Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » АУДАН ЖҰРТЫ ӘКІМІН САЙЛАДЫ

АУДАН ЖҰРТЫ ӘКІМІН САЙЛАДЫ

Жексенбі күні Шиеліде екінші рет аудан әкімінің сайлауы өтті. Бұл жолы ел тізгінін мемлекеттік қызметте шыңдалған, ауданның тынысынан хабары бар Айтбай Жандарбеков ұстады. Бұған дейін ол аудандық мәслихат төрағасы қызметін атқарып келді.
Тарихи сәт таңғы 07:00- ден бастау алды. Сайлау күні зиялы қауым өкілдері мен ақсақалдар өздерінің пікірлерін білдіріп, ақ батасын беріп, таңдау жасады. Мұнан бөлек дауыс беруде 18 жасқа толған жеткіншектар де белсенділік танытты. Аудан мен ауылдағы сайлау учаскелері 1-ші, 100-ші, 500-ші, 1000- шы дауыс берушілер мен қатар кәмелет жасқа толған дауыс берушілерге арнайы сыйлықтар табыстады. Одан бөлек, үй жағдайында дауыс берушілерлер де шет қалмай, өздерінің таңдауын жасады.
15 қыркүйектегі саяси іс-шара ерекше күннің бірі болып есте қалды. Кешегі таңдау жасаған күн бүгін тарихқа айналды. Тиісінше «Кімді таңдадық? Не үшін дауыс бердік?» деген сұрақ үнемі тілге тиек болары анық. Сондай-ақ «Бұл сайлау соншалықты маңызды ма?» деген де ой оралады. Шынтуайтында, бұл сайлауда әр азамат Әділетті, Жаңа Қазақстанның жайлы тұрмысы үшін аянбай еңбек ететін үміткерді таңдады, сайлады.
Сайлауда шиеліліктер әдеттегіше белсенділік танытты. Таңмен таласа жүріп дауыс берген жандардың қарасы қалың. Ұлттық нақышта киінген «Нартай сазы» ансамблі, алтын той иелері, жаңадан шаңырақ көтерген жас жұбайлар, отбасымен келген жандар еліміздің ертеңі үшін, бар жұмысын ысырып, айтулы күнде өздерінің таңдауын жасады.
Осы тұста елдің көшін бастауда алғы қатарда жүрген жандардың пікірін тыңдап, ел назарына ұсынғанды жөн көрдік. Себебі елдің алдында жүріп, жұрттың жайын айтып, жаны жай таппай жүрген аудан ардагерлері мен жас болса да, бас болған жастардың ойы қашанда маңызды.
– Бұл сайлау әр сайлаушыға аса зор жауапкершілік жүктейтіні аян. Өйткені сайлауға түсіп жатқан 3 үміткердің ішінен келешек ауданды көркейтіп, гүлдендіріп, оның бюджетін әлеуметтік-экономикасын арттыратын азаматты өзіміз таңдап, дауыс беруге тиіспіз. Мен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы ретінде өзгеге үлгі болсын деген ниетпен №286 сайлау учаскесіне алғашқы болып барып, өз таңдауымды жасадым, – деді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өркен Исмаил.
Сайлауда Шиелі ауданында 40 сайлау учаскесі толық жұмыс істеді. Оның әділ өтуін 270-тен аса комиссия мүшесі қадағалады. Аудан басшысын сайлауға 50 701 сайлаушы тіркелген. Аудан бойынша сайлауға қатысатын 237 мүгедектігі бар азамат бар. Көру қабілеті төмен сайлаушылар үшін дауыс беру бюллетеньдерін толтыру ережесі көрсетілген аудиома-териалдар мен трафареттер қойылған. Ал қимыл-қозғалысы қиын мүгедектігі бар азаматтарды тасымалдау үшін бірнеше инватакси қызмет етті. Аудан әкімі сайлауында 388 азамат тасымалдан жәшік арқылы дауыс беруге өтініш жазған.
