Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Халық таңдады, көпшілік қолдады

Халық таңдады, көпшілік қолдады

Жексенбі күні елімізде бірінші рет аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерінің сайлауы өткен болатын. Осы сайлауда Сырдария мен Шиелі аудандарының әкімдері қайта сайланды. Пилоттық режимде қолға алынған саяси дода 3 қала мен 42 ­ауданда өтті.
Саяси науқан сәтті өтті
Тарихи сәт таңғы 07:00-ден бастау алды. Сайлау күні аудандағы зиялы қауым өкілдері мен ақсақалдар өздерінің пікірлерін білдіріп, ақ батасын беріп, таңдау жасады. Мұнан бөлек дауыс беруге 18 жасқа толған жеткіншектар де белсенділік танытты. Аудан мен ауылдағы сайлау учаскелері 1-ші, 100-ші, 500-ші, 1000-шы дауыс берушілер мен қатар кәмелет жасқа толған дауыс берушілерге арнайы сыйлықтар табыстады. Одан бөлек, үй жағдайында дауыс берушілерлер де шет қалмай, өздерінің таңдауын жасады.
– Жалпы республика деген ұғым ол халықтың билігі деген сөз. Жергілікті халық билігін өзі сайлап алуы қажет. Қазір парламентте көп өзгерістер орын алуда. Мысалы, тікелей сайлайтын депутаттар бар, көппартия парламенті болды. Мәслихат депуттаттарын облыстың жартысы, аудан мен ауылдық жерлерде тікелей сайлайтын. Ал әкімдер тағайындалатын. Енді халық өзі таңдау жасайды. Халық өз әкімін сайласа, халықтың көкейінде жауапкершілік пайда болады. Жергілікті халық оны сынай бермей көмек береді. Кемшілігі болса айтып тұрады. Біз осы арқылы саяси мәдениетті қалыптастырамыз, – деді Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов.
Иә, аудан әкімдерінің сайлауы еліміздегі саяси жүйенің жаңғырып жатқанының айқын дәлелі. Жергілікті тұрғындар өздері сайлаған билік өкілімен бірге саясатқа белсене араласатын болады. Мұнан бөлек, аудан әкімдеріне бюджетті басқаруға өкілеттік беріледі. Сонымен бірге жергілікті халық өзі тағайындаған билік өкіліне көңілі толмаса, сайланған әкімді орнынан босата алады. Осы ретте, елімізде алғаш рет өткізіліп жатқан аудан әкімдерінің сайлауына қатысты облыстық мәслихат төрағасы Наурызбай Байқадамов былай деді:
– Жалпы адамзат бүкіл өзінің даму тарихында елін басқару жолында әр түрлі кезеңінен өтіп келе жатыр. Әлемдік тарихта өзіндік орны бар қазақ халқы да сайлаудың әрбір жүйесінен өтіп, бүгінгі күнге табан тіреп отыр. Мысалы, қазақ хандығы құрылғанға дейін тайпалық құрылымдардың өзіндік сайлауы болды. Кешегі қазақ хандығы, патшалық, кеңес үкіметі кезінде, тәуелсіздіктің осы уақытқа дейінгі сайлау кезеңінен өттік. Мына сайлау біздің тарихымызда бірінші рет өтті. Қазақ мемлекетінің аудандық деңгейіндегі басшыны сайлауы бірінші рет. Сондықтан мен ойлаймын қазақ мемлекеті саяси жүйені жетілдірудің жаңа бір деңгейіне келді. Бұл неліктен қажет. Біз шешім қабылдауда және халықты осы елді басқаруына араластыруда тікелей мүмкіндік жасап отырмыз. Яғни, сол аудан өкілдері өзінің әкімін сайлайды. Бұрын жергілікті әкім өзі тағайындаған адамның алдында жауапкершілігі көп болатын болса, енді оның жауапкершілігі халықтың алдында көбірек болады. Дегенмен бұл бұрынғы жүйенің түбегейлі өзгеріп кетуі деген сөз емес. Өйткені басқарудың вертикалды деген жүйесі де бар. Енді бұл горизонтал деген жүйесін кеңейту. Сондықтан бұл сайлау нақты өзінің жемісін беруі қажет.
Соңғы өткен сайлауда Сыр тұрғындары өте белсенділік танытты. Таңмен таласа жүріп дауыс берген жандардың қарасы қалың. Ат құлағында ойнаған шабандоздар, білектің күшімен серке тартқан көкпаршылар, жаңадан шаңырақ көтерген жас жұбайлар, отбасымен келген жандар еліміздің ертеңі үшін, бар жұмысын ысырып, айтулы күнде өздерінің таңдауын жасады.
Осы тұста елдің көшін бастауда алғы қатарда жүрген жандардың пікірін тыңдап, ел назарына ұсынғанымыз жөн. Себебі елдің алдында жүріп, ел мен жұрттың жайын айтып, жаны жай таппай жүрген аудан ардагерлері мен жас болса да бас болған жастардың ойы қашанда маңызды.
– Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Жарлығымен Қазақстан бойынша ішінара аудан әкімдерін сайлау жөніндегі бір ай бұрын басталған саяси науқан мәресіне жетті. Бұл сайлау әр сайлаушыға аса зор жауапкершілік жүктейтіні аян. Өйткені сайлауға түсіп жатқан 3 үміткердің ішінен келешек ауданды көркейтіп, гүлдендіріп, оның бюджетін әлеуметтік экономикасын арттыратын азаматты өзіміз таңдап дауыс беруге тиіспіз. Мен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы ретінде өзгеге үлгі болсын деген ниетпен №286 теміржол сайлау учаскесіне таңертеңгі сағ 7:10-да барып, өз таңдауымды жасадым, – деді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өркен Исмаил.
Сайлауда Шиелі ауданында 40 сайлау учаскесі жұмыс істеді. Оның әділ өтуін 268 комиссия мүшесі қадағалады. Аудан басшысын сайлауға 50 402 адам белсенділік танытса, оның 56-сы 90-нан асқан қарттар. Ел ертеңін ойлап саяси науқаннан қалыс қалмауды қалаған 289 мүмкіндігі шектеулі азамат та өз таңдауын жасады.
Сайлау қорытындысы бойынша Нұржан Ахатовқа сайлаушылардың 32 637 дауысы берілсе, Алмасбек Есмахановқа 3143 дауыс берілген. Ал үшінші кандидат Қордабай Нұрғали 2083 дауыс жинаған. Иә, халық таңдады, көпшілік қолдады. Ендігі мақсат халық сенімін ақтап, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына халық та, билік өкілдері де «бір жеңнен қол, бір жеңінен бас шығарып», қоян қолтық жұмыс атқару қажет.

