Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ТАҒЛЫМҒА ТОЛЫ ШАРА

ТАҒЛЫМҒА ТОЛЫ ШАРА

Билігін тақ басындағы ханға да, отбасындағы қараға да әділ жүргізген билерден бастау алған Ата Заңның 29 жылдығына арналған іс-шаралар өз жалғасын табуда. Соның бірі – Шиелі индустриалды-аграрлық колледжінде өткен ауқымды шара.
«Ата Заң – мәңгілік елдің берік тұғыры» деп аталатын салтанатты жиынды қоғамдық даму бөлімінің «Ұлттың тұрақты дамуын қамтамасыз ету, тұрғындар арасында бірлікті, әлеуметтік оптимизм мен болашаққа деген сенімділікті нығайту» әлеуметтік жобасының тапсырысы аясында ұйымдастырған.
Алдымен ҚР Мемлекеттік Туы, Елтаңбасы мен Конституция кітабы салтанатты түрде кіргізіліп, Әнұран шырқалды. Сонан соң кештің алғы сөзін Шиелі индустриалды-аграрлық колледжі директорының орынбасары Бақтияр Дайрақұлов алып, Ата Заңның Тәуелсіз еліміздің тарихында алар орнының ерекше екенін атап өтті.
Іс-шараға колледж студенттері мен ұстаздары, Тәжік-Ауған соғыс ардагерлері, Чернобыль АЭС-ның ардагерлері, Ауғанстан соғыс ардагерлері, «Желтоқсан көтерілісі» ардагерлері қатысты. Сонымен бірге Астана қаласының заң косультанттар палатасының заң консультанты Н.Байменов пен Шиелі қоғамдық даму бөлімінің бас маманы Г.Махан мерекенің маңыздылығына тоқталып, жиналған қауымды құттықтады.
Ата Заңның қасиеті мен маңыздылығы дәріптелген мерекелік шарада отаншылдық тақырыбындағы патриоттық әндер шырқалып, арнайы алғыс хаттар табысталды.

«Өскен өңір» ақпарат
09 қыркүйек 2024 ж. 91 0