Иә, халық таңдады, көпшілік қолдады. Ендігі мақсат халық сенімін ақтап, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына халық та, билік өкілдері де «бір жеңнен қол, бір жеңінен бас шығарып», қоян қолтық жұмыс атқару қажет.
АУДАН ӘКІМІ ҚЫЗМЕТІНЕ КІРІСТІ
Дүйсенбі күні облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен аудан әкімдігінің мәжіліс залында актив отырысы өтті. Жиында аймақ басшысы Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған жаңа саяси реформалардың маңызына тоқталып, Шиелі ауданының жаңадан сайланған әкімі Айтбай Насриддинұлын таныстырды.
– Күні кеше екінші рет өткен саяси науқанда Шиелі ауданының тұрғындары бірлік пен татулықтың үлгісін көрсетті. Туған жердің ертеңі, өскелең ұрпақтың жарқын болашағы үшін таңдау жасады, – деді облыс әкімі.
Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Әділбек Ерсұлтанов Шиелі ауданы әкімі сайлауының қорытындысын хабарлады. Ауданда сайлаушылардың 72,91% учаскелерге келіп, олардың 81,2%- ы­ Айтбай Жандарбековті қолдаған. Комиссия төрағасы Айтбай Насриддинұлына аудан әкімінің куәлігін табыстады. Облыс әкімі жаңадан сайланған аудан басшысына алдағы уақытта экономикаға, әсіресе инвестиция тарту, салық базасын ұлғайту, қоғамдық-саяси тұрақтылықты сақтау, жаңа жұмыс орындарын ашу және кәсіпкерлік саласын дамыту бойынша нақты жұмыстар атқаруды тапсырды. Сонымен бірге ауданның ауыл шаруашылығы саласындағы ерекше потенциалын пайдалану керек екенін тілге тиек етті.
Шиеліге қызмет ету – халыққа қызмет ету. Ел сеніміне селкеу түсірмей, аудан халқының әл-ауқатын арттыру – енді жаңа әкімге жүк.
ҚҰРЫЛЫС ЖҰМЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Шиелі ауданына жұмыс сапары кезінде №252 мектеп-гимназияның 375 орындық қосымша оқу ғимаратының құрылысымен танысты.
Аудан орталығындағы мектеп-гимназия 1967 жылы салынған, екі қабатты, газбен жылытылады. Наурыз айында 375 орындық, үш қабатты қосымша оқу ғимаратының құрылысы басталған. Бас мердігер «Ахат+ГС» ЖШС, жоба құны – 625,6 млн. теңге. Аймақ басшысы құрылысты сапалы әрі жылдам жүргізуді тапсырды.
Айта кетейік, жаңа оқу жылында Шиелі ауданының «Жансейіт» елді мекенінде 100 орындық жаңа мектеп ел игілігіне берілді. Аудан орталығында 200 орындық оқушылар үйі мен 50 орындық өнер мектебінің құрылысы жақын арада басталмақ. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 900 орындық мектеп салынады.
Шиелі кентінде 30 төсектік жұқпалы аурулар бөлімшесі мен көпбейінді орталық аудандық ауруханаға қосымша ғимарат қосылып, қайта жаңғырту жұмыстары басталды. Өткен жылы Бала би, Досбол датқа, «Бұланбай бауы» елді мекендерінде медициналық амбулаториялар пайдалануға берілді. Биыл облыс аумағында қолға алынған 11 дәрігерлік амбулаторияның 5-уі «Алмалы», Тәжібаев, «Ортақшыл», «Тартоғай», «Бестам» ауылдарында бой көтермек. Сондай-ақ ауданда «Руханият» орталығының құрылысы қарқын алды. Ендігі мезетте аудан басшысы құрылыстың сапалы аяқталуына баса мән берсе болғаны.

С.МАДИЯРОВА

17 қыркүйек 2024 ж. 80 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930