ӨНЕРТАПҚЫШ ӨРКЕН

– Велосипедті бір айда жасадым. Басында ойдағыдай бола қоймады. Бірақ қайтсемде жасап шығамын деп мақсат қойдым. Қажетті құралдарына 30-35 мың теңгедей қаржы кетеді, 50-60 келі салмақты көтереді. Сантехникалық құбырды 300 градуста қыздырып, ерітіп бір-біріне жалғап шықтым. Бұл велосипедке жылу жүргізуге де болады. Келесі кезекте пластикалық құбырдан үлкен киіз үй жасауды ойластырып жатырмын. Ағаш сынса қалыпқа келмейді, темір – шіриді, ал пластик ұзақ уақытқа шыдайды, сынса да қалыпқа келтіру оңай. Сондықтан осы материалды таңдадым, – дейді өнертапқыш Өркен. Өркенді әлеуметтік желіден байқап қалған инвестор, бизнес-философ, қоғам қайраткері Марғұлан Сейсенбай онымен кездескісі келетінін жариялайды. Көп ұзамай Өркен әкесі және ағасымен бірге танымал тұлғамен жүздеседі. Бұл туралы М.Сейсенбай өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында: – ...Мен Өркенге мидың өзінің барлық армандарын шындыққа айналдыра алатын ерекше орган екенін айтып жеткізуге тырыстым. Оның бойындағы креатив пен табысқа жету талпынысы арасында тікелей байланыс орнағанын қаладым. Идеяда бастысы оның масштабы емес, бірегейлігі екенін көрсеттім. Оның кішкентай ғана креативті идеясы менің оны іздеуіме себепші болғанына назар аудардым. Идеялар осындай мықты күшке ие! Оған қазақтың Илон Маскы бол деп батамды бердім және оның болашағын қадағалап отырамын деп уәде бердім, – деген жазба қалдырған. Ұлының жетістігіне қуанған анасы Айгерім Алмаханова: – Өркен – бес баланың ортаншысы. Кішкентайынан лего құрастыруға қызығады және құрылыс құралдарынан, ағаштан бұйымдар жасайтын өнері бар. Марғұлан Қалиұлы оны әлеуметтік желіден көріп, шақыру жасады. Алланың қалауымен Марғұлан Қалиұлының батасын алды. Ол Өркенге Ұлыбританияға ағылшын курсына жолдама, электро велосипед сыйлады. Өркеннің алдағы өміріне үлкен мотивация болды. Ата-анасы ретінде қуанышымызда шек жоқ. Марғұлан Қалиұлына алғысымызды білдіреміз, – дейді. Қазақ жері он саусағынан өнер тамған шеберлерге кенде емес. Ұлттық өнердің алтын арқауы саналатын қолөнершілердің ізін заманға сай жалғаған Өркеннің өнері көрген жанды тамсандырмай қоймасы анық. Заманынан оза туған өнертапқыш ұлға Жаратқан сыйлаған қарым-қабілет пен көңілі құлай сүйген іс арқылы елге қалтқысыз қызмет етсін деп тілейміз.
Гүлхан СӘБИТҚЫЗЫ