Алматы облысында 11 жасар жеткіншек трактор айдап, ата-анасына қолғабыс етіп жүр
Қарт Қаратаудың бөктері мен, ана Билікөлдің қойнауындағы Майтөбе де "Шопыр бала" атанып кеткен 11 жасар Үмбетәлі Нұржанұлы тұрады. Ол 5 жасынан бастап, жеңіл көлік, 7 жасынан бастап трактор айдап үйренген. Бүгінде шөп руллондап, май ауыстырып, әкесіне қолқанат болып жүр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Үмбетәлінің темір көлікті тізгіндеуіне атасы Сейсенбек ықпал еткен. Үш жасынан бастап, алдына отырғызып, жол ережесін жаттатып, қалай от алдыру керектігін, тежегіш басу, жылдамдықты ұлғайтуды көрсетіп, кейін келе ауыл сыртына шыққанда, тізгінді беретін болған.Ата-анасы ұлының еңбекке ерте араласқанына дән риза.
"Үмбетәлі үйдің тұңғышы. Бауырларына қамқор, жанашыр. Ұлымды атасы қасына ертіп жүріп, өз бойындағы барлық жақсы қасиеттерін немересінің бойына сіңірді. Мені де әкем жастайымнан еңбекке баулыған болатын. Одан жаман болмадым. Үйренгені өзіне жақсы", – дейді әкесі Нұржан.
Қара шаңырақтың тұңғыш немересі ауылда мал қора тазалап, жем-шөп беріп, отын тасып, барлық тіршілікті өз мойнына алып, еңбекқор болып өсіп келеді. Соңынан ерген 9 бауырына өзін тірек, жауапты сезінеді. Үмбетәлінің бір әке, бір анадан 7 бауыры бар. Екі жиен немере бауырын да еш бөтен тұтпаған. Әңгіме барысында атасының аманатын айтып, 9 бауырына өзінің қамқорлығын аямайтынын тілге тиек етті. Сол 9 баланы жеңіл көлікпен сабаққа алып барып, алып келу де Үмбетәлінің міндеті екен.
Өкініштісі, қаршадай бала жақында ғана атасы Сейсенбектен айырылған. Қайғылы жағдайға әлі сенбей жүрген оқушы өзін еңбекке баулыған атасын есіне алып, көз жасына ерік берді. Әрі атасының қожалығын дамытуға бар күшін салатынын айтты.
"Маған 5 жасымда атам жеңіл көлікті басқаруды үйретті. Ал 7 жасымда әкемнің қасында жүріп трактор айдауды үйреніп алдым. Жақында атам дүниеден озды. Түсіме кіріп "Шаруашылықты өзің игер. Ауылдағы тіршіліктің бәрін сен басқарасың" деді. Мен атамның өсиетін орындағым келеді", – дейді Үмбетәлі.
Малдың қамын ойлап шөп жинап жүрген балақай ауылындағы құрдастары сияқты ойнауға уақыты жоқ. Тіпті өз еңбегін мақтана көрсетіп, көсіле сөйлемеді. Уақыты жоқ. Бірден тракторға отырып іске кірісіп кетті.
https://stan.kz