ТАБЫСТЫҢ КІЛТІ – ЕҢБЕККЕ ДЕГЕН СҮЙІСПЕНШІЛІКТЕ
Осыдан тура он жеті жыл бұрын Бақыт Ибраев өзіне жұмысшы мамандығын таңдады және қазір ол, бұл шешіміне еш өкінбейді. Бақыт Бауыржанұлы «Семизбай - U» ЖШС Иіркөл кенішіндегі өнімді ерітінділерді өңдеу цехында 6-разрядты гидрометаллург аппаратшысы болып жұмыс істейді. Яғни осы мамандық бойынша ең жоғары біліктілік дәрежесі.
Кейіпкеріміз мамандықтың теориялық негіздерін «Қазатомөнеркәсіптің» «Болашақ –Шиелі» оқу орталығында оқып, тәжірибелік дағдыларды тәлімгер Мұрат Бегайдаровтың көмегінің арқасында өндірісте тікелей игерді. Осы жылдар ішінде Бақыт өз тәжірибесін толықтай көрсетіп, жоғары білікті маман атанды.
Кәсіби қызметіндегі жетістіктері үшін «ІІ дәрежелі атом саласының еңбек сіңірген қызметкері» белгісімен, алғыс хаттар және грамоталармен марапатталды. Он жеті жыл ішінде кәсібін жетік меңгеріп, оны жас әріптестеріне қуана бөлісіп келеді.
Егер адам талантты болса, онда ол барлық жағынан талантты деп бекер айтылмаған. Б.Ибраев бос уақытында сурет салумен айналысады, вокалист ретінде ән байқауларына қатысады. Ол бірнеше рет облыстық және республикалық шығармашылық конкурстардың жеңімпазы деп танылды.
– Егер мен осы өмірде бір нәрсеге қол жеткізген болсам, әрине, ата-анамның және олардың тәрбиесінің арқасында. Мені ерте жастан еңбекке баулып, адал маңдай термен табыс табуды үйретті. Бүгінгі күні сол қажырлы еңбектің нанын жеп отырмын, – дейді кейіпкеріміз.
Бақыттың әкесі Бауыржан – теміржол саласында жолшы, анасы Дариха – ауыл мектебінде математика пәнінің мұғалімі, оқу ісі жөніндегі мектеп директорының орынбасары болып жұмыс істеген. Олардың отбасында балаларды тәрбиелеудің басты қағидасы ең алдымен еңбекке деген сүйіспеншілік болды. Өмір көрсеткендей, бұл өзін толығымен ақтайтын жалғыз сенімді жол.
Бақыт Бауыржанұлы – берекелі шаңырақтың отағасы. Ол аудандық қоғамдық даму бөлімінде қызмет жасайтын жұбайы Гүлшат Маханмен бірге төрт бала тәрбиелеп, ата-әже болып та үлгерді.
Мақсұт ИБРАШЕВ,
автордың суреті