Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Өңір өнімдері экспортталуда

Өңір өнімдері экспортталуда

Бүгінгі таңда облыста ауыл шаруашылығы саласы тұрақты дамып келеді. Әсіресе өзімізде өндірілген өнімдерді экспорттау бойынша жұмыстар жүйелі түрде жүруде.
Мәселен, жыл басынан бері Қызылорда облысынан 30 мың тоннаға жуық ауыл шаруашылығы өнімдері шет елдерге сатылды. Экспортталған өнімнің 91,9 процентін күріш дақылы құраған. Ал облыстан өнім сатып алып отырған елдер қатарында ­Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Әзірбайжан, Өзбекстан, Моңғолия, Тәжікстан, Түркмения, Түркия, Ирак мемлекеттері бар. Мұнан бөлек аймақтан еуропаның Польша, Германия, Чехия, Австрия, Дания, Нидарланды мемлекеттеріне 1 мың тоннадан астам балық пен 1100 тонна қамыс, 155 тонна бидай қалдығы жөнелтілген. Нәтижесінде өткен жылмен салыстырғанда қамыс экспортының үлесі 20 процентке артып отыр.

Шиелі ауданы қауын мен қарбыз экспортын жолға қоймақ
Өткен жылы ауданнан 407 тонна ақ күріш, 876 тонна қарбыз, 388 тонна қауын және 150 тонна қызанақ өнімдері Ресей және Қырғызстан елдеріне, мұнан бөлек еліміздің Нұр-Сұлтан, Алматы, Қостанай, Қарағанды, Ақтөбе, Жезқазаған облыстарына 284 тонна ақ күріш, 22 тонна қарбыз, 40 тонна қызанақ және 128 тонна жоңышқа шөбі жөнелтілген болатын.
Биылғы жылғы көрсеткіштер де жаман емес. 8 айдың ішінде Шиелі ауданынан шет мемлекеттерге 1046 тонна ауыл шаруашылығы өнімдері жөнелтілген. Әсіресе қарбыз бен қауынның үлесі басым болып тұр. Атап айтсақ, Ресей Федерациясына 421 тонна қарбыз бен 275 тонна қауын, 20 тонна ақ күріш экспортталған екен. Сондай-ақ Қазақстанның басқа да облыстары мен қалаларына биыл 20 тонна ақ күріш, 63 тонна қарбыз, 17,5 тонна қызанақ, 2,5 тонна қауын, және 25 тонна жоңышқа шөбі жөнелтілген.

Қолда бар алтынның қадірі жоқ
Қазіргі басты мақсат – шаруаның жаз бойы төккен тері мен еңбегін еш кетірмей ауыл шаруашылығы өнімдерін сату, одан қалды экспорттау. Дегенмен ауданда осы өнімдерді сақтайтын қойма болғанда қыс пен көктем айларында бағасы бірнеше есе аспандап кететін ауыл шаруашылық өнімдерінің бағасын ұстап тұруға мүмкіндік туар еді.
Айтып отырған қоймамыз болмайтын, реті келмейтін іс емес. Себебі ертеректе Кеңес Одағы тұсында аймақта көкөніс, жеміс-жидек қоймалары көп болған. Ауданның өзінде кенттегі үлкен қоймадан бөлек, Тартоғай мен Бәйгеқұм ауылдарында қауынбаздар жұмыс істеген. Бұдан өзге өңірде томат шығаратын 3 ауысымды цех те үздіксіз қызмет етіп тұрған сол заманда. Қазір осы тәжірибені қайта қолға алу керек. Аудандағы ауыл шаруашылығы саласының майталманы Әлияр Сейітов те азық-түлік қоймасының қажеттілігін айтуда:
– Кеңес үкіметінің кезінде осы қоймалардың арқасында Шиелі диқандары аудан халқынан бөлек бүкіл Мәскеу мен Сібірді қауын-қарбызбен қамтамасыз етті. Егер сол қоймалар қайта ашылып, қауынбаз қайта құрылса, халықтың әлеуметтік жағдайында да оң өзгерістер болар еді. Жаңа жұмыс орындары ашылады, бастысы өнімді өткізуде мәселе болмайды. Бізде жер бар, ел бар, су бар, егетін диқан бар, тек сататын, өткізетін жер жоқ, – дейді.
Расымен жылдың қай мезгілінде де бағаны бірқалыпты ұстау үшін көкөніс қоймаларының орны ерекше. Ең бастысы – өзімізден шыққан өнімді көктемге дейін жеткізіп, халыққа қолжетімді бағада сату. Жыл сайын диқандар мол табысқа жеткенімен, көкөніс сақтайтын қойма тапшылығынан төккен тер мен еткен еңбек зая кетуі қалыпты. Себебі шаруа біткен қойма болмаса, қолдағы барын ұзақ мерзімге сақтай алмайды. Осындайда «Қолда бар да алтынның қадірі жоқ» деген тәмсіл еріксіз ойға оралады.

Рамазан ӘНӘПИЯ
15 тамыз 2022 ж. 249 0