Аудан әкімі қызметіне кірісті
Дүйсенбі күні облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен аудан әкімдігінің мәжіліс залында актив отырысы өтті. Жиында аймақ басшысы Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған жаңа саяси реформалардың маңызына тоқталып, Шиелі ауданының жаңадан сайланған әкімі Нұржан Ахатовты таныстырды.
– «Бұған дейінгі Конституцияға өзгерістер енгізу бойынша өткен республикалық референдумға, Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауына, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының, Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауына аймақ жұртшылығы біркісідей қатысқан болатын. Аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін сайлау – Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының саяси жүйені жаңғырту бойынша қабылдаған шешімінің заңды жалғасы.
Күні кеше елімізде алғаш рет өткен осы науқанда Шиелі ауданының тұрғындары бірлік пен татулықтың үлгісін көрсетті. Туған жердің ертеңі, өскелең ұрпақтың жарқын болашағы үшін таңдау жасады», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Әділбек Ерсұлтанов Шиелі ауданы әкімі сайлауының қорытындысын хабарлады. Ауданда сайлаушылардың 75,2% учаскелерге келіп, олардың 86,2%-ы Нұржан Ахатовты қолдаған.
Комиссия төрағасы Нұржан Сәбитұлына ­аудан әкімінің куәлігін табыстады. Облыс әкімі жаңадан сайланған аудан басшысына алдағы уақытта экономика салаларына, әсіресе, инвестиция тарту, салық базасын ұлғайту, қоғамдық-саяси тұрақтылықты сақтау, жаңа жұмыс орындарын ашу және кәсіпкерлік саласын дамыту бойынша нақты жұмыстар атқаруды тапсырды. Сонымен бірге ауданның ауыл шаруашылығы саласындағы ерекше потенциалын пайдалану керек екенін тілге тиек етті.

Дархан БАЙТІЛЕС
07 қараша 2023 ж. 143 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930