Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ДИҚАН ЕҢБЕГІ ЕШ БОЛМАСЫН ДЕСЕК

ДИҚАН ЕҢБЕГІ ЕШ БОЛМАСЫН ДЕСЕК

Адам баласы қай тірлікті бастаса да үлкен үміт күтеді. Кейінгі жылдары қауын-қарбыз еккен диқандардың еңбегі еш болып, үлкен қиындықтарға тап болуда. Оның себебі – дайын өнімді сататын орындардың болмауында. Соның салдарынан несиеге егін егіп, есепсіз еңбек еткен диқандардың үміті ақталмай, тұрмысы төмендегені қаншама?
Кеңес одағы кезінде әр теміржол станциясының тұсында қауынбаздар жұмыс істеп тұрды. Диқандар сол қауынбаздарға тонналап қауын өткізіп, ақшасын бірден есептесіп отырды. Егіннен тапқан нәпақасына үй салды, көлік мінді, балаларын оқытты, бір сөзбен айтқанда, әлеуметтік жағдайлары көтеріліп қалатын. Мен өзім де 15 жылдай қауын ектім. Егін піскенде көлікке тиеп, өзге қалаларға тасымалдайтынбыз. Ол уақытта үлкен қалаларда қауын қабылдайтын жеміс-жидек базарлары болды. Одан бөлек Ресейдің Москва, Омбы, Самара қалаларындағы зауыттармен келісім жасап, өнімді жеткізіп беріп отырдық. Одақ тараған соң мұның бәрі тоқтады. Енді не істемек керек? Қазір ауданда кәсіпкерлер палатасы, кәсіпкерлер бөлімі жұмыс істеп тұр, мамандары жеткілікті. Осы мекемелер Ресейге іссапарға шығып, сол жақтағы зауыттармен не үлкен сауда желілермен тез арада келісім-шарт жасауы қажет. Мысалы, кішкентай ғана Израиль елі диқандарының өнімін өз елінен бөлек қаншама шетелге экспорттап отыр. Осындай тәжірибені біздің жауапты мекемелер зерттеп, іске кірісетін уақыт жетті. Сөзімнің соңын «Оян қазақ, оянатын кез келді, Уақыт шіркін күтпейді енді біздерді» деп аяқтағым келеді.

Әлияр СЕЙТОВ,
су шаруашылығы ісінің үздігі,
еңбек ардагері
04 қыркүйек 2024 ж. 131 0