Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » САЙЛАУДА СЫР ЕЛІ КӨШ БАСТАДЫ

САЙЛАУДА СЫР ЕЛІ КӨШ БАСТАДЫ

Қазақстанда сайлауға қатысып, дауыс беру құқығына ие 12 032 578 адам бар. Олардың 54,19 проценті, яғни 6 521 860 отандасымыз сайлау учаскелеріне барып, өз таңдауын жасады. Дауыс берушілердің белсенділігі жағынан Қызылорда облысы 64,95 пайыз көрсеткішпен республикада үздік көрініп, бірінші орыннан көрінді. Саяси аламанда шиеліліктер аса белсенділік танытты. Жалпы аудан бойынша 48 мың 762 сайлаушы болса, оның 393-і биыл алғаш рет дауыс беру құқығына ие болған. Азаматтар қалаған кандидатына дер кезінде дауыс беру үшін 40 сайлау учаскесі үздіксіз жұмыс істеді.
19 наурыздағы саяси іс-шара ерекше күннің бірі болып есте қалды. Кешегі таңдау жасаған күн тарихқа айналды. Тиісінше «Кімді таңдадық? Не үшін ­дауыс бердік?» деген сұрақ үнемі тілге тиек болары анық. Сондай-ақ «Бұл сайлау соншалықты маңызды ма?» деген де ой оралады. Шынтуайтында, бұл сайлауда әр азамат Әділетті, Қазақстанның жайлы тұрмысы үшін аянбай еңбек ететін үміткерлерді таңдады, сайлады. Таңдау мен талғамға келгенде талас жоқ. Дей тұрғанмен, көзі ашық тұрғындар кандидаттарға дауыс бере отырып, елдің алдағы 5 жылдағы заң мен әділдік жолындағы дамуына деген жауапкершілікті де арқалайтыны анық.
Бұл сайлаудың бітімі бөлек, болмысы басқа. Себебі Ұлыстың ұлы күнімен қатар келіп отыр. Соған сәйкес әрбір сайлау учаскесінің алдында ақшаңқан киіз үй тігіліп, қазан көтеріліп, дастархан жайылды. Парламент Мәжілісі мен жергілікті мәслихат депутаттарын сайлау науқанында Сыр елі көш бастады.
Аудан әкімі Нұржан Ахатов та сайлауға орай №285 сайлау учаскесіне барып, өз таңдауын жасады.
– Өткен жылы аймағымыз бен ­ауданымыз үлкен саяси науқанды, яғни ­Президент сайлауын абыроймен өткізді. Бүгін де еліміз үшін үлкен саяси науқан Парламент Мәжілісі және мәслихат депутаттарының сайлауы өтуде. Бұл тарихи күнде де халқымыз бірлік танытып, сайлауда өз таңдауын жасау үшін сайлау учаскелеріне келіп, дауыс береді деген үміттемін, – деді аудан әкімі.
Бағамдасақ, ашықтық пен таңдау еркіне негізделген бұл сайлау – ел болып ертеңді қамдаудың айшықты көрінісі. Сол себепті шежірелі өлке жұртшылығы өткен сайлауға айрықша маңызбен қарады. Әсіресе, ауданның абыз ақсақалдары көпке үлгі болды. Мәселен, №364, №297 сайлау учаскелерінде таңмен таласа 80 жастан асқан ақсақалдар өз кандидатына дауыс беруге келіп, саяси науқандағы белсенділігі үшін арнайы сыйлықтармен марапатталды. Ал Бидайкөл ауылында «Мерейлі отбасы – 2019» ұлттық байқауының республикалық кезеңінде аймақ абыройын асқақтатқан Қиянбековтар әулеті тұрады. Отбасы бақытын үлгі еткен жандар саяси науқанда ерекше көзге түсіп, өз таңдауларын жасады. Бақытын бала тәрбиесінен тапқан Қалкүл әжей жолдасы, еңбек ардагері Әмір ақсақалмен бірге 6 ұл мен 4 қыз өсірді. Құрсағынан өрбіген құлындарымен бірге бүгінде келіндерінің ақылшы, дана анасына айналып отыр. «Отан отбасынан басталады» деген тәмсілді өмірлік серік еткен ақжаулықты ана ел үшін маңызды науқандарда ұдайы белсенділік танытып, қалыс қалған емес. Бүгінде олар 46 немере, 39 шөбере сүйіп отыр. Мәуелі бәйтеректей тамырын тереңге жайған әулет маңызды күнді жақсылыққа балап, сәбидің тұсауын кесті.
Тиісінше ел болашағы үшін маңызды күнде бірліктің үлгісін көрсеткен әулеттің келіндері кезектен тыс президент сайлауында таңдау жасады.
Ал мүмкіндігі шектеулі жандар мен қарттар арнайы жылжымалы жәшік арқылы дауыс берді. Сондай-ақ «Инватакси» қызметі де жолға қойылды. Бір сөзбен айтқанда, ешқандай кедергі жоқ.
Айта кету керек, соғыстың соңғы сардары Сәрсенбек Байжанов та жылжымалы жәшік арқылы үйден өз таңдауын жасады. Дауыс беріп, таңдау жасаған соғыс ардагері:
– Ең бастысы тыныш заман болсын, бейбітшілік пен тұрақтылығымыз арта берсін! Аспанымыз ашық, еліміз тыныш болсын, – деп ақ батасын берді.
«Келешегімізді осы сайлаумен байланыстырамыз». Бұл саяси науқанда шаңырақ көтерген жас жұбайлардың сөзі. Иә, дәл сол күні №364, №273 сайлау учаскелерінде жаңадан отау құрған жас жұбайлар өз таңдауларын жасады. Олар елмен бірге кезекке тұрып, өз дауыстарын берді. Жас жұбайларды құттықтап, тілегін білдірген сайлау комиссиясы оларға сыйлық тарту етті.
Саяси науқаннан ардагер-ұстаз Майра Бірімжанова да қалыс қалған жоқ. Биыл 95 жылдық белесті бағындырған кейуана – Шиелі ауданының төл құрдасы. Сайлауға қатысып, елдің келешегі жарқын, тыныш, аспанымыз ашық болсын деп бата берді.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, саяси науқанда Сыр елі бірлігін көрсетті. Яғни, Сыр өңірі сайлаушылардың белсенділігі бойынша республикада көш басында тұр. Өңірде сайлаушылардың 66,46 проценті өз таңдауын жасады.

Сұлушаш МАДИЯРОВА
21 наурыз 2023 ж. 153 0