Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМНІҢ ЖҮГІ АУЫР

ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМНІҢ ЖҮГІ АУЫР

Жедел жәрдем. Жан алқымға тығылғанда әр секундтың бағасын ұғындыратын құнды қызмет. Дәл осы жедел жәрдемнің мамандары дер кезінде көмек көрсетіп, соның арқасында талай пенденің шырағы сөнбеуіне үлес қосуда. Айта кетейік, жедел жәрдем тек аудан ішінде ғана емес, ауданға қарасты тегіс ауыл-аймаққа қызмет көрсетеді.

АЛҒЫС АЗ, ЖҰМЫС АУЫР
Ойда-жоқта басы ауырып, балтыры сыздаған жан дерттің шипасын іздеп, әуелі жедел жәрдем қызметіне жүгінеді. Шүбәсіз шындық. Күні-түні бір демде жетіп, білік пен тәжірибені ұштастыра отырып, дереу шешім қабылдау, жоғары әрі кәсіби көмек көрсету екінің бірінің қолынан келе бермейді. Сондықтан болар жедел жәрдем мамандары өз ісіне әбден машықтанған, төзімі болаттай берік, құтқару ісінде тәуекелге бас тігер батыл жандар. Осы орайда біз аудандағы жедел жәрдем бөлімінің жұмысын тілге тиек етеміз. Шиелідегі 4-ші жеңілдік санатындағы жедел-жәрдем бөлімі 2018 жылдан бастап халыққа қызмет көрсетеді. Қазіргі таңда бұл бөлімшеде 23 фельдшер, 8 шақыртуды қабылдау диспетчері, 8 жүргізуші бар. Бір күн күндізгі және түнгі екі ауысымнан тұрады. Әр фельдшерге бір жүргізуші бекітілген. Бөлімшеде дефибриллятор, портативті оттегі, зембіл сияқты бірқатар қажетті жабдықтар бар. Фельдшерлердің қораптарында керекті дәрі-дәрмектер үнемі жаңартылып отырады.
– Біздің ұжымның жауапкершілік сезімі барлығынан жоғары тұрады. Әр маман үлкен жүйенің ажырамас бір бөлігі тәрізді жедел әрі бірігіп жұмыс істейді. Себебі біздің құтқаруға асығатынымыз ең құнды байлық – адам өмірі, – дейді фельдшер Гүлжайна Мақсұтқызы. Айта кетейік, жедел жәрдем тек аудан ішінде ғана емес, ауданға қарасты тегіс ауыл-аймаққа қызмет көрсетеді.
МАЗАСЫЗ, БІРАҚ МАҢЫЗДЫ БІР КҮН
Телефон атаулыға тыным жоқ. Бірінен соң бірі бебеулеп барады. Шақырту қабылдап отырған дәрігерлер, межеге жеткенше асығатын көлік жүргізушілері, дәрі-дәрмек қобдишасын жанынан бір елі қалдырмайтын фельдшерлер. Бұл – күн-түні халық денсаулығын назарда ұстап, дертіне дауа іздеген науқастардың өміріне араша түсетін медицина қызметкерлерінің күнделікті қауырт жұмысы. Фельдшерлік құрамның таңғы ауысымы 08:00-де басталады. Түнгі ауысым кезінде кезікшілікте болған қызметкер шақыртулар жайлы толық ақпаратты күндізгі кезекшілікке келген маманға тапсырады. Бұл деректер дәрігердің науқастар жайымен жақсы таныс болуы үшін қажет. Мамандардың айтуынша, тәулігіне кем дегенде 20 шақырту болады. Олар шұғыл, созылмалы деп бөлінеді. Кейбір айларда 50-60 шақырту түсетін уақыттар да кездеседі. Кезекшілікті қабылдап алған фельдшердің келесі міндеті – жүргізушінің жұмысқа кірісуін қадағалау. Қан қысымын, жүргізушінің жалпы жағдайын тексеру оны көлікті басқарып, шақыртуларға шұғыл жете алуы үшін қажет. Медициналық халаттарды иығымызға іліп, өзімізді дәрігер сезініп шақырту күтіп отырған біз фельдшерді әңгімеге тарттық.
