Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЕГЕМЕНДІК ОҢАЙ КЕЛГЕН ЖОҚ

ЕГЕМЕНДІК ОҢАЙ КЕЛГЕН ЖОҚ


Біз Қазақстанның 26 жылдық бел-белестеріндегі ғасырға бергісіз сәттердің тарихқа енген жарқын беттерін, әсерлі сәттерін, маңызды мезеттерін тынбастан айтып, қуана еске аламыз, сүйсініп сөз етіп келеміз.

Бұлардың сыртында небір қиындықтар, кедергілер де мол болған. Біз бүгін солардың бірқатарын айта кеткіміз келді. Кейбіріміз ойлағандай, Тәуелсіздік, оның нышандары, жетістіктеріміз оп-оңай келе салған жоқ.
Мың өліп, мың тірілген халқымыздың тарихында 1991 жылы 16 желтоқсан алтын әріптермен айшықталып жазылатын қасиетті де, қадірлі, ең ардақты күн. Қазақстанның 1986 жылғы желтоқсаны бірінші болып социалистік жүйенің селін бұзды. Сөйтіп, 1991 жылы 16 желтоқсан күні Президент Нұрсұлтан Назарбаев қол қойған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Заң да өмірге келді. Маңызы зор құнды құжатты қабылдау оңай болған жоқ. Жоғарғы Кеңестің сессиясында талас-тартыс болды.
– Осы заң керек пе өзі? – Бұл әңгімені қозғамай-ақ қояйық. Мұны бүкіл халық шешсін, референдумға қояйық, – «асықпайық» «Мемлекеттік тіл үшеу болсын – қазақ, орыс, ағылшын тілдері» деп соқты. Депутат Сухов: «Қайда шапқылап барамыз?» деген кертартпа пікірталастар қыза түсіп, Қазақстанда мемлекеттік құрылым емес, АҚШ-тағыдай азаматтық қоғам құрылсын дегенге дейін барды. Мемлекеттік ұлттық сипатының болмауын ұсынды, екі ұдайы пікірлер қалыптасты. Осындай кертарпалармен бірге Жоғарғы Кеңесте ұлт жанашырлары да көп еді. Солардың басымдылығымен Заң қабылданды. Ол Жоғарғы Кеңес тарқап, екі палаталы парламент дүниеге келді, кертарпалардың көбісі Жоғарғы Кеңеспен бірге келмеске кетті. Ұлттық тілді енгізу кезең-кезеңмен жүретін болды.
Астананы Ақмолаға көшіру туралы да талас-тартыс болмай қалған жоқ, Елбасының алысты болжай білетін көреген саясатының арқасында бұл мәселе де оң шешімін тапты. Қазіргі Астана күллі әлемге танымал бола білді. Осы Астана төрінде ел егемендігінің ертеңіне қолайлы негіз қалануына Президент көп күш жұмсап келеді. Республикадағы барлық өнеркәсіптің, ауыл шаруашылығының 95 пайызы Мәскеуден басқарылып келді. Дүкендердің сөрелері тып-типыл босап, ұзын-сонар кезек көбейді, азық-түлік тауарларының бағасы 1 жылда 9 есе көбейді, жалақы, жәрдемақы алынбай қиындықтар туды. Сондықтан, Н.Назарбаев дағдарысты сәттерден аса көп шығынсыз шығып кетуді бірінші кезекке қойды. Тұралап қалған зауыттар мен фабрикалар, жалақысыз қалған жұмысшылардыңереуілдері мен шерулеткен көпшілік, сепаратистік пиғылдағы топтар мен ұлтаралық араздықты қоздыруға дайын тұрған арандатушылар да аз қиындық алып келген жоқ. Егер халық аш-жалаңаш болса, жұмыс таппай, көше кезіп жүрер болса, елдің ішін ұры мен қары билеп кететін болса, сенің қаныңмен суғарып тұрып жеңіп алған Тәуелсіздігің де бақыр құрлы бағасы болмай қалар еді. Ондай «Тәуелсіздіктен» ертең ел-жұрттың өзі қашқан болар еді. Жағдай расында қиын болатын. Тәуелсіздіктің жолы әуелі бастап-ақ теп-тегіс бола қойған жоқ. Егемендігіміздің алғашқы елең-алаңында оның іргесіне қауіп төнген, қатар тұрған сәттер аз кездеспеді. Мұны елінің тағдырын сеніп тапсырған дара басшысы Н.Назарбаев шеше білді.
Қазақ елінің тұңғыш Елтаңбасы мен Әнұраны талай талқыдан өтті. Қандастарды атажұртқа тартуда да талай тартысты сәттер болды.Қытайдан, Өзбекстаннан отандастарымыз оп-оңай оралған жоқ. Шекаралас шептерімізді шегендеп шығуда да көрші елдің Солженицын, Жириновский, тағы басқалардың ауыр сөздерін тыңдауға тура келгенмен ол да өзінің оң шешімін тапты. Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылуы, Қазақстанның тұңғыш жер серігінің ұшырылуы, төл теңгенің айналымға түсуі, Астана саммиті талайларды тамсантып, ел мәртебесін көтеріп, кейбіріне қызғаныш та тудырды. Елімізде жүздеген зауыт, фабрикалар ашылып, кең орындары дүниеге келді, өз елімізді өзіміздің күшімізбен қамтамасыз етуге қол жеткізілді, «Нұрлы жол» бағдары жүзеге асырылуда, дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болдық, БҰҰ-ға мүше болдық. Еліміздегі индустриялық революция, әлеуметтік-экономикалық даму кезеңдері, мәдени дамуымыз оп-оңай келе қалған жоқ. Оған да ширек ғасыр өтті. Біз әрдайым осылайша биіктерге ұмтыла беретін боламыз.
Алтай АЙЫП.
08 желтоқсан 2017 ж. 1 386 0