылайша, төлем мөлшерлемелерінің саны 77-ге қысқарады. Сонымен қатар, төлемдердің 6 түрін төмендету ұсынылып отыр. Олар бойынша мөлшерлеменің 34 түрі алынып тасталады.Сондай-ақ мемлекеттік баждың 5 түрі алынып тасталды, олар бойынша мөлшерлемелер 51-ге қысқарады.Салық жеңілдіктері ретке келтіріліп, кем дегенде 20%-ға қысқартылады.
Экономиканың түрлі секторындағы сараланған салық мөлшерлемесіне көшу жүзеге асырылады; Арнайы салық режимдерінің тек үш түрі ғана оңтайландырылады; Салық әкімшілігінің сервистік моделі енгізіледі; Салық есептілігінің саны 30 пайызға қысқарады және басқа да нормалар ұсынылды.
Айта кетейік, бұл заң жобасында 23 заңға түзетулер қарастырылған.
Түзетулер салықтар мен төлемдерді азайтуға, инвесторларды мемлекеттік қолдау шараларын оңтайландыруға және реттеуге, арнайы салық режимдерін реформалауға, сондай-ақ салықтық басқарудағы өзгерістерге қатысты.
– Өкінішке қарай, салыққа келгенде мұқияттылық танытпайтындар бар. Айтпағым, аудандағы жеке тұлғалар мүлік, жер, көлік салығын уақытылы төлеп жатыр ма? Сосын оларға белгілі бір жеңілдіктер қарастырылған ба?
– Жеке тұлғалардың мүлік салығын төлеу салық салу объектілерінің орналасқан жері бойынша есепті салық кезеңнен кейінгі жылдың 1 қазанынан кешіктірілмей төлем жасалынады. Жеке тұлғалардың мүлік салығынан межеленген болжам 7612,0 мың теңге болса, орындалуы 9519,8 мың теңге, яғни, 125,1 пайызға артығымен орындалды.
Көлік құралдары салығынан межеленген болжам 180 243,0 мың теңге болса, орындалуы 218 293,1 мың теңге, яғни, 121,1 пайызға артығымен орындалды.
Көлік құралдары салығын есепті салық кезеңнен кейінгі жылдың 1 сәуірінен кешіктірілмей төлем жасалады. Көлік құралдары салығынан 16.09.2024 жылғы жағдаймен салық берешегі 35 706,7 мың теңгеге, бересі 27 229,6 мың теңге. Қалыптасқан берешектерді өндіріп алу мақсатында, басқарма тарапынан заң аясында барлық өндіру жұмыстары қолданылуда .
Сонымен қатар, жеке сот орындаушылардың өндірісіне берешек сомасы 30 063,4 мың теңге. Барлығы 936 салық бұйрығы жолданған.
Сондай-ақ, жеке тұлғалардың мүлік салығына қарастырылған жеңілдіктерге байланысты Кеңес Одағының батырлары, Социалистік Еңбек ерлері, «Халық Қаһарманы», Ұлы Отан соғысының ардагерлері, Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер және басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері, Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін наградталған адамдар, мүгедектер. Үй жанындағы жер учаскілері бойынша, жетім балалар және 18 жасқа толғанға дейінгі кезеңге ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар: Батыр-ана атағына ие болған, «Алтын алқамен» наградталған көпбалалы аналар, бөлек тұратын зейнеткерлер.бала кезінен мүгедектің, мүгедек баланың ата-анасының біріне қарастырылған.
– Редакцияға хабарласқан оқырманнан сұрақ. Атын жасыруды өтінген азамат ІІ топтағы мүгедек қозғалтқыш көлемі 2000 текше сантиметрден асатын жеңіл көлік құралы көлік салығынан босатылама?
– I, II, III топтағы бар мүгедектер, Ұлы Отан соғысының қатысушылары және мүгедектері, жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша оларға теңестiрiлетiн адамдар, Кеңес Одағының батырлары мен Социалистiк Еңбек ерлерi, «Халық қаhарманы», «Қазақстанның Еңбек Ері» атақтарына ие болған, үшінші дәрежелі Даңқ орденiмен және «Отан» орденiмен наградталған адамдар, «Батыр ана» атағына ие болған немесе «Алтын алқа» не «Күмiс алқа» алқаларымен наградталған көпбалалы аналар – салық салу объектiсi болып табылатын бiр автокөлiк құралы бойынша босатылады.
– Соңғы уақытта декларация деген жаңа ұғым пайда болды. Жалпыға бірдей декларация не үшін қажет? Маңыздылығы неде?
– Жалпыға бірдей декларациялауды енгізудің мақсаты – табыстардың ашықтығын қамтамасыз ету, көлеңкелі экономикамен күресу арқылы сыбайлас жемқорлық және қомақты қаржыны жылыстату. Табыстардың ашықтығы бюджетке қосымша түсімдерді алып келеді. Бұл өз кезегінде ел экономикасы мен әлеуметтік бағдарламаларды дамытуға қосымша қаражат жұмсауға мүмкіндік береді.
– Қорытынды сұрақ. Алдағы уақытта атқарылатын жұмыстар мен міндеттерді айта кетсеңіз?
– Дұрыс, жоспарсыз істің нәтижесі болмайды. Сол себепті әрбір жұмысты жүйелі, жоспармен жасауға тырысамыз. Болашақта тиісті жұмыстарға тиімді жүргізілген салықтық әкімшілендіру жұмыстарының нәтижесімен бюджетке қосымша кіріс көздерін қамтамасыз етсек дейміз. Сондай-ақ бюджет алдындағы бересі және артық төлем сомаларын азайтуға қол жеткізіп, көрсетілетін мемлекеттік қызметтер сапасы бойынша жоғары нәтиже көрсетеміз деген ойдамыз. Ең бастысы, халықпен кері байланыс орната отырып, салық мәдениетін қалыптыстыруға тырысамыз.
– Маңызды ақпараттар үшін рақмет!

Сұхбаттасқан
Сұлушаш МАДИЯРОВА
24 қыркүйек 2024 ж. 67 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930