Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Миллионға зират тұрғызу қаншалықты дұрыс?

Миллионға зират тұрғызу қаншалықты дұрыс?

Елімізде құнынан адам шошитын зәулім зираттар бар екен. Бағалары баспана құнынан кем түспейді. Мәрмәрдан құйылған молалардың құрылысына он миллион теңгеге дейін қаражат жұмсалады екен. Миллиондар жұмсалған молалар марқұмдардың абыройын арттыра ма? Сәні мен сәулеті келіскен кесенелерге тыйым салатын орган жоқ па? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.


Сәулеті зәулім сарайға бергісіз кесенелер мен қамал етіп қоршалған қорымдар соңғы уақытта тіпті әзілкештердің нысанына да айналуда. Алыс-жақын елдерден тасымалданатын күмбездерінің күнге шағылысқанына енді көз үйренгендей болып еді. Енді тірі жүргендер ет жақындарына әдейілеп жер сатып алып қоюды қолға алған. Ал, қарапайым тұрғындар болса бұған қарсы.             
«Ашық қылып қоршау керек. Себебі, салауат айтып тұру керек. Қайтқан адамға салауат айтып тұру керек. Сондықтан кіндіктен төмен қылып істеген дұрыс. Сосын ашық тұру керек темірден. Анау мазар салу ол дұрыс емес».
« Мәдина шахарында болған кездерімізде әл-Бақиқ деген пайғамбарымыздың жаңағы өзінің сахабалары өзіне жақын адамдары жерленген үлкен бір қабір бар. Сол қабірді көрсеңіз сонда бір қайтқан ұлы сақабалардың бастарында бір 4-5 тас қана үйіліп жатыр. Басқа ештеңе жоқ. Оның басында мазар да жоқ, кесене де жоқ мысалы».
Бұрынғы кесенелердің дені иленген балшықтан тұрғызылған. Уақыт өте келе, саз кесек жаңбырмен үгітіліп жермен жексен болады. Діни мамандар шариғатта осыған рұқсат етілген дейді. Ал, исламда астамшылдыққа, ысырапшылыққа жол беруге болмайды деп отыр.
Біреудің қайғысын қып-қызыл бизнеске айналдырған пысықайлар болса, ұлтарақтай жерге қыруар қаржы сұрайтын көрінеді.  
«Үлкен мынау мешіт сияқты зират алатын болсақ оның құны общий жұмысымен есептегенде бес мың штук кірпіш кетеді. Жұмысының өзі 800 мың теңге көлемінде шығады. Орта есеппен екі-үш миллионның жобасында шығып қалады. Ал, қарапайым зиратыңыз 200-300 мың жобасында шығып қалады» — деді Ақмола облыстық Науан Хазірет мешітінің зиратқа жауапты қызметкері Ербол Мырзатаев.
Жақында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қабірді қоршаудың ережелерін ұсынды. Басқарма жанындағы Ғұламалар Кеңесі қорымдар аяқ асты болмау үшін тек сыртын ғана қоршап қою қажет деген пікір білдіріп отыр.
«Біз сол жерлеу рәсімінде бір стандартты бекітейін деп отырмыз. Оны нақты айтып кететін болсақ жерлеу орынға 2-3 шаршы метр алаң ғана беріледі. Оны көтерген кезде бір метр биіктікке ғана көтеруді біз ұсынып отырмыз» — деді Ақмола облыстық Науан Хазірет мешітінің бас имамы Қуаныш Сәбит.
Сонымен мүфтият жанындағы ғұламалар кеңесі қабылдаған қағидаға халық қаншалықты құлақ асады? Пәтуа — бекітілген заң емес. Десе де, имамдар қабірдің топырағын түйенің өркешіндей биіктікте ғана жерден көтеруге, оның басына аят, құраннан үзінді жазып, кішігірім белгі қоюға шақырады. Тоқтық немесе жоқтықтың адамы болсаңыз да, баратын орныңыз бір жер екені аян. Ал, бес күн жалғанда қалғанының бәрі ысырап пен астамшылдық, дейді дін өкілдері.

25 мамыр 2018 ж. 1 444 0