– Көп адам ең тынымсыз жұмыс деп есептесе де, маған өз қызметім ұнайды. Шұғыл шақыртулардың көп болуына байланысты кейде үлгермей жатамыз. Өзім осы мамандыққа деген махаббатымның арқасында кезекшіліктерге, жедел түрде көмек көрсетуге асығуға үйреніп алдым, – дейді Азамат Есжанов. – Алло, «Жедел-жәрдем» бөлімшесі... – Айта беріңіз, қандай шағымыңыз бар? Мекен-жайыңызды толық айтыңыз» Міне, біздің естіген таңертеңгілік алғашқы қоңырауға жауап осы болды. Тұтқаның арғы жағында бейтаныс адам денсаулығына шағымын айтып жатты. Осы кезде кезекшілік қызметтегі фельдшерлік құрам да жолға шығуға даяр тұрды. Киген халаттарының түсіндей аппақ жүректерін қолына алып асығып бара жатқан жандардың бір күндік жұмысын бірлесіп атқаруды көздеген біздің кезекшілігіміз осылай басталды. Бұл сағат тілі 11:00-ді көрсеткен кез болатын. Қалам-дәптерімізді қойынымызға алып, сыртқа шығып үлгерген Азамат Есжановтың соңынан ере шыққанымызда «жедел жәрдемнің» жүргізушісі Қайрат Маханбет көлікті дәл шыға беріске әкеліп үлгерді. Көзді ашып-жұмғанша шақырту түскен үйге жетіп, тоқтадық. Көмек ұзақ уақыттан бері демікпесі бар және жүрегі ауыратын қарияға қажет болды. Өз ісінің маманы жедел түрде науқастың қан қысымын өлшеп, тамырына дәрі салып жатып, бізді жағдайға қанықтырды.
– Науқастың аталмыш дертпен ауырғанына біраз уақыт болған. Дәл қазір ентігуін тоқтатып жатырмыз, – дейді фельдшер. Бұл күні медицина қызметкерлері мен журналистерден жасақталған құрам 7 шақыртуға барып, қызмет көрсетті. Азамат Есжановтың айтуынша, шақыртулар әдетте бұдан көп болады, тіпті 20 жететін кездері де болады. Көбіне қоңырау созылмалы аурулары бар науқастардан келіп түседі. Яғни артериалды гипертензия, дене қызуының күрт көтерілуіне, асқазан-ішек жолдарының дисфункциясына шағымданады екен. Осылайша бір күнде шақырту түскен біршама үйде болдық. Дәрігерлерді қайдам, соларға еріп жүріп, біз де қатты шаршадық. Бір сәт өзімізді «жедел жәрдем» қызметкері ретінде сезініп, абзал жандардың халыққа қызмет көрсетуі кезінде ұшырасатын қиындықтарын, жұмыстарының өте мазасыз және ауыр екенін сезіндік, көзбен көрдік. Міне, біз куә болған «жедел жәрдемнің» қауырт күндері мен түндері осылайша жалғаса береді. Мен бөлімшеден шығып бара жатқанда телефон тағы да шырылдап жатты...
ДЕНСАУЛЫҚ САЛАСЫНДАҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР
Иә, соңғы уақытта Шиелі ауданының денсаулық саласында елеулі өзгерістер бар. Өткен жылы 1 млрд 285 мың теңгеге Бала би, Досбол датқа, Бұланбай бауы елді мекендеріндегі медициналық амбулатория ел игілігіне тарту етілді. Сондай-ақ биыл облыс көлемінде 11 дәрігерлік амбулатория құрылысын жүргізу жоспарланса, соның 5-еуі киелі мекенге тиесілі. Жалпы құны 1,6 млрд теңгені құрайтын дәрігерлік амбулаториялардың құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Сонымен қатар Шиелі кентінен 30 төсектік жұқпалы аурулар бөлімі ғимаратының құрылысына «Ауылдық денсаулық сақтауды модернизациялау» Ұлттық пилоттық жобасы аясында 2,3 млрд теңге қардының осы жылға 1,3 млрд теңгесі қаралып, қажетті жұмыстар жүруде. Қоса кеткен жөн, кенттегі көпбейінді орталық аудандық аурахана ғимаратына блок қосылып, МРТ құрылысын орнаутуға 733 млн теңге бөлінген. Құрылыс жұмыстары да басталуда. Нақ осы жылы 14 жедел жәрдем көлігі табысталғаны тағы бар. Оның екеуі жоғарыда біз жұмысын көрсеткен 4-ші жеңілдік санатындағы жедел жәрдем бөліміне тиесілі.
Сұлушаш МАДИЯРОВА

13 тамыз 2024 ж. 310 0