ҚЫСТА ҚАУЫНДЫ САҒЫНДЫҚ
Қауынның дәмі құрып барады. Шиелінің бал татитын баяғы қауындары жоқ бүгін. Бұл көпшілікті ойландырып, диқандардың мазасын алып отыр. Қауыны күріштен кейінгі брендіне айналған шиеліліктер үшін бұл – үлкен мәселе.
Күздік қауын сорттары Қызылорда облысымен қатар Түркіменстандағы Шаржоу, Өзбекстандағы Хорезм аймақтарында ғана өсіріледі екен. Алайда, аталған өнімнің Отаны бола тұра, соңғы уақытта дәмі тіл үйірер қауындарды кездестіру қиындап кетті. Оған қоса тұтынушылардың аталған бақша өсімдігінен улану деңгейі де жоғарылаған. «Кеңестік кезеңде қауын-қарбыздың дәмі керемет болатын еді. Әсіресе, күн ыстықта қып-қызыл қарбыздың бір тілімін жеп алсаң, шөлің басылып қалатын. Қауындар шекер татып тұратын. Ал, қазіргілердің дәмі жоқ. Бұл тыңайтқыштарды көп қосқандықтың салдарынан болса керек-ті», – дейді ақсақалдар. Рас-ау. Оның үстіне топырақтың тұздануы, арамшөптердің бейімделіп алуы, «қауын шыбыны» деп аталатын зиянкестің шығуы да қолды байлап келеді. Бұған қоса бақшашылар қауын тұқымдарының түрлерінің бір-бірінен белгілі бір қашықтықта орналасуына мән бермейтін көрінеді. Соның салдарынан тұқымдар будандасып, белгісіз қауын түрлері пісіп жетіледі. Мұның барлығы бақша өнімінің сапасына әсер етпей қоймайды. Ал, қауынның дәмі жоғалған сайын сатып алушылар да азайып барады. Диқандар ала жаздай еткен еңбегінің жемісін көрер шақта қауын-қарбызын өткізетін жер таппай әуре-сарсаңға түседі. Алатын адам тапқанның өзінде болмашы тиын-тебенге бағаланып жатады.
Осындайда заманында аудан орталығында дүркіреп тұрған қауын базасын еріксіз еске аласың. Кеңес одағы кезінде бақшашылар әңгелек, ақ жәмбілше, колхозшы, әміре, қара күләбі мен торлама, саржауын аудан орталығында орналасқан теміржол бойындағы аталған ірі қауын базасына өткізген екен. Тәуелсіздік алғаннан кейін жекешелендіру кезінде бұл орындар ескерусіз қалып, жұмысын тоқтатқан. Содан бергі жағдай осы.
Үлкендердің аузынан сол қауынбаздың жұмысы қайта жанданғанын қалайтынын жиі естиміз. Иә, ел тілегі орындалса егіншілер қауынын сатып алатын адамды, өнімін тиейтін көлікті іздеп сабылмайтын еді. Егер қауын базасын іске қосу мүмкін болса, дәл бұрынғыдай емес, жаңа технологиялармен жабдықталатыны анық. Бұл мәселе бойынша аудан әкімдігі тиісті жұмыстарды жасап, инвестор тартуға әрекет етіп жатқанын білеміз. Тек іс оңынан болсын демекпіз. Сол кезде «Шиелінің қауыны» деп менмұндалап тұратын белгі салу ескерусіз қалмағанын қалар едік. Бұл халықтың сенімді түрде алуы үшін, бастысы, санитарлық-тазалық үшін таптырмас дүние болары сөзсіз. Олай дейтініміз, көпшілік қауынды жаз басталса қаптап кететін жабайы сауда нүктелерінен алуға мәжбүр. Оның қай жақтан келіп жатқаны белгісіз, шаң басып жатқан өнімді тұтынушылар «уланып қалмаймыз ба?» деген күдікпен алады. Қауын жуылған, осы жердікі екенін білдіретін мөр немесе басқа белгісі болса, оған тұтынушылардың да сұранысы артар еді. Себебі, дәл қазір халық таза, табиғи, жергілікті өнімге зәру. Шиелі қауындарын солтүстік аймақтарға үздіксіз өткізуді үйлестіру заман талабы. Орталық және солтүстік облыстарға өнім тасымалдаудың жолын тапсақ. Мүмкін, солтүстік аймақтан құрылыс заттарын тасымалдайтын жүк көліктері қайтарында бос кетпей, шиелілік қауындарды тиеп кетер.
Бұл іс аудан кәсіпкерлерінің үлкен кооперативке бірігуі арқылы жүзеге асу керек деп ойлаймыз. Айтпақшы, жуырда Қызылорда қаласындағы Ы.Жақаев атындағы қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында қауынның сапалы сорттарынан 300 келі тұқым әзірленіпті. Аталған институтпен аудандық ауыл шаруашылық бөлімі тығыз байланыс орнатса нәтижелі жұмыс болар ма еді? Қалай болғанда да ауданның «бренд» өнімі мен одан дайындалатын қағы мен қауын құртын өндіру назардан тыс қалмаса екен.